Ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік тілді не байланыстырады?

0
184

Ел егемендігін алған тұстан өндірісі өркендеген, экономикасы мығым қуатты мемлекет құруға ұмтылдық. Қазір де осы бағыттан танғанымыз жоқ. Жаңа технологиялардың отанына айналған озық елдердің тәжірибесін негізге алып, сатылап, өркениетті елдердің көшіне ілесіп келеміз. Дамыған елдердің әрқайсысын тізбектемей, Оңтүстік Корея, Жапония мен Ұлыбританияны мысалға алсақ, олардың ғасырдан-ғасырға жалғасқан мәдениетін сақтап, ұлттық құндылықтарын әлемге үлгі еткеніне қарап сүйсінесің. Сүйсінесің де «озық ел – барлық жағынан озық болуы керек екен» деген ойда қаласың.

Бұл – бабалардан бізге аманат болған ұлттық құндылықтарға сыңаржақ қарауға болмайтынын анық ұқтырып тұр. Қуантарлығы, кейінгі жылдары ұлттық құндылықтарға, руханиятқа негізделген реформалар қолға алынып, бағдарламалар қабылданып жатыр. Тіпті, осы жаңашылдықтарды санамалап шығудың өзі жеңіл болмасы анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та салт-дәстүр, ұлттық сана-сезім, татулық пен келісім, береке-бірлік жайын Жолдауда бірнеше рет айтты. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы, Алтын Орданың 750 жылдығы сынды өзге де тарихи маңызы зор оқиғалар мен даталарды тойлауға Президенттің пәрмен беруі тегінен-тегін емес. Татулық пен тұрақтылық, бірлік ұғымы ұлттың күретамыры іспетті ұлттық құндылықтарға негізделсе жақсы. Болмаса, көрші елдердегі геосаяси ахуалды біз ғана емес, бүкіл әлем көріп отыр. Бұл екі өркениет арасында алауыздық деп айтудан басқа шара жоқ. Шындығы сол.  Ұлттық құндылықтар – ұлттың темірқазығы. Одан ажырасаң – қара басқаның. Батыстың таңсығын көз түсіп, қаңсығына ұрынып қалмайық деген сипаттағы орынды ой-пікір жазылып, айтылып та жүр. Талас жоқ, еркін елде барлық азаматтың құқығы тең. Таңдауы өз еркінде. Бірақ ашық қоғам деген –  ұлдың қызға, қыздың ұлға еліктеуі сынды болмысымызға, түсінігімізге жат, мәдениетімізге қайшы ессіз әрекетті жұртқа үлгі ету емес қой.

Мемлекет басшылыққа алған ұлттық құндылықтардың іргесі Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда қаланды десек қателеспейміз. Кейінгі қыркүейктегі Жолдауда да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайға тоқталды. Әділетті мемлекет әділетті қоғам құру идеясы санада жатталып, өмір сұру қағидасына негізделуі үшін ғасырлар бойы жұрнағы үзілмей сақталған тарих пен мәдени айшықтарды заман өтсе де жаңартып отыру өзекті. Бұл тұста Алтын Орда дәуірінен аспай-ақ содан бергі тарихымызды танысақ мұның өзі үлкен олжа. Өйткені әлеуметтік желіде халықтан бөлек, көрші елдегі саясаткерлердің ел тарихы туралы ашықтан-ашық жалған айтуы дұрыс пиғыл емес. Сол саясаткерлердің 1991  жылға дейін қазақ тәуелсіз болмаған деген жаңсақ пікірін іліп алып, бөсіп жүргедерге жол болсын. Тарихтан хабары жоқ ел азаматтары осындай дәйексіз сөзді шын деп қабылдамасына кім кепіл? Осыдан кейін Ұлттық құндылықтар, тарих, мәдениет, әдебиетті қалай елемеуге болады? «Рухы мықты елді жау да, дау да алмайды». Ол үшін қазірден жастар тәрбиесіне көңіл бөлгеннен асқан тиімді тәсіл жоқ. Батысқа еліктейміз деп бас-басына би болып, тек өзінің жан рақаты үшін ғана өмір сүретін жастардың толқыны келсе қайтпекпіз? «Не ексең, соны орасың» деген. Қазір оқушылар  мекетепке кіргеннен бірінші сабақта  Мемлекеттік Гимнді шырқаудан бастайды. Балалар Мемлекеттік Рәміздердің тарихын тереңірек түсініп, мерекелерде ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын іс-шараларға қатысады. Қарап отырсақ «ұлттық» деген сөз өзге емес, өзімізге тән дүниенің құныдылығын арттырады. Сайып келгенде, ұлттық тәрбие, ұлттық код, ұлттық өнер, ұлттық ойындар ұлттық білім – ұлттық құндылықтармен үндес. Мемлекеттік тіл де солай, кешегі бабалардан жеткен мұра десек жаңылмаймыз. Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр елге еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік награда табыстар алдында айтқан сөзі еске түседі.

–Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – Мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жақында мен «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деп айттым. Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан, мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды. Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біздің жол емес», – деді Президент.

Қазақтың философ, ойшыл ғалымдарының бір емес бірнеше тілді қатар меңгеріп, ғылымды өркендетуе қосқан сүбелі үлесі жайында білеміз. Білім-ғылымда зерттеу нысанын тарылтып, тек бетінде қалқыған жаңашылдықтарды сүзіп өтумен шектелмеу керек қой. Бұрын ғалымдардың бір емес, ондаған ұлттың тілін білуі көрегендігінен. Қазір әлем ғалымдарының еңбектерін ағылшын тілі арқылы оңай түсінуге мүмкіндік бар. Ағылшын тілі халықаралық қатынас құралы ғана емес, ғылымның тіліне айналғаны қашан. Ендеше бізге ағылшын тілін меңгеру керек пе, әрине керек. Неге десек, ағылшын тілі ғылымды тануға ғана емес, өзге де салаларды дамытуға ықпал етеді. Мұны дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Мектепте балалар бастауыш сыныптан шет тілін меңгере бастаса, одан қазақ тілінің аясы тарылып қалмайды. Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл деген статусы бар. Кейінгі жылдары көптеген іс-қағаздардың қазақшаланғанын көз көріп отыр. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған іс-шаралар жыл сайын еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылады. Технократтар дәуіріндегі балалардың қарым-қабілеті жоғары, мүмкіндігі мол. Қазір мектеп жасына толмаған балалардың смартфоннан орыс, ағылшын тіліндегі контенттерді тамашалап, қазақ тілімен қоса шет тілдерін үйреніп жатқанына қарап, қайран қаласың. Әрине, ағылшын тілін меңгереміз деп, қазақ тілінің жұрнағынан ажырап қалуға болмайды. Мұны Президенттен бастап, депутаттар, халық айтып жүр. Әлеуметтік желіде дүкенге, қоғамдық орындарға барған жұрттың қазақ тілінде жауап алғысы келетіні де орынды. Мінберде депутаттардың әріптестерінен қазақ тілінде қойылған сұраққа қазақша жауап беруін талап еткен жағдайлар бірнеше мәрте кездесті. Әрине, алауыздықтан аулақ болайық, бірақ мемлекеттік тілдің мәртебесін осылай көтеруге болады емес пе? Ал ана тіліміздің қолданыс аясы кеңейсе, ұлттық құндылықтарды ұмытуға негіз жоқ.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ