Қарағанды облысында ауызсумен қамту мәселесі толық шешілді

0
8

Қарағанды облысында ауызсу қызметтеріне қолжетімділік 100 пайызға жетті. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін 2025 жылы қала мен ауылдық елді мекендерде барлығы 67 жоба іске асырылды.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша 22 құрылыс нысаны толық пайдалануға беріліп, 45 ауылдық елді мекенде блок-модульді су тазарту кешендері орнатылды. Нәтижесінде облыс тұрғындарының 100 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылды, – деп баяндады аппараттық кеңесте Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев.

Қарағанды қаласында үш ірі жоба аяқталды. Жаңа және Ескі Тихоновка елді мекендерінде су құбырлары тартылды. Бұған дейін орталықтандырылған су жүйесі болмаған жеке сектор тұрғындары енді ауызсумен қамту қызметін пайдаланып отыр.

Теміртау қаласында орталықтандырылған су жүйесіне үш шағынаудан мен Оң жағалау аумағы қосылды.

Сондай-ақ жұмыстар Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарында жүргізілді.

Жұмыстардың қорытындысын шығарған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев атқарылған істің әлеуметтік маңызын атап өтті.

– 2025 жылы біз қалалар мен ауылдарды сапалы ауызсумен толық қамту міндетін толық көлемде орындадық. Бұл – халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы негізгі көрсеткіштердің бірі. Ендігі маңызды міндет – қол жеткізілген деңгейді сақтау, нысандарға тиісті қызмет көрсетуді қамтамасыз ету және су сапасына тұрақты бақылау жүргізу, – деді өңір басшысы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз