Алматыда автобус аялдамада тұрған бір топ адамды қағып кетті, қаза тапқандар бар
Алматыда автобус бір топ адамды қағып кетті. Полиция оқиғаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.
Алматы қалалық Полиция департаменті мәлім еткендей, бүгін кешкі сағат 18:15 минутта № 47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған.
«Бақылаудан шығып кеткен автобус аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты. Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты. 4 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптама тағайындалды. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда»,-деп хабарлады Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінен.