Аймақ басшысы жаңа көлік өткелінің құрылысын тексерді

Аймақ басшысы Берік Уәли ескі автогуж көпірінің жанында салынып жатқан жаңа көлік өткелінің құрылысын тексерді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұзындығы 810 метрге жуық, ені 21,5 метр болатын нысанның құрылысы 2022 жылы басталған. 2022-2024 жылдары жобаны жүзеге асыруға 16,7 млрд теңге бөлінді. Биыл республикалық бюджеттен 10,3 млрд теңге қарастырылып, оның 5,5 млрд теңгесі игерілді.
Көпірге 9 тірек орнату көзделсе, қазіргі уақытта оның алтауы дайын. 9 мың тонна металл конструкцияның 2,5 мың тоннасы қойылды. Құрылысқа қосымша 19 млрд теңге қажет.
Биыл өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінен кейін ҚХР Төрағасы аймақ елдеріне қайтарымсыз грант берілетінін атап өткен болатын. Аталған көпір құрылысын қаржыландыруды қайтарымсыз грант есебінен шешу жөнінде облыс тарапынан ұсыныс беріліп, бастама Президенттің қолдауына ие болды. Үкіметке тиісті тапсырма берілген болатын.
Бүгінде нысанда 15 техника жұмылдырылып, 120 жұмысшы екі ауысымда еңбек етіп жатыр. Құрылысты 2026 жылғы тамызда аяқтау жоспарланған.
Облыс әкімі мердігер компанияға жыл соңына дейін көпірдің бірінші кезеңін аяқтап, көліктердің жүруіне жағдай жасауды тапсырды. Екінші кезеңде қамтылатын асфальт жабынын төсеу жұмыстарын келесі жылдың көктемінен бастау қажет екенін айтты.
Берік Уәли құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.