Алматыда жұмысқа орналасуға көмектесетін қандай бағдарламалар бар

0
39
Фото: work.ua

 – 2 миллионнан астам халық тұратын Алматы сынды мегаполисте барлық тұрғын үшін «екі қолға бір күрек» табу оңай бола бермейді. Сондықтан қала әкімдігі тарапынан әртүрлі әлеуметтік топтағы азаматтарға жұмысқа орналасуға көмектесетін бағдарламалар қарастырылған.

Жыл басында өткен брифингіде Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов 2023 жылы Алматыда 87,4 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылғанын айтқан болатын. Оның ішінде тұрақты және уақытша жұмыс орындарына 41,5 мың тұрғын (47,5%) орналасқан.

Алматы қаласы Еңбек Мобильділігі орталығының мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта қалада жұмыспен қамтудың белсенді шараларының 6 түрі бар. Олар: «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыс орындары» және «Күміс жас». Әр бағдарламаның талабы мен міндеттерін назарларыңызға ұсынамыз.

«Күміс жас»

«Күміс жас» жобасына 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар өтініш бере алады. Айтылған бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан тұрғындар зейнеткерлік жасқа дейін 36 айдан аспайтын мерзімге, яғни 3 жылға дейін тұрақты жұмыс істейді. Ал мемлекет жалақының 30 АЕК-тен (110 760 теңге) аспайтын бөлігін төлеп отырады. Жоба аясында алғашқы жылы еңбекақының 70%-ы, келесі жылы 65%-ы, үшінші жылы 60%-ы субсидияланады. Ал қалған сомалар жұмыс берушінің есебінен жүргізіледі.

«Күміс жас» жобасына қатысушы болған Райгүл Жайсанбаева зейнетке шыққанға дейін осы бағдарлама аясында еңбек еткенін айтады.

– Мен Алматы қаласы, Түрксіб ауданында тұрамын. 60 жасымда «Күміс жас» жобасына қатысып, зейнетке шыққанға дейін жұмыс істедім. Бағдарлама туралы қызым айтты. Маған жұмыссыз ретінде тіркеліп, өтініш беруге көмектесті. Жоба бойынша жұмыс берушілер өздері шақырады екен. Сөйтіп көп ұзамай мені балабақшаға шақырды, онда мен тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа тұрдым. Жасыма қарап осындай жеңілдеу жұмысты маған ұсынды, – деді алматылық зейнеткер.

«Жастар практикасы»

Жастар практикасы бағдарламасы – оқуын өткен 5 жыл ішінде аяқтаған және 35 жастан аспаған жұмыссыз жастарға арналады. Өтініш берушінің кәсіби мамандығы бойынша орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болуы қажет. «Жастар практикасы» бойынша азамат 12 ай жұмыс істей алады. Мемлекет тарапы бағдарламаға қатысушының жалақысын 30 АЕК көлемінде қаржыландырады.

«Қоғамдық жұмыстар»

«Қоғамдық жұмыстар» – халықты жұмыспен қамту орталығы ұйымдастыратын, қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейтін, 12 айдан аспайтын кезеңге әлеуметтік пайдалы бағыты бар еңбек қызметінің түрі. Мемлекет тарапынан 30 АЕК көлемінде жалақы төленеді.

«Алғашқы жұмыс орны»

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы – жұмыс тәжірибесі жоқ, 35 жастан аспаған жастарға бағытталған. Бағдарлама уақыты – 18 ай, яғни, жобаға қатысқан жастар 1,5 жыл тұрақты жұмыс істей алады. Мемлекет тарапынан 30 АЕК көлемінде жалақы төленеді. Айта кеткен жөн, оқу орындарының түлектері «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары бойынша өз мамандығына сай немесе ұқсас кәсіп (мамандық) бойынша жұмысқа орналасады.

«Ұрпақтар келісімшарты»

«Ұрпақтар келісімшарты» – бұл зейнеткерлік жастағы жұмыс істейтін қызметкерлердің жинақталған тәжірибесін жастарға беруге арналған жоба. Бағдарламаға 35 жастан аспаған, оқу орындарын 3 жыл бұрын бітірген түлектер қатыса алады. Жалақы 30 АЕК көлемінде болатын бағдарламаның уақыты – 6 ай.

«Әлеуметтік жұмыс орындары»

«Әлеуметтік жұмыс орындары» – жұмысшы жалақысының 35%-ы мемлекет есебінен төленетін бағдарлама. Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт жасасып, жалақысы субсидияланатын әлеуметтік жұмыс орнын құрады. Бірақ мемлекет субсидиясы 20 АЕК-тен (73840 теңге) аспайды. Бұл бағдарлама бойынша жұмысқа орналасу кезінде аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған тұлғаларға басымдық беріледі.

Айтылған 6 бағдарламаға Алматы қаласы бойынша қатысу үшін келесі талаптар қойылады:

– Алматы қаласында тұрақты немесе уақытша тіркеуде болу;

– Жеке кәсіпкер болмау;

– Жұмыссыз ретінде тіркелу.

Ал жұмыссыз ретінде тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталықтарына немесе enbek.kz электрондық еңбек биржасына жүгіну қажет. Нақты айтқанда:

• Еnbek электрондық еңбек биржасы арқылы тіркелу:

• Enbek.kz-те жеке кабинет ашу;

• Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге өтінімді толтырып, ЭЦҚ-мен қол қою;

• Өтінім автоматты түрде тексерілгеннен кейін жеке кабинетке хабарлама келеді.

Сондай-ақ Алматы тұрғындары жұмысқа жәрдемдесу мәселесі бойынша Достық даңғылы, 85 мекен-жайы бойынша Әлеуметтік қызметтер үйіне Мансап орталығы мамандарына жүгіне алады. Қазіргі уақытта Алматы қаласының әкімдігі жұмысқа орналасуға көмектесетін «Алтын жас», «JOLTAP» сияқты жаңа жобаларды іске қосуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы жастарының арасында жұмыссыздық деңгейі 5,2%-дан 4,6%-ға төмендегінін жазғанбыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ