Қайрат Сатыбалдыдан мемлекетке 55,4 млрд теңге қайтарылды

0
84
Фото: Sputnik / Болат Шайхинов
Қаражат республикалық бюджетке жіберілді

2023 жылдың желтоқсанында Қайрат Сатыбалдыдан жалпы сомасы 120 млн АҚШ доллары, яғни 55,4 млрд теңгеден асатын қаражат қайтарылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

Агенттік Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған қаражатты және өзге де мүлікті қайтару жөнінде шаралар қабылдап жатыр.

Желтоқсанда Қайрат Сатыбалдыұлынан жалпы сомасы 120 млн АҚШ доллары, яғни 55,4 млрд теңгеден асатын қаражат қайтарылды. Бұл қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебіне республикалық бюджетке жіберілді.

Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы 2 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 912 млрд теңгеден астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтаруды қамтамасыз етті.

ҚАЙРАТ САТЫБАЛДЫ ІСІ

Сот Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты.

Өскемен қаласының № 2 сотының баспасөз қызметі Сатыбалдының жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыру туралы өтінішхатпен сотқа жүгінгенін хабарлады.

Қайрат Сатыбалды мен оның адвокаты Сатыбалдыұлының заң бойынша жаза мерзімінің белгіленген бөлігін өтегенін (1/3), мінез-құлқы жақсы екенін, сотталғандардың ерікті ұйымдарына кіретінін атап өтті. Сот шығындары толық өтелген.

Жәбірленуші жақтың өкілдері жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру туралы сұрақты соттың қарауына қалдырды. Прокурор өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуды өтінді.

Сот сипаттайтын деректерді талдай келе, сотталған адамның мінез-құлқы мінсіз емес деген қорытындыға келді. Осыған байланысты сот Сатыбалдыұлының бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыру туралы өтініш мерзімінен бұрын берілген деп шешті.

Айта кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің екі бабы «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс барысында тағылған айыпты мойындады.

Сондай-ақ Сатыбалды 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Ол «Құрмет» пен «Парасат» ордендерінен айырылды.

Ол жазасын Шығыс Қазақстанда орналасқан ОВ-156/20 колониясында өтеп жатыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз