Алтынкөл – Қорғас торабының өткізу қабілеті екі есеге жуық артады

Мемлекет басшысының еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде негізгі инфрақұрылымдық тораптарды жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Алтынкөл станциясы мен Қорғас шекаралық өткелі бірыңғай теміржол-шегаралық кешенді құрайды және халықаралық көлік дәлізінің маңызды буыны болып табылады. Аталған торап елдің транзиттік әлеуетін арттыруда ерекше рөл атқарады.
Алтынкөл – Қорғас торабы арқылы экспорт-импорт және транзиттік жүк тасымалының едәуір көлемі жүзеге асырылады. Инфрақұрылым жүктерді жедел өңдеуді, контейнерлерді қайта тиеуді және екі мемлекеттің теміржол қызметтерінің үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта ауқымды жаңғырту бағдарламасы іске асырылуда. Алтынкөл – Жетіген учаскесінде жалпы ұзындығы 32 шақырымды құрайтын екі аралықта екінші жолдардың құрылысы жалғасуда, сондай-ақ 5 жаңа және 8 қолданыстағы айырықты дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бұл желінің өткізу қабілетін тәулігіне 18 жұп пойыздан 33 жұп пойызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Амангелдинұлы Келбұғанов жұмыс сапары аясында станциядағы жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Жобаларды аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Оларды іске асыру Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір ретіндегі стратегиялық рөлін күшейтіп, ұлттық көлік-логистика жүйесінің тиімділігін арттырады.










