Алматыда сапасыз құрылыстан 1 мыңнан аса бұзушылық анықталды
Техникалық қадағалау сарапшылары жауапқа тартылды
Алматы қаласының әкімдігі жыл басынан бері сапасыз құрылыстан 1 мыңнан астам бұзушылықты анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл жүргізілген жоспардан тыс тексерулер аясында Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы 1 мың 140 бұзушылықты анықтап, оларды жоюға 634 ұйғарым берді. Сапасыз құрылыс пен құрылыс-монтаждау жұмыстарын ұйымдастырғаны үшін 68 ұйым, ал тиісінше бақыламағаны үшін 8 техникалық қадағалау ұйымы және 25 техникалық қадағалау сарапшысы аттестатты 6 ай мерзімге тоқтату түріндегі жауапқа тартылды.
ҚР ӘҚБтК-нің 312-бабы 2-бөлігі бойынша 8 компания құрылыс лицензиясынан айырылды:
- «АРТЕМИДА ЛТД» ЖШС;
- «ТриА Холдинг» ЖШС;
- «Ремстрой» ЖШС;
- «ABM Building» ЖШС (лицензияның кіші түрі);
- «Debo Stroy» ЖШС (лицензияның кіші түрі);
- «ЕДІЛ-СТРОЙ СЕРВИС» ЖШС (лицензияның кіші түрі);
- «Ақ Ордасы корпорациясы» ЖШС (лицензияның кіші түрі);
- «DP ENGINEERING GROUP» ЖШС (лицензияның кіші түрі).
Айта кетсек, кіші құрылымдық түрлерінен айырылған компанияларға басқарма оларды лицензияларынан толық айыру үшін наразылық енгізген.