«Американың алтын ғасыры дәл қазір басталады» — Трамп
АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті инаугурациялық сөзінде мәлімдеме жасады. Ол соңғы сегіз жылда АҚШ тарихындағы кез келген президенттен көп сынақтар мен қиындықтарға тап болғанын айтты. Бірақ оның өмірі жай ғана сақталмағанын атап өтті. Трамптың айтуынша, Құдай оны Американы қайтадан ұлы ел ету үшін сақтаған.
Міне, оның халыққа жолдауындағы негізгі тезистері:
«Біз миллиондаған қылмыскерлерді өз елдеріне қайтаратын процесті бастаймыз» (Трамп Мексика шекарасында төтенше жағдай режимін енгізгенін жариялады).
Нашақор картельдері шетелдік террористік ұйымдар ретінде жарияланады.
«Біз мұнай өндіретін боламыз. Біз мұнайдың үлкен қорларын пайдаланамыз» (Трамп энергетика саласы туралы осылай деді).
Америка бұрынғыдан да үлкен әрі мықты болады.
Бүгіннен бастап АҚШ-тың ресми саясаты тек екі жынысты — еркек пен әйелді мойындайды.
АҚШ-та сөз бостандығы қайта орнайды — Трамп мемлекеттік цензураны тоқтату туралы жарлық шығаратынын айтты.
«Біз басқа елдерге тарифтер мен салықтар енгіземіз, бұл біздің азаматтарымызды байыту үшін» (басқа елдерге баж салықтарын енгізу туралы мәлімдеді).
«Біз қайтадан автомобильдерді Американың өзінде бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өндіретін боламыз».
«Біз соғыстарды аяқтаймыз, тіпті біз қатыспаған соғыстарды да. Мен бейбітшілік орнататын адам боламын».
«Мексика шығанағының» атауын «Америка шығанағы» деп өзгертеміз.
АҚШ қарулы күштері тек бір миссияны — Американың жауларын жеңуді жүзеге асырады.
«Біз Панама каналын қайтарып аламыз».
«Біз Марсқа американдық туды қадаймыз».
Сонымен қатар, Трамп Байден әкімшілігінің соңғы төрт жылдағы иммиграция саласындағы және табиғи апаттарға әрекет ету шараларын сынға алды.
«Құдай, Американы жарылқай көр! Баршаңызға рақмет», — деп өз сөзін аяқтады АҚШ президенті.