Қайтқан жерде қайыр бар

0
158

Ауыл инфрақұрылымын дамыту туралы сөз болғанда жол жөндеу, су тарту, газ өткізу сияқты маңызды шаруалардың қатарында жайылым мәселесі де тұруы шарт. Өрістегі мал мен ауыл тұрғындарының жағдайын бөліп-жарып қарауға болмайды. Өйткені ауылдағы ағайынның негізгі күнкөріс көзі – жайылым.

518,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті

Президенттің пәрменімен был­­­тырдан бері бүкіл ел көле­мін­де жүріп жатқан жер ре­фор­ма­­сының мақсаты да – осы: пай­даланылмай жатқан және ке­зінде жекелеген шаруашы­лық­тардың құзырына заңсыз өтіп кеткен жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып алу арқылы жайылымнан тарыққан елді мекендердің мәселесін түбегейлі шешіп беру.

Бұл бағытта өткен жылы Қос­та­най облысында да қыруар шаруа атқарылды. Облыстық жер ресурстарын басқару департа­мен­ті­нің мәліметінше, бір жылдың ішінде өңірде бос жатқан 518,2 мың гектар жер мемлекет мен­ші­гі­не қайтарылған.

– 365,6 мың гектардан жер иелерінің өздері бас тартты, 7,8 мың гектарды сот арқылы алдық. Со­нымен қатар кезінде кейбір шар­уашылықтар өздерінің атына заңсыз тіркеп алған 50,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Жалға алу мерзімі өткен 1 мың гектар жер және бар. Мұның сыртында, әртүрлі ықпал тетіктерін пайдалана отырып 93,3 мың гектар жайылым қайтарылды. Де­пар­таменттің талап арыздары бо­йынша аумағы 14,3 мың гектар болатын 17 жер телімі сот ар­қы­лы мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі уақытта 6 мың гектарға қатысты 4 талап арыз соттың қарауында жатыр. Былтырғы жос­пар бо­йынша облыста 500 мың гектар жер мемлекетке өту керек еді, біз бұл міндетті 104 пайызға орындап шықтық, дейді департамент бас­шысы Қайрат Оспанов.

Департамент мамандары 2022 жылы облыс аумағында 500-ге жуық тексеріс жүргізіп, 262 мың гек­­тар жерді сүзгіден қайта өткі­зіп шыққан. Нәтижесінде, жалпы аумағы 143,2 мың гектар жерді ре­сімдеу барысында орын алған заң­ға қайшы келетін 259 дерек анықталып отыр. Мұндай жөн­сіз­діктерге қатысты 92 әкім­ші­лік іс қоз­ғалып, 6 млн теңге айыппұл са­лынған.

Сондай-ақ кезінде жергілікті ат­қарушы органдар тарапынан қабылданған шешімдердің дұ­рыс-бұрыстығына көз жеткізу мақ­сатында жыл бойы 63 рет тек­се­ріске шығып, 109 дерек бо­йынша жерге қатысты заң ереже­ле­рінің бұзылғаны анықталды.

Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып жатыр. Биыл об­лыс­та пайдаланылмай жатқан 330 мың гектар жерді мемлекет мен­шігіне қайтару көзделіп отыр.

– 2023 жылғы қаңтар айында ауылшаруашылық мақсатындағы 21,1 мың гектар жерді қайтарып алдық. Оның 7,9 мың гектарынан иелері ерікті түрде өздері бас тарт­ты, ал 13,2 мың гектар жер сот арқылы мәжбүрлі түрде тәр­кіленіп алынды, дейді об­лыс­тық жер ресурстарын басқару де­пар­та­ментінің басшысы.

 

«Jerkarta.gharysh.kz» геосервисі іске қосылды

Өңірде бір жылдан бері жұмыс істеп жатқан «Жер аманаты» комиссиясының хатшысы Болат Сұлтановтың айтуынша, өрісі тар ауылдардың ай­нала­сындағы жайылым көле­мі 10 ша­қырымға дейін ұзарады. Бұл жерде қазір ауыл маңайындағы жайылымдардың ең үлкені әрі кетсе 7 шақырымға дейін ғана ба­ратынын айта кету керек. Ал облыстық жер ресурстарын бас­қару департаментінің мәлі­метінше, алдағы уақытта ауыл тұр­ғындары мал жаятын өрістер­дің көлемі 15 шақырымға дейін ке­ңеюі мүмкін.

Департамент басшысы Қайрат Оспановтың айтуына қарағанда, бос жатқан жерлер мемлекет мен­шігіне толық қайтарылған соң, жер­гілікті әкімдіктер жер бөлу ісіне кіріседі. Ауыл малын жаюға жарайтын жерлер жайы­лымдарды басқару жоспары бо­йынша тұрғындардың малын ба­ғуға беріледі. Ал қалға­ны кон­курс­тық негізде ауыл­шар­уа­шы­лық тауарларын өнді­ріу­ші­лер­ге ұсынылмақ.

«Жер аманаты» не бітіріп жатыр деген мәселеге қайта орал­сақ, облыста 67,1 мың гектар жер осы комиссияның араласуымен мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Жалпы, еліміз бойынша бас-аяғы 5,2 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, оның 3 млн гектардан астамы «Жер аманаты» комиссиясының ара­­ласуымен жүзеге асқан.

– Таяуда ауыл тұрғынынан келіп түскен шағым бойынша Қос­танай ауданындағы «Жақсы­лық-2011» деген шаруа­шы­лыққа бардық. Шамамен 3 мың гектардай жайылымы бар екен. Он жылдан бері бос жатыр. Малы жоқ. Облыстық жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесіп, тексеріп шықтық. Де­пар­тамент қызметкері ол кісіге бір жылдың ішінде бос жатқан жерге не мал толтырыңыз, болмаса жерді қайтарыңыз деген маз­мұнда ескертпе хат берді. Қазір бақылауда ұстап отырмыз, дейді облыстағы «Жер аманаты» комис­сиясының хатшысы Болат Сұлтанов.

Жуырда аталған комис­сия­­ның бастамасымен «jerkarta.gharysh.kz» геосервисі іске қо­сыл­ды. Аталған сервис мемлекет меншігіне қайтарылған жер учас­ке­леріне мониторинг жүргізуге, оның қайда орналасқанын, контурын анықтауға, сондай-ақ ауда­ны мен меншік иесі немесе жер пай­даланушы туралы мәліметтер алу­ға мүмкіндік береді.

– Қайтарылған жерлер Ауыл шаруа­­шылығы министрлігі әзір­ле­ген цифрлы интерактивті кар­таға салынып жатыр. Мәсе­лен, біздің облыста мемлекет мен­ші­гі­не қайтарылған 518 мың гектар осы картаға енгізіледі. Сол арқылы әр ауылдың тұрғыны өзі тұратын маңайда қайтарылған жердің кімге берілгенін немесе әлі бос тұрғанын көріп отыратын болады. Интерактивті карта жалпыға бірдей ашық болады. Басты мақсат – әр ауылдың маңайындағы жайылымдарды 10 шақырымға дейін ұзарту. Одан әрі соза беру қиын ғой, таңертең өріске шыққан мал әрі кетсе 10-15 шақырымға дейін жайылады да, қайтып оралады. Бірақ бұл бір күнде шешілетін мәселе емес қой. Алдымызда өте ауыр міндеттер тұрғанын білеміз, ширек ғасыр бойы иемденіп келген жерін ешкім оңайлықпен бере салмайды. Неше түрлі дау көбейеді. Көп жағдайда сотқа жүгіну керек болады. Дегенмен қазір бұл бағыт­та жергілікті атқарушы ор­гандармен бірлесіп, жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ауылды осы 10 шақырым жа­йы­лыммен қам­ту­дың жолын қалай да табуымыз керек, дейді комиссия хатшысы.

19,6 млн гектар аумақты алып жатқан Қостанай облысын­да 10,6 млн гектар жер ауыл шаруа­шы­­лығына арналған. Оның 6,2 млн гектары егіс алқабы, 136,7 мың гектар шабындық бар. Ал жайы­лым­ның көлемі – 4,2 млн гектар. Мұның көбі кезінде жекелеген адамдардың қолына өтіп кетіп отыр. «Жер аманаты» комиссиясы жайылымдарды қай­та­рып алу бағытында биыл да біраз шаруа тындыруды жоспарлап отыр.

– 2021 жылы жүргізілген ға­рыш­­тық мониторинг нәтиже­сін­де республика аумағында пай­­да­ланылмай жатқан 40 млн гек­тар жайылым анықталғанын біле­­сіздер. 2022 жылдың аяғын­дағы мәлімет бойынша Қос­та­най облысындағы жайылым жетіс­пеу­шілігі 1 млн гектардан асады. Биыл облыс көлемінде тағы 330 мың гектар жерді мемле­кет мен­шігіне қайтару жоспарда бар. Жалпы, 2025 жылға дейін жайы­лым жетіспеушілігін екі есе қыс­қар­туды көздеп отырмыз, деді комиссия хатшысы Болат Сұлтанов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз