Қайтқан активтен қайыр бар ма?
Кейінгі бір жылдың ішінде шетелге заңсыз шығарылған 1 жарым млрд долларға бағаланатын актив пен қаражат елге қайтарылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, заңсыз алынған активтерді қайтару Қ.Сатыбалдыұлы мен оның сенімді тұлғаларына, «Қазақтелеком» АҚ лауазымды тұлғаларына, «Оператор РОП» ЖШС басшылығына және басқаларға қатысты қылмыстық істерді тергеу шеңберінде жүзеге асырылды. Қайтару үдерісіне мүлікті алып қою, тыйым салу және тәркілеу нұсқалары кіреді.
Агенттіктің бізге берген жауабына зер салсақ, қайтарылған активтер арасында ақша қаражаты, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, зергерлік бұйымдар, акциялар және тағы басқа құнды заттар бар. Соның ішінде бірқатар ірі компанияның жарғылық капиталындағы үлестері, 629 теміржол жолдары, зергерлік бұйымдар, басқа жылжымалы және жылжымайтын мүлік, яғни сауда және кеңсе ғимараттары мен үй-жайлары, пәтерлер, үйлер және автокөліктер бар.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған Жолдауында сыбайлас жемқорлардан алынған қаражат мектеп салуға бағытталуға тиіс екенін айтқан еді. Осыған орай Қаржы министрлігі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бірлесіп Бюджет кодексіне тиісті түзетулер әзірлеген.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдаудың арнайы қоры құрылды, ол Оқу-ағарту министрлігінің қарамағында арнайы шот болып саналады. Оған ақшалай қаражат сыбайлас жемқорлықтан тәркіленген мүлікті сатудан жіберіледі. Бүгінгі таңда бұл қорға 120 млрд теңге түсті. Қазіргі уақытта қайтарылған активтердің жалпы санының ақшалай үлесі шамамен 20 пайызды құрайды», дейді агенттік өз жауабында.
Қазірге дейін таратылған ақпарат бойынша қайтарылған 600 млрд теңге көлеміндегі актив пен қаражаттан бөлек, елімізде және шетелде жалпы сомасы 360 млрд теңгеден асатын жылжымайтын мүлік, автомобильдер мен қаражат анықталған. Ұсынылған мәліметке сүйенсек, біздің активтер негізінен Еуропа елдерінен, бұдан басқа БАӘ, Түркия және жақын шетелдерден қайтарылып жатыр.
Тек шетелге шығарылған емес, сонымен бірге кезінде мемлекеттік меншіктен заңсыз жолмен жекеменшікке аударылған активтер де қайтарылады. Олардың қатарында бірқатар құнды дүниемен қатар, ірі компаниялар, қымбат жылжымайтын мүліктер мен автокөліктер бар делінеді. Отандық кәсіпкерлер жымқырған заңсыз активтерге қатарында – Алматы қаласындағы «АрСат», «Кайсар Тауэр», «Майсат» және «Орион» бизнес-орталықтары, «DoubleTree by Hilton Almaty» қонақүйі, «Қайсар Плаза» сауда ойын-сауық орталығы, «МегаТау» сауда орталығы, «Байсат» көтерме-бөлшек сауда орталығы, Астана қаласындағы «Optimum» бизнес-орталығы бар.
«Бұл активтердің бенефициарлық меншік иелері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісіндегі қылмыстық істердің әртүрлі фигуранттары болды», деп жауап береді агенттік. Айтуынша, аталған активтерді қайтару үдерісі қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңнамасы шеңберінде мүлікті алып қою, тыйым салу және тәркілеу жолымен іске асырылады. Қылмыстық істерге қатысушылардың арасында мемлекеттік қызметшілер де бар.
«Өз елімізде заңсыз жолмен байыған азаматтардың мүлкін тәркілеу үдерісі кезінде олардың осы әрекеті үшін жауапқа тартылуы қолданыстағы заңнаманың нормаларына сәйкес қарастырылады. Мәселен, еліміздің Қылмыстық кодексінің 40-бабына сәйкес мүлікті тәркілеу жазаның қосымша түрі болып табылады және сотталған адамдарға қолданылады. Тиісінше мүлікті тәркілеуді қолдану автоматты түрде адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды білдіреді», дейді агенттік.
«Активтерді қайтару жұмысы шексіз емес қой. Бұл орайда шетелдегі және еліміздегі заңсыз активтерді қайтару шаруасына жалпы қанша жыл кетеді», деген сауал қойған едік.
«Бұл сұраққа нақты жауап беру мүмкін емес, өйткені бұл көптеген факторға байланысты. Сонымен қатар қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, активтерді қайтару үдерісі бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін деп айтуға болады. Айта кету керек, бұл бағыттағы жұмыс үнемі жетілдіріліп отырады, құқықтық база оңтайландырылады, халықаралық шарттар жасалады, шетелдік әріптестермен жұмыс байланыстары орнатылады. Активтерді қайтару жөніндегі жұмыс қазақстандық қана емес, сонымен бірге шетелдік заңнама шеңберінде қатаң түрде жүргізілуге тиіс. Шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылдың негізі – шарттық база. Бүгінгі таңда Қазақстан 34 елмен қылмыстық істер және экстрадициялау бойынша құқықтық көмек мәселелері бойынша 71 екіжақты шарт жасасты. Бұл келісімдер бізге дәлелдемелер алуға, шетелде ақша қаражаттары мен басқа да мүліктерге тыйым салуға және тәркілеуге мүмкіндік береді. Белгілі бір елмен екіжақты шарт болмаған жағдайда жалпыға бірдей қабылданған халықаралық конвенциялар мен келісімдер қолданылуы мүмкін не құқықтық көмек өзара түсіністік қағидаттарында жүзеге асырылады», дейді.
Агенттіктің хабарлауынша, бұл ретте CARIN, ARIN прокурорлары мен тергеушілерінің халықаралық бейресми желілері, GlobE сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволар желісі және басқалары маңызды рөл атқарады. Оларға мүшелік әлемнің көптеген еліндегі құзыретті әріптестерімен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
«Қазақстанда өндірілген активтерді заңсыз шығару жөніндегі қылмыстық іс-әрекет туралы дәлелдемелер құқықтық көмек туралы сұрау салулардың негізіне жатады. Бұдан әрі біздің қызметкерлер шетелдік әріптестерімен бірлесіп шетелдік юрисдикцияларда тергеу әрекеттерін, қамтамасыз ету шараларын (ақшаны, мүлікті мұздату, тыйым салу және т.б.) және басқа да іс-шараларды жүргізеді», дейді.
Осы орайда шетелдегі активтерді қайтару мәселесінде Еуроодақтың да көмек беруге мүдделі екенін айта кетуіміз керек. ЕО-ның Орталық Азиядағы арнайы өкілі Тери Хакала «Біз өз тарапымыздан Қазақстаннан Еуропаға шығарылған активтерді қайтару туралы сұраныстарға қолдау көрсетуге дайынбыз», деген еді. Агенттік мәліметі бойынша, Еуроодақпен өзара іс-қимыл БҰҰ-ның 2003 жылы 31 қазандағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы, 1990 жылы 8 қарашадағы «Қылмыстық қызметтен түскен кірістерді жылыстату, алып қою және тәркілеу туралы» конвенциясы және басқалары сияқты халықаралық конвенциялар шеңберінде, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы бірқатар екіжақты шарттар шеңберінде жүзеге асырылады.
Шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша Президенттің 2022 жылғы 5 маусымдағы Жарлығымен Бас прокурордың төрағалығымен Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған еді. Комиссияның міндеті – елден заңсыз шығарылған қаржыны Қазақстанға қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған экономикалық ресурстардың монополиялық (олигополиялық) шоғырлануын анықтау, оларды мемлекетке қайтару. Бас прокуратурадағы Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметінің бастығы Нұрдәулет Сүйіндіков «Егемен Қазақстан» сауалдарына берген жауабында аталған комиссия жұмысының аясында мемлекетке жалпы сомасы 670 млрд теңгеге залал өтелгенін және активтер қайтарылғанын мәлімдеді.
«Оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 470 млн доллардан астамы қайтарылды. Атап айтқанда, Лихтенштейннен – 170 млн доллар, Аустриядан – 81,8 млн доллар, Гонконг пен БАӘ-ден шамамен 3 млн доллар қайтарылды. Шетелдегі активтер еліміздегі экономикалық қызмет есебінен қалыптасқан қаражаттың нәтижесінде сатып алынғаны жұмыс барысында ескеріледі. Осыған байланысты қылмыстық активтерді қайтару жөніндегі жұмыс олигополия субъектілерінің ел ішіндегі және шетелдегі заңсыз қызметін анықтауға бағытталған», дейді ол.
Оның айтуынша, шетелдегі активтерді Қазақстанның пайдасына тәркілеу едәуір уақыт алады.
«Бүкіл тізбекті дәлелдеу қажет, бұл – жымқыру немесе басқа предикаттық қылмыс фактісін, жымқырылған қаражаттың шетелге, оның ішінде оффшорлық аймақтарға шығарылуын, бұл қаражаттың белгілі бір нысаны үшін төлеуге аударылуын анықтау. Осы мақсатта алдымен заңсыз табылған болуы мүмкін табыс анықталады, содан кейін – сотқа дейінгі тергеп-тексеру, содан кейін – сот, содан кейін – сот үкімі; егер сот активтің заңсыздығын бекітіп, оны тәркілеу туралы шешім шығарса, сонда ғана Бас прокуратура тыйым салу туралы халықаралық тергеу тапсырмасын жібереді», дейді Н.Сүйіндіков.
Оның айтуынша, нарықтық емес жағдайларда монополиялардың қалыптасу белгілері экономиканың әртүрлі секторларында (жер қойнауын пайдалану, энергетика, көлік, телекоммуникация және т.б.) анықталды. Жекелеген нормативтік құжаттар шектеулі шеңбердегі тұлғалардың мүдделеріне «бейімделген» жағдайлар кездеседі. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарында бұрын жарияланғандай, сот теңгерімінде стратегиялық теміржол жолдары, оның ішінде магистралдық жолдар болған «Көлік сервис орталығы» АҚ-ны жекешелендіру туралы Үкімет қаулысының күшін жойды. Сотта қаулы Қ.Сатыбалдыұлымен үлестес компаниялардың мүддесі үшін шығарылғандығы нақты анықталған. Жоғарыда аталған теміржол жолдары квазимемлекеттік секторға қайтарылды.
«Басқа да кейбір жекешелендірілген нысандар бойынша қабылданған шешімдердің заңдылығын тексеру жалғасып жатыр. Бүгінде бұрын заңнаманы бұза отырып берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған кұны 6,5 млрд теңгеден асатын 398,8 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жеке тұлғаларда пайдаланылмаған жерлердің, оның ішінде жайылымдардың болуы жерлердің жасанды тапшылығын тудырады, бұл азаматтардың әділ наразылығына алып келеді. Мысалы, Ақмола облысында «KazBeef» ЖШС-ның ауданы 62 мың га (жайылым) жер учаскесі нысаналы мақсаты бойынша 5 жылдан аса пайдаланылмаған. Бұл жерлерді жергілікті тұрғындар тиімді пайдалана алар еді. Нәтижесінде, бұл учаске мемлекетке қайтарылды», деді Бас прокуратура өкілі.
Активтерді қайтару жөніндегі жұмысты үйлестіру мақсатында Бас прокуратура шетелдегі қылмыстық табыстарды іздеу, тыйым салу және тәркілеу жөніндегі сұраулардың қадамдық алгоритмдерін, әдістемелерін және үлгілерін әзірлеп, жұмыста пайдалану үшін құқық қорғау органдарына жіберген.