Қара түтін торлаған қала

0
669

Қыс басталса болды, Семейдің аспанын қою қара түтін торлап алады. Жылу қазандықтарының мұржаларынан будақтаған қара түтінге шаһар халқы тұншығып күн кешуге мәжбүр. Сол мұржадан қабаттаса шыққан қара күйе қапалақтап қар жауғандай түседі. Жылу қазандықтарының төңірегінде тұратын жұрттың жанайқайын жергілікті билік білмейді емес, біледі. Бірақ қолдан келер қайран жоқ. Қолқаны қауып, көзді ашытып, кеңсірікті жарып, кеудені толтырған қара түтіннен семейліктер қашан құтылатыны әзірге бір Құдайға ғана аян.

Семейдің оң жағалауы. Қаланың қақ ортасы. «103-103 А» жылу қазан­дығының мұржасынан будақтаған қара түтін менмұндалайды. Қазандыққа жа­қын орналасқан жер үйлердің де қарасы қалың. Бәрінің шатырындағы ақ қарды қара күйе көмкеріп тұр. Жылу беру нысанына жақын Гагарин көшесінде тұратын Қайырбек Сәдуақасовты шығаберіс қақпа сыртынан жүздестірдік. Аман-саулықтан соң қара түтін мен қара күйенің жайын сұрағанда жұмысына асығып тұрса да аялдады. Аялдай тұрып төңірегіндегі жұрттың аянышты халінен хабардар етті. «Осында тұрғаныма 9 жыл болды. Қыс болса қара түтіннен көз ашпаймыз. Көріп тұрсың, інім, жер міне, қара күйе. Көктемде қар ерігенде судың өзі қап-қара болып кетеді. Меніңше, осы қазандықтың фильтрін тазаламайды ғой деймін. Айыппұл арқалағанда ғана тазалайтын тәрізді. Ара-тұра аппақ түтін шығады», дейді Қ.Сәдуақасов.

Қайырбек ағаның сөзін ірге көршісі Дәуренбек Исабеков те қуаттай түсті. Дәуренбектің осы үйде тұрып келе жатқанына – 20 жылдың жүзі. «Көріп келе жатқан күнімізді басқаға бермесін. Есік, терезені ашудан қалдық. Далаға кір жаю деген жоқ. Қар ерігенде қара күйенің қалыңдығы 5-6 сантиметрге жетеді. Денсаулығымызға қанша зияны тиіп жатыр. Оны елеп жатқан ешкім жоқ», дейді Дәуренбек те қамыға.

Орталық «Спартак» стадионы да – осы жерде. Қазандықты биіктен суретке түсірмекке жақын маңдағы көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер иесінің біреуіне өтініш айттық. Сөзге келмей есігін ашып, балконын ұсынған Әсетқазы ақсақал. Ақсақалдың балконынан стадион алақандағыдай көрінді. Оның да доп тебетін алаңын қара күйе жауыпты. Шылым шегіп, спортпен айналысатын әпендінің әпербақан әрекетіндей көрінді. Далада жаттығу жасайтын спортшы болса, обал-ақ. Әсетқазы ақсақал да қара түтінге бола далаға көп шықпайды. Зәуде шыға қалса, түтінге тұншығады. «Қазандықты көшірмейтіні анық. Өзім көшетін сияқтымын», дейді ақсақал. Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар. Жетпістен асқанда көшіп-қонып жүру де оңай емес.

Осы оң жағалауда қара түтіні тұр­ғындарды титықтатқан тағы бір жылу қазандығы бар. «МЭН» деп аталады. МЭН-нің маңайының бәрі – жер үй. Бұл жақтағы жұрт та түтін жұтып, күйенің астында отыруға мәжбүр. Айналаның бәрі – қап-қара күйе. Аппақ қардың да бе­тін жасырған. Қар жауа қалса, қара күйе лезде бүркеп тастайды. Әр үйдің ауласынан, бау-бақшасынан қара күйенің ұшқынын ұшыратасыз. Көшесін сөз етудің өзі артық. Қара күйе­ні күніне бір рет сыпырып отыру бұл жақ­тың тұрғындарының қалыпты тірлігі, әдетіне айналған. «Өзі қайда ба­рып, кімге мұңымызды айту керек еке­нін білмейміз. Бір немеремнің көзіне қара күйе­нің қиыршығы түсіп, екі рет ауруха­наға апардым. Жел соқса, қара күйе көзге түседі. Балаларды далаға шығармай, үйде қамап отырмыз. Мынау қашанғы жалғасады? Жергілікті билік бір қарекет қылмаса болмайды», дейді сол маңайда тұратын Раушан Өмірханова.

Оң жағалаудағы екі қазандықтың ғана маңайында тұратын ағайынның мұң-мұқтажы – бұл. Кеңсірігі ашыған, демі ауырлаған, тамағы жыбырлаған, өкпесі қара түтінге толған тұрғындардың жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Өкпелейтіндей-ақ жөні бар. Алты ай қыс қою қара түтінге тұншығу оңай емес, әлбетте. Ал сол жағалаудағы Цемент­шілер кентінің тұрғындары Семей цемент зауытының көк түтінімен тыныс­таудан басқа амалы жоқ. Қаланың іргесіндегі іргелі өндіріс ошағаның төрт мұржасынан тәулік бойы будақтап тұратын түтін – сол жағалаудың «бас ауруы». Әсіресе, теріскейден жел соққанда көк түтін көпке дейін сейілмей, қолқаны қауып, тамақты қырнап ыңғайсыздық тудырады. Цементтің тозаңы да қара күйеден еш кем емес. Сексеннен асқан Сағынтай Рахманов ақсақалдың айтуынша, су өтпейтін жерден цементтің тозаңы өтіп кетеді. «Өндіріс зиянды қал­дықтарын демалыс күндері шыға­ратынға ұқсайды. Сенбі, жексенбі күн­дері қолқаны қабатын иістен бас айна­лады. Семей облыстың орталығы болды. Енді құрылыс көбеймесе, азаймасы анық. Сәйкесінше, цементке де сұраныс артады. Сүзгі қойып амалдамаса жағдайымыз бұдан да қиындайды», дейді Сағынтай ақсақал.

Абай облысында ірі өнеркәсіп ошақ­тары көп емес. Саусақпен санарлық қана. Силикат зауыты, Семей цемент зауыты, «Теплокоммунэнерго» МКК облыста қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығарудан алдыңғы орында тұр. Жал­пы, Абай облысында ауаға зиянды қалдықтар шығару көлемі шамамен 31 мың тоннадан асады.

Экологиялық реттеу және бақы­лау комитетінің Абай облысы бойын­ша экология департаментінің басшы­сы Серік Сарбасовтың айтуынша, Семей­дегі жылу қазандықтарының тозығы әбден жеткен. Онда тұрған сүзгілер бүгінгі талапқа мүлдем сәйкес келмейді. «Сүзгілердің түтіннен бөлінетін зиянды қалдықтарды ұстауы құжатта 80-85 пайыз деп көрсетілген. Лабараториялық зерттеу жүргізгенде ескірген сүзгілер 40 пайыз ғана түтіндегі зиянды қалдық­тарды ұстай алатынын көрдік. Біздің тараптан жергілікті атқарушы органдарға озық технологияларды пайдалану жөнінде ұсыныстар айтылды», дейді экология департаментінің басшысы Серік Абуллаұлы.

Экологиялық кодекстің талабы бо­йынша, ауа ластаушы кәсіпорындар эмиссия төлейді. Эмиссия деп белгілі бір көлемде қаржы төлеп, ластауға рұқсат алуды айтады. Эмиссиядан түскен қара­жат қоршаған ортаны жақсарту бағытына ғана жұмсалады. Экологиялық кодекске сәйкес, Абай облысында қор­шаған ортаны қорғау жөніндегі іс-ша­ралар жоспарының үш жылдық жобасы әзірленіпті. Бұл ретте Абай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қоршаған ортаны жақсартуға сеп болатын іс-шаралар жоспарын түзген.

«Жобаларды әзірлеу кезінде эко­логия департаменті тарапынан ұсы­ныстар білдірдік. Әсіресе, «Тепло­коммунэнерго» мекемесіне қарасты қазандықтарды жаңғырту, модернизациялау жағына ерекше назар аударылды. Жылу қазандықтарына заманауи электр сүзгілерін қоюды қарастыруға көп көңіл бөлу керек екені айтылды», дейді С.Сарбасов.

Бұған қоса Абай облысының эколо­гиялық мәселелерін шешу үшін департамент жол картасын әзірленген. Депар­тамент басшысының айтуынша, жол картасын әзірлеу кезінде жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары, талап-тілектері ескерілген. Жол картасы Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне жолданған.

Айтпақшы, Семей цемент зауыты­ның 4 айналмалы пеші бар екен. Оның төр­тінші айналмалы пешіне өткен жыл­дың қазан айында жаңадан электр сүзгісі орнатылыпты. Биыл бұйырса жаз­ға дейін екінші айналмалы пешке де жаңа электр сүзгісін орнату жоспарлан­ған. Зауыттың түтінінен әбден зәрезап болған тұрғындар үшін бұл да үлкен жаңалық болары сөзсіз.

Жақында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдегі БАҚ өкіл­дерімен жүздесіп, жаңадан бекіген кешенді жоспар аясында атқарылатын жұмыстар жайында жан-жақты баян­даған еді. Сол кездесуде де қаланың эко­логиялық мәселесі айтылмай қалма­ды. Облыс әкімі жаңадан жылу электр орталығы салынғаннан кейін, оң жаға­лаудағы ескірген, жылу беру қуаты аз жылу қазандықтарының бәрі жұмысын тоқтататынын айтты. Әзірге жаңа жы­лу электр орталығы салынғанша, семей­ліктер қара түтінге тұншығып жүре тұруына тура келетін тәрізді.

Ерзат ЖАНАТҰЛЫ,

журналист

 Семей қаласы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ