Қарағанды облысының жас робототехниктері Орталық Азия чемпионатына жолдама алды

Қарағанды облысының оқушылары Astana FIRST Qualifier республикалық робототехника чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Өңірдің қалалары мен мамандандырылған лицейлерінен келген командалар жүлделі орындарға ие болып, Орталық Азия чемпионатына жолдама жеңіп алды.

Astana FIRST Qualifier – халықаралық FIRST білім беру қозғалысының республикалық кезеңі. Биылғы маусымның тақырыбы археологияға арналды: қатысушылар автономды роботтар, инженерлік және цифрлық шешімдер, сондай-ақ мәдени мұраны сақтау мен археологиялық жұмыстардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған зерттеу жобаларын әзірледі.

Жоғары нәтижені «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының командалары көрсетті. Astana FIRST & DRONES CHAMPIONSHIP 2026 халықаралық турнирінде Орталық Азия бойынша Asian Sharks және Ancient T-REX командалары 88 қатысушы команда арасынан бірінші және екінші орындарды иеленді.
– Жарыста роботты құрастыру ғана емес, идеяны қорғау, командалық жұмысты көрсету де маңызды. Әр қатысушының өз рөлі бар: бірі Core Values (негізгі құндылықтар) номинациясында жобаны қорғайды, ал енді бірі автономды робот жасап, «Робот ойыны» номинациясында алаңдағы миссияларды орындайды. Қазір қазылар алқасының ұсынымдарын ескере отырып, қарқынды дайындық жүріп жатыр. Бұл балалар үшін ғылым мен технология саласында одан әрі дамуға маңызды қадам әрі ынталандыру, – дейді командалар жетекшілерінің бірі Назира Смағұлова.

Ancient T-REX командасының мүшесі Абылайхан Жанболатұлы олардың жобасы археологияны IT-технологиялармен және ойын форматтарымен ұштастыруға бағытталғанын айтты. Мақсат – тақырыпты барынша түсінікті әрі қолжетімді ету. Команда 3D-модельдеу элементтері мен интерактивті тапсырмалары бар цифрлық өнім әзірледі.

Asian Sharks командасы Қарағанды өңірі үшін өзекті, жер асты шахталарындағы жұмыстардың қауіпсіздігіне арналған жобаны ұсынды. Бұл шешімді археологияда да, тау-кен өнеркәсібінде де қолдануға болады.

– Біз археологиялық нысандар мен шахталарда қауіп-қатерді алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін көпфункционалды робот пен цифрлық платформаны жасадық. Робот датчиктермен жабдықталған және қауіпті аймақтарда жұмыс істей алады. Адам роботты қашықтан басқарып, өз өмірін қатерге тікпейді, – дейді Asian Sharks командасының қатысушысы Адия Шамелова.

Қарағандыдағы «Білім-Инновация» №1 лицейінің оқушылары да жоғары деңгейде өнер көрсетті. FIRST LEGO League Challenge санатында оқу орнынан төрт команда қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Spectral және Heptory командалары Орталық Азия кезеңіне жолдама алды, қалғандары инженерлік және мотивациялық номинациялармен марапатталды.

«Білім-Инновация» №2 лицейінің қыздардан құралған Error 404 және Sparks командаларының да өнері нәтижелі болды. Алдымен олар тек қыздар қатысатын First Ladies Regional турниріне қатысты. Кейін Astana Drone and Robot First Qualifier кезеңінде бақ сынады. Мұнда бәсеке әлдеқайда жоғары болды: First League Challenge санатында еліміздің әр өңірінен және Астанадан 80 команда қатысты.

Нәтижесінде екі команда да робот ойыны бойынша үздік жиырма тізіміне еніп, Core Values (негізгі құндылықтар) номинацияларында екінші орындарды иеленді.

Қарағанды облысынан шыққан ең жас жеңімпаздар – Саран қаласындағы №17 мектеп-гимназияның Robo Stars Saran командасы. Қатысушылардың жасы небәрі 9–10 жаста. Команда өз санатында чемпион атанып, елдің бес облысынан келген шамамен 50 қарсыласын басып озды. Жоба археологияда STEM-шешімдерді қолдануға арналды.
– Біз жобамен жаздан бері жұмыс істей бастадық, қазба жұмыстарына барып, нақты мәселелерді көруді және инженерлік шешімдер іздеуді үйрендік. Екі күн бойы балалар қазыларға, қарсыластарға, еріктілер мен қонақтарға жобаларын қорғап, интерактивтер өткізді, командалық жұмысты көрсетті. Мұның бәрі төзім мен жігерді талап етті, бірақ олар бұл сыннан сүрінбей өтті, – деді команда жаттықтырушысы Әсел Ақшалақова.

Өңір қоржынына тағы бір жеңісті «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының JelToqSun командасы салды – олар өз санатында бірінші орын алды. Сондай-ақ M2T және Astrix командалары инженерлік шеберлігі үшін марапатталып, Орталық Азияның келесі кезеңіне жолдама иеленді.










