«Қараөткел» зиратында Алаш қайраткерлерін еске алу рәсімі өтті

0
227

Фотолар: Ерлан Омар, «Egemen Qazaqstan»

31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Астана қаласының «Байқоңыр» ауданындағы Қараөткел зиратында еске алу рәсімі өтті,

Аталған зиратта мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасов жерленген. Әуелі Алаш арыстарына Құран бағышталып, әруақтар рухына тағзым етілді.

Е.Омар

Еске алу рәсімін ашқан «Қазақ газеттері» ЖШС директоры, алаштанушы академик Дихан Қамзабекұлы: «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия былтыр қыс мезгілінде қорытынды жариялады. 311 мың адам ақталды. 2 млн 500 мыңдай құжат құпиясыздандырылды. Бұл өте ауқымды жұмыс. Президентіміз: «Алаштың жолы – білім-ғылым жолы», деген еді. Алаш қайраткерлерінің көбінің бейіті жоқ, олардың әрбірінің аты-жөндері, қайғы-қасіреттері, ауыр жолдары туралы естеліктер мен оқиғалар тарихта жазылмайынша ғылыми жұмыстар аяқталды деп айта алмаймыз. Смағұл Сәдуақасов атамыз айтқандай, артымызға анық көңілмен, алдымызға ашық көзбен қарайық, елімізде береке болсын», деді.

Іс-шарада «Байқоңыр» ауданының әкімі Талғат Рахманберді және Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары сөйлеген сөздерінде осындай іс-шаралар жастарға терең ой салатынын тілге тиек етіп, Алаш зиялылары тарихын құрметтеп-бағалау тұрғысындағы істер жалғаса берсін, деген тілек білдірді.

Еске алу рәсімінде Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары, ғалымдар, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшілері, әкімдік өкілдері, Еуразия Ұлттық университетінің студенттері қатысты.

Е.Омар

Е.Омар

Е.Омар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз