Араны ашылған алаяқтар
Бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған қылмыстың бірі – алаяқтық. «Аңқау елге – арамза молда» кейпіне енген алаяқтардың араны ашылып-ақ барады. Жеңіл жолмен табыс табуды көздегендердің қатары азаяр емес.
Атырау облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Закарьян Разғалиевтің айтуынша, соңғы жылдары алаяқтық қылмысты жасайтындар, оның ішінде интернеттегі алаяқтық күрт көбейген. Мәселен, өткен жылы Атырау облысында интернеттегі алаяқтықтың 720-дан аса дерегі тіркелген.
– Былтыр тіркелген қылмыстық деректің басым көпшілігі тауарды онлайн сатып алу мен онлайн несие ресімдеуге қатысты болып отыр. Өткен жылы дәл осындай қылмыстың саны 9,7 пайызға өскені байқалды. Қазір 130 қылмыс ашылып, тергеу жүріп жатыр. Ал жыл басталғалы бері интернеттегі алаяқтық 10 пайызға артып отыр. Осындай қылмысқа баратындар банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан қоңырау шалады. Әсіресе несие ресімдеу жөніндегі алаяқтық ерекше белең алып тұр. Бұл дерек бойынша былтыр тіркелген қылмыстың саны 70-тен асты, – дейді Закарьян Разғалиев.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, алаяқтардың қылмыстық «кәсібі» алуан түрге бөлінеді. Жеңіл жолмен табыс тауып, баюды көздегендердің дені – әйелдер. Алаяқтардың арбауына түсірген құрбандарының ақшасын қайтармай, тіпті із-түзсіз «жоғалып» кетеді. Мәселен, атыраулық 24 жастағы тұрғын екі жыл бойы алаяқтық жасаған әйелден 1 млн 350 теңгесін қайтара алмағаны анықталған. Алаяққа берген ақшасын зарыға күтіп, амалы таусылған жәбірленуші полицияға шағымдануға мәжбүр болған. Жәбірленуші 2019 жылғы 4 тамызда 32 жастағы әйелдің Атырау қаласында жаңадан бой көтерген «Береке» шағын ауданынан екі бөлмелі пәтер алып беремін деген уәдесіне сенген. Сөйтіп, оның қолына 1 млн 350 мың теңгесін ұстата қойған. Содан бері пәтерді де алмаған, алаяққа берген ақшасын да кері қайтара алмаған. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру жүргізу кезінде 1989 жылғы әйелді ұстады. Тексеру кезінде 32 жастағы әйелдің үстінен осындай алаяқтығы үшін 11 адамның арызданғаны белгілі болды.
Тағы бір дерекке тоқталар болсақ, Атырау қалалық полиция басқармасына 22, 27 және 35 жастағы жергілікті үш тұрғыннан арыз түскен. Олар 37 жастағы азаматтың жоғары оқу орнына ақысыз түсіруге уәде бергенін айтқан. Күдікті алаяқтық жолмен жәбірленушілердің бірінен 600 мың, екіншісінен 292 мың, ал үшіншісінен 350 мың теңге алған. Алайда осы кезге дейін уәде етілген оқуға түсірмеген, не алған ақшаны кері қайтаруды ойына алмаған. Төрт адамның сеніміне кіріп, пәтер алып беру үшін 98 млн теңгесін жымқырған әйел 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған. Темір торға қамалған алаяқтың тағы да 6 адамды әлгіндей әдіспен алдап, 25 млн 700 мың теңгесін қалтасына басқаны анықталды. Полиция қызметкерлері бірнеше адамды арбауына түсірген алаяқтың заңсыз әрекетіне байланысты тағы да тергеу жүргізуге мәжбүр болды.
Толғауы тоқсан тіршіліктің қиындығымен пәтер жалдайтындар да алаяқтардың «қармағына» ілініп жатыр. Мәселен, 1980 жылғы әйел 20 адамға элиталық пәтерді көңілге қонымды бағамен жалға беруге уәде еткен. Көптің көңіліне күдік ұялатпаған алаяқ келісілген соманың жартысын алдын ала төлеуді ұсынып, ұлының жеке есепшотына аудартып отырған. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдікке ілінген әйелге қатысты 20 деректі дәлелдеді. Алаяққа алданғандардың арасында 9 атыраулық бар. Бұдан бөлек, Астана, Тараз, Алматы, Қарағанды, Қостанай қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да сан соғып қалған. Өзге қалалардағы жәбірленушілердің алданғанына байланысты 11 дерек анықталып отыр.
Мұнайлы Атырауға өзге өңірден келіп, алаяқтықпен айналысатындар да бар. Мәселен, Қарағанды облысының тұрғыны жергілікті тұрғындарға екінші деңгейлі банктер арқылы тауарлық несиелер алып беруге уәде етіп, қаражатты қалтасына басқан. Күдікті Атырау облысының 40 тұрғынын алдап, 40 млн теңгеге жуық залал келтірген.
«Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» дегендей, алаяқтық әрекетке баратындар танымайтын адамдарды ғана емес, өздерінің туыстарын да алдауға бейім екенін аңғартып отыр. Сондай алаяқтың бірі – қайын атасын алдаған күйеу бала. Атырау қаласының 1956 жылғы тұрғыны банктерден «несие қарызын төлеу бойынша келісімшарт талабын орындамадыңыз» деген қоңыраулар жиілегеніне күмән келтіріп, мәселенің мән-жайын анықтауға кіріскен. Сол кезде 4 млн теңгеден аса несиесі бар екенін білген. Алайда бұл несиені өзі алмаған. Сол себептен, полицияға жүгінуге шешім қабылдаған. Ал полиция қызметкерлері шағымданушының 34 жастағы күйеу баласын ұстады. Тергеу кезінде күдіктінің қайын атасының атына 2020 жылдың қарашасынан 2021 жылғы қазан айы аралығында банктер мен қаржы ұйымдарынан 55 мың теңгеден 2 млн теңге көлемінде несие алып келгені анықталды. Күдіктінің алған несиесінің жалпы сомасы 4 млн 499 мың 542 теңгені құраған. Тағы бір Атырау қаласының тұрғыны алаяқтық жолмен 35 адамның ақшасын алып, қалтасына басқан. Алаяқ алдымен өзінің туыстарын қаладағы «Нұрсая» шағын ауданынан арзан бағамен пәтер алып беремін деп арбауына түсірген. Жәбірленушілерден Kaspi.kz қосымшасы арқылы банк карточкасына, тіпті кейбіреулерінен қолма-қол ақша алған. Өзінің қызмет құнын 300 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін бағалаған. Сөйтіп, азаматтардың 29 млн 300 мың теңгесін жымқырған. Ал алдын ала төлем жасап, пәтер күткен қала тұрғындары өздерінің алданғанын алаяқ әйел телефонын өшіргенде бір-ақ білген. Ал 1983 жылғы әйел өзінің таныстарына күйеуінің компаниясына үлескер болу үшін қаражат құйып, кейін түскен табыстан пайда табатынына сендірген. Алайда жиған-терген қаржысын үлескерлікке салған 18 тұрғын ешқандай пайда көрмеген. Тіпті ақшасын қайтара алмай, тығырыққа тірелген. Полиция түскен шағымға байланысты тергеу кезінде аса ірі көлемдегі алаяқтық күдігіне ілінген ерлі-зайыптылардың 18 жәбірленушіге 150 млн теңге залал келтіргені анықталған. Сот үкімімен ерлі-зайыпты алаяқтар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Әрине, полиция қызметкерлері тұрғындарды алдап-арбау амалдарын қолданып, сеніміне кіру арқылы бөтеннің мүлкін жымқырудың жолын кесуге байланысты іс-шараларды жалғастырып келеді. Алайда жүргізілген түсіндіру жұмыстары мен ескертулерге қарамастан, тұрғындардың алаяқтарға алданып қалу дерегі азаяр емес. Мәселен, былтырғы 23 қараша мен 3 желтоқсан аралығында 45 жастағы әйел Атырау қаласының 1988 жылғы тұрғынынан 6 «Iphone 13 Pro» ұялы телефонын арзан бағаға алып беру үшін 2 млн 196 мың теңге, 31 жастағы тұрғыннан тұрмыстық техника үшін 1 598 500 теңге, 1995 жылғы тұрғыннан «Iphone 13 Pro» телефоны үшін 498 000 теңге, 2004 жылғы тұрғыннан 3 «Iphone 13 Pro» телефоны үшін 1 млн 174 мың теңгені алаяқтық жолмен иемденіп алған.
Ешкімнің ала жібін аттамайтын адал жандарды алдайтындар тек үлкен шаһарда ғана емес, аудандардан да шығып жатыр. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 24 жастағы алаяқтың Махамбет ауданында тұратыны анықталып отыр. «Алаяқтық іспен айналысқан күдікті 2022 жылғы желтоқсаннан бері «Kaspi» және «Freedom Finance» банктерінен тауарлық несиені ақшалай алып, үстіне бонус қосып беремін деп 30 адамды алдаған. Сөйтіп, 40 млн теңгені иемденіп алғаны анықталды. Қазір алаяқ ұсталды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Облыстық прокуратураның ақпаратына қарағанда, онлайн-несие берумен айналысатын микроқаржылық ұйымдар саны көбейген. Бұған осындай ұйымдардан несие алудың тез әрі оңай болатыны әсер етіп отыр. Мұны алаяқтар өз мақсатына пайдаланып, ештеңеден күдіктенбейтін адамдарға микроқаржылық ұйымдардан онлайннесиелерді ресімдеуде. Бұл туралы жәбірленушілер өздерінің банктік шоттары бұғатталған кезде немесе сот орындаушыларынан қоңыраулар түскен кезде ғана біледі. Мәселен, Ч. деген ер адам өзгелердің жеке мәліметтерін пайдаланып, микроқаржылық ұйымдардан онлайннесиелерді заңсыз ресімдеген. Оның осындай заңсыз әрекетінен 97 атыраулық зардап шеккен.
Араны әбден ашылған алаяқтардың арбауына түспеудің амалы бар ма? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Атырау өңірлік департаментінің басқарма басшысы Асланбек Қабесовтің айтуынша, алаяқтардың құрығына түспеу үшін сақтық шараларын естен шығармау қажет.
– Белгісіз нөмірден қоңырау шалып, бірден ақша жайында әңгіме қозғаған адамға, тіпті өзінің кім екені туралы айтса да сенбеген жөн. Бейтаныс адамның айтқан нұсқауларын орындамау, әсіресе оған өзіңіз туралы ақпарат бермеу керек. Мобильді телефонға күмән туғызатын қосымшаларды жүктемеу қажет. Өзінің ақшасынан айырылып қалмауын, бөтеннің кредиті ресімделмегенін қалаған адам өзінің дербес және төлем деректерін ешкімге бермеуге тиіс, – дейді Асланбек Қабесов.
Ал жақында Атырау облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы «Атамекен тұрғын үй», «Baisanat Residence» және «Saraishyq Invest Group» тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысты алаяқтық дерегімен қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлады. Демек, алаяқтық қылмысқа баратындарға әлі тоқтам болмай тұр.