Борышкердің мойнында «бұғалық» жүр

0
207

ФОТО: www.aqjolgazet.kz

Әлеуметтің әлеуетін реттейтін әмиян. Қазір қандай жағдай болсын, қаржыға келіп тіреледі. Басқаны қайдам, біздегі нарық халықты осыған көндіктірді. Көнбесіңе шараң қайсы, жеке шоттарың көгендеулі, банк картаң бұғаттаулы, шекара асуың шектеулі. Сазарған сот орындаушы бозарған борышкердің бойына қан жүрместей қылып «күретамырын» буып тастаған. Біздегі әлеуметтік мәселенің күйіп тұрған тұсы осы.

Хош, сонымен айналамызға қарасақ, қарызға белшеден батпағаны, несиенің кермек дәмін татпағаны аз. Әйтеуір бұл – нақты мысал келтіруді талап ет­пейтін жайт. Қарызын қайтара алмай, бо­рышын өтей алмай жүргендерді бұрын да еститін едік. Әйткенмен кейін­гі 10 жылдың көлемінде тіпті кө­бейіп кетті. Мамандардың пайымдауынша, қарыздарын қайтара алмай қалған­дар­дың қатары пандемиядан кейін арт­қан. Өйткені көптеген адамның жұмысы тоқтап, айлық-жалақысы кешіктірілген. Соның салдарынан қарыз-несиелер (сол кезде шегерілгенімен) өсімі ұлғайып, төлеуге қауқары жетпегендер «қара тізімге» іліккен. Қарыз беруші (банк) жай ғана «қара тізімге» енгізіп қойып қарап тұрсын ба, одан кейінгі борышкердің тағдырын жеке сот орындаушылар мен коллекторлық агенттіктердің құзырына тапсырады. Бұдан кейінгі жағдай жұртқа етене таныс. Олар қарыз берген банктің атын айтады да, «қарызыңды бүгін қайтармасаң, бітті…» деп қара аспанды төндіреді.

Коллекторлық қызмет туралы заңға сәйкес Ұлттық банк коллекторлық агент­тіктердің қызметін бақылайды делін­ген. Заңның ережелеріне сай коллек­торлық агент­тік – екінші деңгейдегі банк­тер­дің (банк­тер) немесе микроқаржы ұйым­да­ры­­ның (МҚҰ) қарыздары бойын­ша бере­шекті өндіретін ұйым. Кол­лектор­лық агент­тіктердің тізімімен Ұлт­тық банк­­тің сайтында «Рұқсаттар мен ха­барла­малар­дың тізілімі» бөлімін­де таны­суға болады. Және онда коллек­торлық агент­тіктің нақты қандай функциясы бары көрсетілген.

Қазір нотариус, коллекторлық агент­тік, жеке сот орындаушы үштігінің заңды құзы­реті тым артып кетті деп зар илеп жүргендер көп. Мұны қалай да жаңа сайланған Парламент мүшелері мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қайта бір қадағалап, заңды халық мүддесіне сай бейімдеуі қажет. Өйткені қазір не көп жеке сот орындаушы көп, бірінен құтылсаң, екіншісі шығады алдыңнан. «Қайда барсаң, Қорқыттың көрінің» кебі. Әділет министрлігінің деректеріне сүйенсек, қазір елімізде 260 мемлекеттік сот орындаушы болса, ал жеке сот орындаушының саны – 2 169.

Сонымен бұл деректерге әрі қарай көз жүгіртсек, елімізде қалтасына тосқауыл қойылып, қаңтарылып тұрғандардың ұшы-қиыры жоқ. Мәселен, шектеу қойыл­ған нотариалдық істері – 4 371 212, ты­йым салынған тіркеу істері – 73 307, ел шекарасынан шығуға шектеу қойылғандар саны – 901 779, дүние-мүлкіне шектеу қойылғандар – 646 107, шектеу қойылған жеке шоттар бойынша – 33 148 220. Бұл сан-цифрды айтқанда, тіл сүрінбеуі мүмкін емес. Қарап тұрсақ, шектеу мен тыйымның шырмауына іліккендер шаш етектен. Ал енді бұл көрсеткіштегі жағдайларға мысал келтіріп, дәйектеп жату тіпті мүмкін емес, егер ондай адамдарды іздеу керек болса, алысқа бармай-ақ дәл қасымыздан табатынымыз анық. Алайда бізді толғандырған алматылық жеке кәсіпкер Рахат Құсман деген жігіт­тің басынан өткен оқиға болып отыр. Бұл да бір қилы парадокс.

«Жеке кәсіпкерлердің шотына шектеу жиі қойылады. Соның бірі өзім. Жеке шаруашылыққа қатысты мемлекетке төлеу керек салықтан 1 теңге қалдық қа­лып қойса да шоттарымыз бұғатталып қалады. Кәсіп болған соң несие аласың, кейде кешіктіріп төлейсің, тағы да шектеу. Мәселен, пандемия кезінде шаруамыз шатқаяқтап, кәсібіміз біраз тұралап қалды. 2021 жылы жұмысымызды қайта жандандырып, қарыздардан құтылдық. Шектеулердің шідерінен босатылдық. Сөйтіп, былтыр Қатар елінде өткен футболдан Әлем чемпионатына отбасыммен барып, тамашалап қайтуға бел будық. Бір жағынан ел көріп, жер көріп демалып қайтсақ деген ой еді. Барып-қайтуға ұшаққа билет алып және бара жатқан жағымыздың да кейбір тиісті жерлеріне алдын ала төлем жасап қойған едік. Сөйтіп, шамаданымызды асынып әуежайға барып, енді ұшқалы тұрға­ны­мызда бір-ақ білдік, менің бұ­рын­ғы қарыз­дарым бойынша қойылған шектеу­лер­дің ішінде шетелге шығуға тыйым са­лын­ған шектеу алынбаған екен. Яғни менде бірде-бір қарыз жоқ, ал шектеу­лер­ді дұрыс алмаған жеке сот орындау­шы­ның салғырттығы бұл. Оған хабарласып шектеуді алдырғанша, ұшақ күтіп тұра ма, аңырып әуежайда сан соғып қал­дық. Қаншама ақша айдаладағы Қатар елі­н­ен қайтпай қалды, көбісі күйіп кетті», дейді ол.

«Мал ашуы – жан ашуы» ғой, Рахаң басында біраз буырқанғаннан түк шықпа­ға­нын айтып, бұл жайт басқаларға да сабақ болса дейді. Бізде бұл оқиғадан кейін шетелге шығардан күн бұрын, шектеулерден таза екеніңізге көз жеткізіп алған жөн екенін түсіндік.

Қазір әлеуметтік желілерде «арест шешеміз, 25 мың теңге» деген жарнама көп. Шектеуді шешкіштердің көбі борышкерлердің ақшасын қақшып алып қана қоймай, алғыс-батасын алады екен. Өйткені борышкерлер жоғарыда айтқан «үштіктен» әбден көресіні көрген, өзіне тиесілі айлық-жалақысын ала алмай сандалып келсе, оны интернеттегі біреу 25 мың теңгеге шешіп берсе, неге барын бермесін? Қысқасы, бұл жақта да сол қайнаған жабайы базар. Олардан заңды лицензиясын талап етіп жатқан ешкім жоқ, әркімнің жеке шаруасы шешілсе болғаны. Ал бұл қаншалық заңды жұмыс, мұны реттейтін Қаржы нарығын реттеу агенттігінің не ойлағаны бар? Бұл салықтан айналып өтіп жүрген делдалдарға қолайлы орынға айналған жоқ па? Бұл былықтарға неге мониторинг жүргізілмейді, шеті мен шегі жоқ шектеулерге кім тектеу жүргізеді?

Бізді осынау толғандырған сауалда­рымызға байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласып көрген едік, агенттіктің баспасөз қызметі коллекторлық агенттіктердің жұмысына байланысты арыз-шағым түскен жағдайда ғана тексеріс жүргізе­тінін айтады.

«Жеке сот орындаушылар біздің құ­зы­­­ры­мызда емес, ал коллекторлық агент­­­тіктер бізге қарайды. Егер ондай тиісті заң шеңберінен шығып, борышкерге артық қысым көрсетсе, жеке телефон арқы­лы хабарласса, сағат 20.00-ден кейін маза­ласа, борышкер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдана ала­ды. Ондай жағдайда коллекторлық агент­тік тиісті жауапкершілікке тартыла­ды немесе заңды лицензиясынан айырылуы мүмкін. Кез келген арыз-шағым 15 күн ішінде қаралады. Борышкерлердің та­­­ғы бір ескеретін нәрсесі – аудио, бейне­дә­­лел­дерді өзі жинағаны жөн. Егер өз құ­­­қығын өзі қорғағысы келсе», дейді агент­­тіктің баспасөз қызметкері Азамат Кенже.

Демек коллекторлық агенттік деген Құдайдан кейін тұрған құдірет емес екен. «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірі бар» дегендей, оның да төбесінен қарайтын, кез келген борышкер базынасын айта алатын мемлекеттік мекеме бар.

Қалай болғанда шектеу мен тыйым демократиялық құндылықтарға қайшы, кез келген адамның жайлы өмір сүруі үшін әуелі әмияны ашық тұруы керек емес пе?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ