Қамданған қапы қалмайды: Алматыға салмақты сейсмикалық сараптама қажет

0
152

Түркия мен Сириядағы дүлей дүмпу дүниені дүрліктірген тұста, сейсмикалық қауіп ошағында орналасқан алматылықтардың алаңдаушылық танытып отыр­ғаны түсінікті жайт. Оның үстіне желіде желдей ескен жалған-шыны аралас ақпараттар мен «айғайлаған» тақырыптар онсыз да үрей билеген жұрттың жүйкесін титықтатқаны тағы бар. Миллиондар тоғысқан ме­га­полистің сейсмикалық ахуалы туралы сала мамандары не дейді? Расымен де, бір қауіптің белгісі байқала ма? Сақтық шараларының сапасы қандай?

Болжау мен тәжірибенің маңызы

Табиғаттың дәл қай кезде тосын мінез танытарын әзірге ешбір ғылым тап басып болжай алмайды. Айтқызбай келер апаттың алдын алу үшін аймақтың орналасу ошағы, табиғи ерекшелігі ескеріліп, ұзақ және қысқамерзімді зерттеу жүргізіледі. Болжау барысында сейсмологтер сүйенетін тағы бір жай – сол өлкенің тарихында болған тосын оқиғалар. Тек Алматы аумағы емес, еліміздің өнеркәсіптік әлеуетінің 40%-ы сейсмикалық қауіпті нүктеде орналасқаны ғылыми дәйектелген. Сейс­мология институты дирек­торы­ның ғылым жөніндегі орынбасары Нұрсарсен Өзбековтің айтуынша, Шығыс Қазақстан облысынан бастап, Қызылорда облысына дейінгі аумақта жер­асты дүмпулері жеті-тоғыз баллға дейін жетуі мүмкін қауіпті жерлер аз емес.

«Әсіресе Алматы облысы Орта­лық Азиядағы өте қауіпті аймақ­та орналасқан. Бұрын бұл жерде күшті жойқын жер сілкінісі бірнеше рет бол­ған. Бұл тұрғыда 1887 жылғы Вер­ный жер сілкінісін және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісін айтуға болады. Соңғы бес жылда Қазақстан аума­ғын­да сейсмикалық аспаптармен 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелді. Атап айтқанда, 2018 жылы – 8500, 2019 жылы – 7800, 2020 – 9500, 2021 жылы – 6700, ал 2022 жылы 6900 рет әлсіз дүмпу болған. Геологиялық ай­мақтың сейсмикалық келбеті осын­дай. Айтып отырғанымыз, арнау­лы құрылғылар болмаса, адамзат баласының бәрі бірдей сезе бер­мейтін өте нәзік сілкіністер. Көп­ші­лік халық мейлінше сезінген жер сілкіністері де болды. Соңғы бес жылда Қазақстан аумағында осын­дай 66 сейсмикалық оқиға тір­кел­ді. 2018 – 20, 2019 – 11, 2020 – 15, 2021 – 11, 2022 – 9. Алматыда айқын сезілген жер сілкінісі 2022 жылдың 28 желтоқсанында қаладан 190 шақырым жерде Қырғызстан мен Қытайдың шекаралас жерінде тіркелді», дейді Нұрсәрсен Өзбеков.

Сарапшының сөзінше, жер сіл­кінісін алдын ала болжау өте қиын. Әсіресе қысқамерзімді болжам жа­сау – әлемнің ешбір елінде әлі шеші­мін таба алмаған күрделі мәселе. Дей тұрғанмен біраз жыл бұрын Қытай тәжірибесінде жасалған қыс­қамерзімді болжам өз нәтижесін көр­сеткен. Сейсмологиялық жағдайды бағалау үшін институт ғалымдары жы­­лына екі мәрте ортамерзімді жос­­пар жасайды. Бірер күн бұрын Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды дайын болды. Бұл тұжырымға сәйкес 2023 жылы Алматы полигоны аумағында жеті баллдық күшті жер сілкінісі күтіл­мейді. Ғылыми зерттеулер негі­зінде апта сайын қысқамерзімді қорытынды жасалып, ол 200-ден астам болжамдық параметрді талдау негізінде құрастырылады.

 

Ғимараттар төтенше қауіпке төзімді ме?

«Жаман айтпай жақсы жоқ». Төтенше жағдай бола қалса, ғимарат­тар төтеп бере ала ма? Бұқараны маза­лаған басты сауал осы. Күні кеше жұрт­­шылықпен жүздескен Алматы әкімі Ерболат Досаев қаладағы ғима­рат­тарды сейсмологиялық күшей­ту жұмыстары жүріп жатқанын, жаз айларында Алматыда сейсмикалық аудит жүргізудің жаңа кезеңі басталатынын жеткізді. «Алматыда 2020-2021 жылдары жаңа тектоникалық жарық­тар пайда болды. Жаңа бас жоспарда барлық қажетті талап, соның ішінде қауіпті жерлер ескерілген. Абай даңғылының жоғарғы жағы 10 баллдан жоғары, Абай даңғылының төменгі жағы 9 балл шамасында», деп тұрғындар сауалына жауап берді Е.Досаев. Әлбетте, бұл – мамандар зерт­теуіне сүйеніп айтылған жауап.

Алматыда салынғанына жарты ғасырдан асқан, тіпті 70-80 жыл таяған тұрғын үйлер мен ғимараттар аз емес. Дүлей дүмпу түгілі, қит етсе қисайып қалатын сапасы төмен құрылыстарды көзімізбен көріп жүрміз. «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Бегман Құлбаев қаладағы құрылыстарға жүйелі мониторинг жүргізіліп жатпағанын алға тартады. «Біздің ұйым соңғы екі жылда 11 мыңға тарта нысанның сейсмикалық жағдайын тексерді. Дербес нормативтік құжаттардың та­лап­тары қатаң сақталуға тиіс. Өкі­­ніш­­тісі, 11 мыңнан астам үй­дің 35%-ы сейсмика талабына сай емес, яғни қайта жөндеу жұмыстары қажет. Дегенмен бұл жерде қаладағы барлық нысан қамтылмаған. Осы істі кешеуілдетпей жалғастыру керек. Ал «хрущевка» саналатын үйлер толық бұзылуға тиіс», дейді маман.

Құжаттаудан өткен әр баспана­ның неден салынғаны, қашан тұр­ғы­зылғаны, жер сілкінісіне төзім­ділігі үй құжатында толық жазылған. Осы тұста кейбір тұрғындардың үй қа­быр­ғасын бұзып, пәтер жос­парын өз қалауына сай өзгертіп алуы мамандарды алаңдатып отыр. «Қаз­ҚСҒЗЖИ» АҚ басқарушы директоры Ералы Шоқпаровтың пікірінше, кеңес заманында салынған панель үйлер зілзалаға төзімді. Ал үй жос­парын өз бетінше өзгерту әрі қайта күшейту жұмыстарына мән бермеу – тұрғындардың өздеріне-өзі жасаған қиянаты. Бұған кәсіпкерлердің үнем­шіл­дігі мен құрылыс материал­да­­­рының сапасыздығын қосыңыз.

Ал Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы президентінің орынбасары Виктория Тен 2006 жылдан кейін жаңа талаптарға сай салынған үйлер негізінен табиғи апаттарға төзімді екенін айтады. Дегенмен 2017 жылы бекітілген сейсмикалық аймақтардағы құрылыс ережесіне сүйеніп, оған дейін тұрғызылған ғимараттардың беріктігін тексерген жөн. Бұл ретте маман құрылыстың орналасу орны, топырақ құрамы, іргетастың жағдайы негізге алынатын алға тартады. Құрылысшылар тілге тиек еткен тағы бір дүние – темір­бетон қаңқалы, жоспары өзгеріс­­сіз қалған үйлердің төзімі берік. Ал ағаш үйлер мен кірпіштен салынған кейбір ғимараттардың жағдайы тек­серістен кейін белгілі болады.

Апта бұрын Алматының Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесуде «Егер қалада жаңа тұрғын үй салатын болсаңыздар, орталыққа тиіспеңіздер, өйткені бұл – біздің тарихымыз», деп ұсыныс айтқан азаматқа Ерболат Досаев: «Орталықты қазіргі қалпында сақтаймыз десек, адамдар 1940, 1960 жылы салынған коммуникациялармен өмір сүретінін есте ұстауымыз керек. Біз тарихи келбетті барынша сақтауға тырысамыз, бірақ модернизация сөзсіз жүзеге асады, өйткені тұрғындар басқалар сияқты өркениеттің барлық игілігін қол­данғысы келеді. Өкінішке қарай, па­нельді үйлерді жаңарту мүмкін емес, өз кезінде АДК, Алматы үй құрылысы комбинаты салған, бұл үйлер тарих, бірақ оларды бұзу керек. Өйткені 25 жылдан астам уақыт бойы біз өскен шағын аудандардағы панельді үйлер ұзаққа төтеп бере алмайды», деп жауап берген еді.

Әлбетте, халықтың амандығы қаланың тарихи келбетін сақтаудан маңызды. Дей тұрғанмен бұл тұста айрықша мән беретін мәселе аз емес. Құмырсқаның илеуіндей қабат­тас­тыра салынған құрылыстар ашық алаңқайларды тарылтып, қауіпсіздік мәселесін қиындататынын ұмытпауға тиіспіз.

 

Тектоникалық жарықтардың жайы

Тектоникалық жарықтар дегеніміз – аты айтып тұрғандай, сілкініс кезінде жердің айырылып кету қаупі жоғары аумақтар. Сейсмологтердің зерттеуінше, Алматыда мұндай 27 нүкте анықталған. Ол маңға ең кемі 500 метр жақын аумаққа құрылыс жүргізуге мүлде болмайды. Мұндай қа­уіпті айрық-нүктелер Түрксіб ауда­ны аумағынан басқа қаланың барлық ауданында кездеседі. Атап айтқанда: Алатау ауданы – Ақсеңгір, Боралдай, Алматы; Алмалы ауданы – Городской, Жаңатұрмыс, Шағынаудандық; Әуезов ауданы – Алматы, Городской, Жаңатұрмыс, Шағынаудандық; Бостандық ауданы – Таубөктер, Бостандық, Іле, Көкпек, Ақжар, Үлкен Алматы, Бұтақты, Құмбел, Аюсай, Көлді, Солтүстік-Талғар, Жаңатұрмыс; Нау­рызбай ауданы – Боралдай, Алматы, Жаңатұрмыс, Диагональный, Таубөктер, Бостандық, Іле; Медеу ауданы – Алматы, Городской, Жаңатұрмыс, Диагональный, Батыс- Көктөбе, Шығыс-Көктөбе, Жарбұлақ, Солоновский, Таубөктер, Іле, Ақсу-Тоғызақ, Құмбел, Қайнар, Солтүстік-Талғар, Куликовский, Вершинный, Көкөзек; Жетісу ауданы – Алматы, Боралдай тектоникалық жарықтары бар аумақтармен шектесіп жатыр.

Отандық ғалымдар еліміздегі сейсмикалық қауіп бойынша тұрақты жұмыс істеп, жалпы сейсмикалық аудандау, аймақтарға бөлу деп аталатын карталарды әзірлеуде, мұнда қауіпті һәм белсенді аймақтардың сейсмикалық жай-күйі бедерленген. Сонымен қатар басқа карталар да құрастырылған, оның ішінде елді мекендер үшін жасалған сызбалар бар. Алматы қаласының сейсмикалық микроаймақтандыру картасы да мамандар назарында.

 

Мамандарды мазалаған мәселе

XX ғасыр басында Алматыны үйінді астында қалдырған жойқын апатты көзімен көрген сәулетші Андрей Зенков өз жазбасында: «Мен болашаққа сенемін. Біздің қаламызда әдемі, көркем, үш-төрт қабатты тас­тан, бетоннан және басқа да мықты құрылыс заттарынан ғимараттар салынады», депті. Мәселені әріден зерделеген сәулетші үш-төрт қабатты дегенді жайдан-жай айтпағаны анық. Алматыда аспанмен таласқан алып ғимараттар салуға болмайтыны – соңғы бір ғасыр бедерінде мың рет айтылып, мың рет жазылған мәселе. Мұны бүгінгі тәуелсіз сарапшылар да жоққа шығармайды.

– Қалай айтқанда да қазір тыныштық кезеңі аяқталып, белсенділік басталды. Сондықтан тұрғындар мен қала билігі барлық жағдайға да­йын болуы керек. Табиғатқа сабыр бер­сін. Егер де бір жағдай бола қал­са, ешкім бізді сақтап қала алмай­ды. Ұзақмерзімді болжам бойынша Алматының қатты жер сілкіну жағдайы жоғары аймақ екені кеңес заманынан бері айтылып келе жатыр. Ол кезде бұл мәселе қатты зерделеніп, талаптар қатаң сақталатын. Бұған дәлел – қала маңынан 600 мың адамға арналған қос бірдей қорым дайындалып қойылғаны. Бұл бүгін біз жеңіл ғана сөз ететін мәселенің салмағы тым ауыр екенін көрсетеді. Тұрғын үйлер мен ғимараттардың сейсмикалық төзімділігіне аса көңіл бөлінгені дұрыс.

«Кеңес заманында 25 қабатты «Алматы» қонақүйі сынақ ретінде салынып, оның өзі арнайы қондыр­ғы­лар­мен, берік құрсаулармен бекітіліп бой көтерді. Негізінен Алматыда тоғыз қабаттан биік үйлер салуға болмайды. Бұл құрылыстардың өзі қаланың тектоникалық аумағынан тыс жерлерге салынуға тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі таңда бұл қағида ескерілмей отыр. Шаһардың ең қымбат ауданына баланатын Әл-Фараби даңғылының жоғары бөлігі құрылыс жүргізуге аса қауіпті жолақта орналасқан. Бізге де Жапония секілді табиғат апатына бейімделген мемлекеттердегідей арнаулы стандарттар қажет-ақ. Елімізде жер сілкінісін зерттеу 1920 жылдары қолға алынған. Тек 1976 жылы ғана ғылыми-зерттеу институты құрылды. Мамандар озық елдердің әдістерін өз жеріміздің ерекшеліктеріне бейімдеп қолданып келеді», дейді қоғам бел­сендісі Асхат Асылбеков.

 

Қатерден қалай қорғану қажет?

Жер сілкінісі қас қағым сәтте өтеді. Сейсмикалық белсенді аймақта тұратын әрбір азамат кез келген тосын оқиғаға дайын болуы керек. Әр тоқсан сайын өтетін сейсмикалық жаттығуларда «апат орын ала қалса, азаматтар үйде және жұмыс орындарында не істеуі, қалай қорғануы қажет?» деген сауалдарға жауап бе­ріледі. Өз жақындарының қауіп­сіз­дігіне салғырт қарамайтын азаматтар сақтану сауатын арттырып, ғаламтор бетіндегі арнайы нұсқаулықпен таныс­қаны абзал. Мамандардың айтуын­ша, басты мәселе – тұрғындарды үрей­лен­дір­меу. Өйткені жаппай үрей белең алса, жағдай ушыға түседі. Мәселен, жер сілкінуі кезінде ғимараттардың сыртқы қабырғалары ең қауіпті саналады.

«Алматы қаласының тұрғындары тербелісті сезіне салысымен қауіп­сіз­дік­ті ойлауы керек. Олар алдын ала отбасы мүшелерімен бірге үй ішіндегі қауіпсіз аймақтарды анықтап, апат бола қалған жағдайда сол жерге жету керектігін білгені жөн. Үйде ең қауіпсіз жерлер – негізгі құрылымдық қабырғалар, есік жақтаулары. Төтенше жағдай кезіндегі дұрыс әрекет сіздің аман қалуыңызға себеп болуы мүмкін. Біздің мақсатымыз – халыққа қалай сақтану керегін түсіндіру, оларды арнаулы ережелермен таныстыру», дейді төтеншеліктер.

Айтпақшы, екі жыл бұрын Алма­тыда аймақтың сейсмикалық ахуалын арқау еткен халықаралық конфе­ренцияға қатыстық. Сонда жапон ғалымы: «Мынадай жерде алаңсыз өмір сүріп жатқан алма­тылықтар батыр», дегенін өз құла­ғымызбен естігенбіз. Бұл – үрейге үрей қосу емес. Біз айтып отырған мәселенің қаншалықты салмақты екенін білдіретін пікір. Әлемнің әр қиырында болып жатқан қайғылы оқиғалар сейсмикаға сергек қарау қажеттігін тағы бір еске салады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ