Алматыда тоғыз балаға қымбат операция тегін жасалды

0
201
Фото: Алматы балалар жедел медициналық көмек орталығы

Алматы балалар жедел медициналық көмек орталығында бірегей әрі күрделі санаттағы хирургиялық операциялар жасалды деп хабарлайды Кazinform.

Операция несеп-жыныс жүйесінің әртүрлі туабіткен патологиясы бар балаларға жасалды.

Таңдалған науқастардың ең кішісі 2 жастан асқан болса, ең үлкені — 16 жаста.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасынан атап өткендей, 11-14 желтоқсан аралығында балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында балалар урологтарына арналған шеберлік сыныбы өтті.

Оған Лондоннан белгілі урологиялық хирургтардың бірі доктор Имран Муштак арнайы шақыртылды.

операция
Фото: Алматы балалар жедел медициналық көмек орталығы

«Гипоспадия синдромы жиі кездеседі, оны тек хирургиялық ота көмегімен ғана емдеуге болады. Егер ота ерте жаста жасалмаса, баланың есеюі қиынға соғады, зәр шығару кезінде қолайсыздық туады, мұндай диагнозы бар жасөспірімдерге ересек өмірге өту қиын. Отаның мұндай түрі бірден нәтижеге бағытталмайды, ол баланың жайлы әлеуметтенуіне жағдай жасап, болашағына әсер етеді», — деп атап өтті профессор Имран Муштак.

Профессор Имран Муштакқа Астана, Алматы, Қарағанды және көршілес Моңғолия, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген балалар хирургтары көмектесті.

Операция жасалған тоғыз баланың бәрі палатаға ауыстырылды, олардың жағдайы бірқалыпты.

«Ота кезінде пластикалық түзету әдісін қолданып, теріні ауыстырдық: тері жамылғылары құлақтың артынан алынады және ұлдарда уретраның анатомиялық дұрыс пішіні жасалады. Біз бір де бір отандық ауруханада жасалмайтын операцияларды таңдадық, Қазақстанның әр өңірінен балалар шақырылды. Балалар орталықта мамандардың бақылауында болады, бұл жағдайда науқас үшін отадан кейінгі күтім, алғашқы оңалту және бақылау өте маңызды», — дейді Алматы балалар жедел медициналық көмек көрсету орталығы урология бөлімінің меңгерушісі Азамат Раев.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ