Қаныш Сәтбаев сыйлаған жазу машинкасы

0
102
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

 – Жуықта Баянауылдан академик Қаныш Сәтбаев пайдаланған жазу машинкасы табылды. Жәдігерді баянауылдық ерлі-зайыпты Михаил және Галина Баек отбасы ұзақ уақыт сақтап келген.

үй
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Баянауыл ауданының қақ төрінде кезінде Қаныш Сәтбаев ұзақ уақыт аялдаған, жазушы Қалмұқан Исабаев дүние есігін ашқан көне үй бар. Жақпар тастар арасында орналасқан бұл баспананы 1907 жылы жергілікті фельдшер Леонтий Бельдининов тұрғызыпты. Төңіректегі адамдарды дәстүрлі және халық емімен емдеп, шипалы қолдарымен талай жанға өмір сыйлаған Л. Бельдининов заманында Қаныш Сәтбаевпен өте жақын араласқан.

Сәтбаев
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Қанағаң Томда оқып жүргенде суық тидіріп, өкпе ауруына шалдыққанын білген соң туған жеріне келіп ұзақ емделеді. Сол уақытта фельдшер Леонтий Бельдининов оны Баянауылдағы ауруханада, кей уақытта өз үйінде қабылдап, қымызбен емдейді. Кейінгі жылдары да ғалым туған еліне келгенде ақ желеңді абзал жанның үйіне барып сәлемдесіп, қона жатып әңгімелескен. Кейін емшінің күйеу баласы Александр Черкашин Сәтбаевпен танысып, академиктің шарапатын молынан көрген екен. Ол негізгі мамандығы бухгалтер бола тұра, Қанағаңның ақылымен бірнеше кітап жазып, кейін жергілікті «Победа» газетінде тілші болып жұмыс істеген.

Баек
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

– Қазіргі біз тұрып жатқан үйіміз – бір ғасырдан астам уақыт бұрын арғы атамыз Леонтийдің қолымен салынған тарихи баспана. Қаныш аға мұнда ұзақ уақыт аялдаған. Туған еліне келген сайын қонады. Бұл машинканы Сәтбаевтың өзі әкеліп, атамыз А. Черкашинге тарту етуі де ғажап емес. Себебі, мұндай қымбат құрылғыға ол уақытта екінің бірінің қолы жетпегені анық. Ал Черкашин бұл машинкамен үш бірдей кітап жазған: «Баянаул», «Дочь Баянаула», «Судьба Косума». Соңғы екі кітабы баспа бетін көрген. Сәтбаев Баянауылға келіп тұрғанда осы машинкамен жұмыс істегені анық. Себебі, ол кісі жүрген жерінде үнемі хат-хабар, мақала жазумен айналысатынын әжеміз Капитолина Черкашина айтып отыратын, – дейді М. Баек.

жәдігер
Фото: Баек отбасының жеке мұрағатынан

«Яналиф» маркалы жазу машинкасы шамамен өткен ғасырдың 20-жылдары Еуропада шығарылған. Ұлыдан қалған жәдігер бүгінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақталып тұр.

Айта кетейік, бүгін геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл. Қазақ халқының ұлы перзенті, тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы кеңінен аталып өтеді. Бұл жайында Премьер-Министрдің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған болатын.

Академик Қаныш Сәтбаевтің Баянауылдағы мемориалдық музейі облыс орталығына «Қазақтың Қанышына – 125 жыл» атты көшпелі көрмесін алып келгенін жазған едік.

Павлодар облыстық сотының музейінен Қаныш Сәтбаевтің әкесі Имантай Сәтбайұлының би болғанын дәлелдейтін белгі табылғаны туралы мына жерден оқи аласыз.

Қалмаққырғандағы «Қаныш үңгірінің» тарихымен де таныса отырыңыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ