Алматы метрополитенінде жүздеген миллион қаражат «жоғалып» кетті
Алматы метрополитенінде пойыз жабдықтары жиі істен шығады. Себебі негізгі өндірушілерден сатып алынуға тиіс жабдықтар Қытайдан алынады. Оның өзінде ақысы бірнеше есе асыра көрсетіліп, артылған ақшаның ізі жасырылады. Соның кесірінен бюджетке келтірілген шығын көлемі 500 млн теңгеден асып кетуі мүмкін. Бұл туралы Алматыдағы «Метрополитен» КМК ішкі бақылау бөлімінің басшысы Асқар Жөкеев мәлімдеді. Мекемеге бір жыл бұрын келген ол бөлім қызметкерлерімен бірге 2022 жылғы сатып алынған жабдықтарды тексеріп, көптеген заңбұзушылыққа тап болған. Бұл деректің бәрін құзырлы органдарға тапсырған. Осыдан соң оларды метрополитен басшылығы, әсірере ондағы «серый кардинал» қалайда жұмыстан шығарудың қамына кіріскен. Толығырақ сұхбатымызды ұсынамыз.
БАСШЫНЫҢ КҮЙЕУ БАЛАСЫ ҚЫТАЙДАН ЖЕТКІЗІП БЕРІП ОТЫРҒАН
– Қандай қаржы жымқыру деректерін мысалға келтіре аласыз?
– Жалпы, жабдықтарды Жапониядағы негізгі өндіруші – «Сумито» компаниясынан тікелей сатып алуға тиіс. Бірақ оның орнына Қытайдан және қымбат бағаға алдырып отырған. Ал «Сумито» бізге жауап хат жазып, ол жабдықтарды өзге өндірушілерге патентін бермегенін мәлімдеді.
Мысалы, пойыздарға қолданылатын пружиналарды негізгі өндіруші әрбірін 737 долларға бағалап, Алматыға дейін жеткізіп бере алатынын хабарлады. Ал басшылар оны қытайлық күмәнді өндірушіден шамамен мың долларға жуық қаражатқа сатып алған. Ол көлік қозғалтқышының пружинасы секілді, бірақ соның үлкен түрі. Ол құрылғыны жапониялық өндіруші құрамына дейін салыстырып отырып, кемшілігін көрсетіп берді. Мысалы, құрамындағы резина 1%-дан аспауы керек.
Ал Қытайдан жеткізіп берушілерді шақырып, солардың көзінше пойыздан шешіп алып көрдік. Сонда кепілдік мерзімі – 1 жылға жетпей жатып, 3 айда отырып қалған. Сол пружиналар қазір пойыздарда қолданылып отыр. Сонда бұлар бір ғана пружинадан 137 млн теңге шығын келтірген. Оны тәуелсіз аудиторлық компания дәлелдеп берді.
Ең қызығы, метрополитеннің қоймасында осындай пружиналар жатыр. Яғни, Метрополитен өздерінде бола тұра, Қытайдан қосымша тағы алдырған. Ал оны жеткізіп беріп отырған – метрополитеннің бұрынғы басшысының күйеубаласы.
Одан соң тежегіш жабдығы (колодка) да Қытайда жасалған. Олары қолданылу мерзімінің 10%-ына жетпей теміржолдарда шашылып жатыр. Сол жатқан жерінде ертең пойыздардың апатына себеп болуы мүмкін. Пойыздар бекетте тоқтаған кезде шиқылдаған даусы бақырып шығады. Оған да ешкім көңіл бөлмейді.
Сайып келгенде, құрал-жабдықтың бәріне жоғары баға қойған. Яғни, бюджеттің ақшасы болған соң бағасын қалауынша көтеріп, 10 есеге дейін қымбаттатып жіберген.
Мысалы, сол тежегіштің бір данасын 80 мың теңгеден алған. Ал жеткізіп берушілер оның 20 мың теңге тұратынын айтып отыр.
Тағы бір мысал, Метрополитенде табиғи ортаны қорғау бөлімі бар, соның басшысына да кемшілікті тізіп бердік. Мәселен, қоршаған ортаны дератизациялау, яғни маса мен тышқандарға қарсы дәрі себу бойынша еш шара атқарылмаған. Одан соң тұрмыстық-құрылыс қоқысын шығару шығынын асыра көрсеткен. Тіпті, шығарылмаған қоқысты да жазып жіберген. Ал бөлім басшысының күнделікті жұмыста отырудың орнына тіркеу картасын кіреберістегі қыздарға тастап кетіп, уақытылы турникетке басқызып қоятыны бір бөлек.
БӘРІН ШЕШЕТІН – «СЕРЫЙ КАРДИНАЛ»!
– Мұнша бейбастақтыққа қалай жол берілген? Барлығы бірдей ұйымдасып алғаны ма?
– Бұл жерде 10-15 жылдан бері келе жатқан «серый кардинал» бар. Ол осы метрополитеннің бас инженері әрі директордың бірінші орынбасары Нұрғали Үсенов. Жұмысқа кімді қабылдап, кімді ауыстыратынын сол шешіп отырады.
Тағы бір жағдайды мысалға келтіруге болады. Пойыздың маңдайында тұратын кішкентай ақпараттық таблоның әрқайсын 4,5 млн теңгеден бесеуін сатып алған. Оның Қытайдағы өндірушісіне хабарластық. Сөйтсек, бағасы ары кетсе 500-700 мың теңге аралығында екен. Тап сол таблолар «Ялян» базарында да толып тұр. Бұлар сол таблоны алып келіп, орнатайын десе ол жазуларды оқымай қояды. Өйткені, пойыз – кореялық Hyundai Rotem. Бұлар ол үшін бір маман тауып, соған пойыздың бағдарламасын оқитын қосымша құрылғыны дәнекерлеп қолдан жабыстырады.
Оны өздері «механикалық өзгеріс енгізу» деп келтірген. Біз соны жасап берген орындаушыны да таптық. Ол таблоның Hyundai Rotem-нің бағдарламасын оқу үшін тура сол нәрсені орындағанын дәйектеме ретінде жазып берді. Сол қызметі үшін 4 млн теңгеден астам ақы алған. Яғни, жеткізіп беруші пайда қылып тапқан 24 млн теңгесінің 4 млн-ын соған беріп отыр.
Бұл дегеніңіз қылмыс құрамы болып саналады. Өйткені, қылмыстың ізін жасырып отыр. Тіпті, солай жасалынғанның өзінде таблолары жарты жыл өтпестен істемей қалып жатыр.
– Жалпы келтірілген шығын көлемі қаншаға барады?
– Бір пружинадан қанша ақша жымқырғандарын көріп отырмыз. Ал басқа да жабдықтары бойынша аудиторлық тексеріс жүргізсек, шығын көлемі 500 млн теңгеден асып кетуі мүмкін. Кезінде осының бәріне жол берген басшылар өз еріктерімен жұмыстан шығып кеткен. Іс қозғалса, олар бәрібір тергеледі.
Енді деректің бәрін прокуротураға жіберіп, жауабын күтіп отырсақ, басшылық бізді тәртіптік кеңеске салып, жұмыстан шығаруға әрекет жасап жатыр. Ал тәртіптік кеңестің төрағасы – сол «серый кардинал». Барлық мемлекеттік сатып алу құжаттарына қол қойған да сол. Денсаулық жағдайымызға байланысты жұмыста болмаған күндерімізді тиісті анықтамамыз бола тұра, айып қылып тағады. Біздің жұмыс бір орында отыратын жұмыс емес. Олқылықтарды анықтау үшін үнемі тексеріспен сыртта жүреміз. Сол уақыттарды жұмыста болмады деп таңып отыр.
ҚЫЛМЫСТЫ ЖАСЫРУДЫҢ ЖОЛЫ – ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРУ
– Жабдықтардан ақша жымқыру жайын айттыңыз. Ал пойыздардың өзі қаншалықты жақсы жүріп тұр?
– Пойыз құрамына да қатысты қызық жағдай бар. Бізде жалпы саны 15 пойыз құрамы бар, әрқайсында 4 вагоннан. Соның бір құрамын донор қылып тарқатып жіберген. Ал әрбір пойыз құрамы 8 млн доллардан астам қаржыға сатып алынған. Енді соны тарқатып, бөлшекке шашып жібергенімен, қоймаға тығып қойған. Яғни, құрамды тарқатып жіберу актісі бар да оның бөлшектерін басқаларына орнату актісі жоқ. Демек, бұл да талан-таражға салу деген сөз.
Жалпы, регламент бойынша пойыздар құрамына қызмет көрсетіліп, жабдықталып отыруы керек. Соны заң жолымен істеудің орнына, жаңадан сатып алудың қажеті болмаса да осылай Қытайдан сатып алдыра берген, ал қоймада тауар толып тұр. Нәтижесінде пойыз тоқтап қала береді.
Ұрлық жағдайы мұнымен де бітпейді. Әр вагон ішінде мүгедек жандарға арналған шап-шағын бір орындық тұрады. Пойыздарды Кореядан сатып алғанда өндіруші ондай орындықтарды қосымша жабдық ретінде беріп жіберген. Ал бұлар соны 1,5 млн теңгеден жаңадан алдық деп жаздырған.
Оған қоса, пойыз машинисінің креслосын да 2,5 млн теңгеден «алдырған». Негізі ондай орындық ішінде онсыз да тұрады.
Біз бұл деректің бәрін Бас прокуратураға, Қаржылық мониторинг агенттігіне, Бас көлік прокуратурасына, Еңбек инспекциясына, қалалық прокуратура мен әкімдікке дейін жібердік.