Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды
Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 24 маусымда арнаулы мақсаттағы бөлімшенің жұмылдыруымен Алматы қаласында қоғамға қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолы кесілген. Арнайы операция барысында топтың 5 белсенді мүшесі ұсталып, олардан Калашников автоматы, Макаров тапаншасы, жауынгерлік граната, тегіс ұңғылы «шолақ» мылтық және синтетикалық сипаттағы есірткі тәркіленді.
Топ мүшелері денсаулыққа ауыр зиян келтіру, аса ірі көлемде есірткі затын сату мақсатында сақтау, қару мен оқ-дәріні заңсыз тасымалдау және сақтау қылмыстарын жасады деген күдікке ілінген. Үш күдікті тергеу сотының рұқсатымен қамауға алынып, қалғандарына қатысты қажетті тергеу іс-қимылдары жүргізіліп жатыр.
Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.