Асау жүректі ақынның екінші биографы
Жүсіпбек Аймауытұлы туралы
Ойыма бар ғұмырын Сұлтанмахмұттың тағдыры үшін жанпида күреске арнаған профессор Бейсембай Кенжебайұлы оралды. Сұлтанмахмұт үшін күрес – Алашорда үшін күрес еді ғой, бәтір-ау. Сұлтанмахмұт «Алаш ұранын» жазды. Алаш ұранын жазғаны өлідей өзіне сор болды. Алашорданың өзге аймүйіздері тірідей қудаланып, бірде кешіріліп, бірде қайыра қудаланып, ақыры сотталып, атылып кетуіне себепкер болса, Сұлтанмахмұттың өлідей сәт сайын «сана сотына» түсіп, сан рет большевиктік айыпталуына себепкер – сол «Алаш ұраны»! «Алаш ұраны» мен Алаш рухты шығармалары!
Әкедей әзіз Бейсекең, Бас сұлтанмахмұттанушы – профессор Бейсембай Кенжебайұлымен арадағы әңгіме тағы да осы бағытта өрбіген еді. Бейсекең қызыл пүліш жабылғы жабылған диванда тыныстап отыр еді. Әжімді жүзі терең теңіз тербеген судың бетіндегі су тербелісіне ұқсайды. Жыбыр, жыбыр… Қасына таяп келе жатқан мені де аңғарар емес. Осылай ерте тұратын әдеті. Ұлғайған жас, сергек ұйқының адамы. Жары татар қызының ұқыптылығынан қалыптасқан дағды ма, әлде өз ұқыптылығы ма, әйтеуір құланиектен тұрып алады. Бізді оянып кетпесін дейтін болуы керек. Әлде, таңғы саумал ауадан жұтып-жұтып, кең тыныстап алғысы келе ме, әйтеуір тырп-тырп басып далаға сейілге шығып кетеді. Бір сағаттай аулада жүріп келіп, осы диванда отырады. Оған дейін біз де оянамыз. Жатын бөлмеден тұрып келіп, сәлем беремін. Күнделікті дағды.
– Ассалаумағалайкөм, әкей?
– Қайырлы таң, қарағым!
– Жақсы ұйықтап тұрдыңыз ба?
– Шүкір! Шүкір!
Бейсекеңнің «шүкіршілігінен» кейін, кешегі әңгіме ойыма түсті. Кеше түннің бір уағына дейін бүкіл өмірін арнап, зерттеп келе жатқан асау жүректі дауылпаз ақын Сұлтанмахмұт жайында әңгімелескен едік. Шамалауымша, кешегі әңгімеден ақсақал әлі айыға алмай отыр. Оған күмән жоқ. Өмір бойы зерттеп, жан-тәніне еркін еніп кеткен тақырып болғандықтан ба екен. Әйтеуір күндіз-түні ойынан Сұлтанмахмұт ақын шықпайды-ау, шықпайды. Бейне күндіз ақынмен сұхбаттасып, сырласып бір жүретін, түнде ұйқыға бірге жататын секілді әсерде боламын кейде. Шығармашылық психологиясы. Диванға келіп, ақсақалдың қасына жайымен жайғастым.
– Сонымен, өмірден қыршын кеткен Бернияз ақынды асау жүректі ақынымыз Сұлтанмахмұттың бірінші ғұмырнамашысы атауға болады ғой? – дедім сосын сұраулы жүзбен.
– Болады, әрине. Әттең-ай, Бернияз ақынның үш поэмасын кімнен алғанын айтпаған, жазбаған. Жиырманшы (Ол осылай қолданады. Қ.Е.) жылдары Ахмет Байтұрсынұлы «наркомпрос» болған. Сол кезде ұлы ақындарымыз жайында екі комиссия құрған. Бірі – данышпан ақынымыз Абай мұрасы жөнінде. Оны Мұхтар Әуезов басқарған. Екіншісі – Сұлтанмахмұт Торайғырұлының әдеби мұрасы жөнінде. Оны – ой, жорға жазушы, қазақтың тұңғыш «Психология» оқулығын жазған Жүсіпбек Аймауытұлы басқарған. Кейде маған мынадай да ой келеді. Бернияз 1922 жылы «Қазанда» кітап қылып басып шығарған «Адасқан өмір» кітабына енген үш поэманы Жүсіпбектен алмады ма екен деген де ой келеді.
– Сонда Жүсіпбек Аймауытұлы Сұлтанмахмұттың өлеңдерін, ұлы ақын дүниеден өте салысымен жинауға кіріскен бе?
– Солай деуге болады. «Түркістан республикасының» үні – «Ақ жол» деп аталатын тамаша газет болған, қарағым. Оның ұйымдастырушы шығарушысы, редакторы – Сұлтанбек Қожанұлы есімді асқан қайраткер, «Тоқпақ» деген тақуалламен өзі де небір уытты өлеңдер жазған, аса өткір қаламгер болған. Аға еді, ұстаз еді бізге. «Ақ жол» газетіне жазуға талабы бар жастарды тартып жүруші еді. Ташкентте «Луначарский үйі» аталатын Мәдениет сарайы болды. Сонда небір айтыс, тартыс өтер еді. Соған біздің қатысуымызды қалайтын. Ол – бөлек бір әңгіме. Орайында бір әңгімелеп берермін.
– Иә, сөйтсеңізші. Ол Сізге келіп, сәлем беріп кететін Зиба есімді апайдың әкесі ғой. «Сталиннен ықпаған, бетіне тура айтып салып, қарап отырар кісі болып еді» деп, Сіз де еске аласыз ұдайы. Сұлтанбек Қожанұлы жайында, жалпы «Түркістан республикасы» жайында әңгіме қызықты болар еді. Бірақ, ол тақырыпты арнайы әңгіменің еншісіне қалдырайық. Бүгінгі әңгіме Сұлтанмахмұт Торайғыров жайынан болса.
– Болсын, болсын. «Ақ жол» газетін тілге алған соң, айтылып қалып жатқан сыр ғой, қарағым. Мынау «Социалистік Қазақстан» өзінің бастауын түрлі газеттерден алып жүр ғой. «Ақ жол» бір жағынан Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы ұйымдастырып шығарған қазақтың тұңғыш ұлттық газеті «Қазақ» газетінің жалғасы деп айтуға болатын, бір жағынан осы «Социалды Қазақстан» (солай айтты. Қ.Е.) бастауында тұрған баспасөз деуге келуші еді. Басшыларына әрдайым айтамын. Тыңдамайды. Жанынан безіп, қорқады. Безілдеп қоя береді. «Түркістан республикасы» – советтік республика ғой. Оның үні «Ақ жол» советтік баспасөз ғой. Неге қорқады? Білмеймін. Ұлт мәселесін қозғайтын. Ұлт мәселесін қозғамаса, ол қалай қазақ газеті болады? Осылардың түсінігі қызық, әйтеуір.
Сол «Ақ жол» газеті бетінде Жүсіпбек Аймауытұлы өмірден жас кеткен отты ақын Сұлтанмахмұттың әдеби мұрасын жинау жөнінде үндеу тастағаны есімде. Оқырманға құлаққағыс жасағаны ғой. Қазақтың Шиғабуддин Маржаниі секілді әрі ақын, әрі ғалым, әрі жинаушы, әрі фольклорист, әрі тарихшысы Мәшһүр Жүсіптің үлкен баласы Мұхамедәмин бізге Ташкентте №14 жетім балалар үйінде сабақ берді, тәрбиеледі бізді. Бір персиан байы кісі жұмсап өлтіртіп жіберді. Қарашұбар, бетінде шешек дағы бар сұсты бозым еді. Өте талапшыл жігіт еді. Өлең жазатын. Мәшһүрдің үмітті перзенті еді ғой. Сол Әмен қайтыс болғанда Жүсіпбектің Мәшһүрге жылап отырып, жазған көңіл айтуы бар. Сонда да Сұлтанмахмұт жайынан біраз әңгіме айтады Жүсекең. Қысқасы, Жүсіпбек Сұлтанмахмұт мұрасын газет, журнал беттерінен, архивтерден, жинады. Жаңағы айтқанымдай, газеттерге хабар-өтініш жазып, жеке кісілерден сұратып алды.
– Онда жаныңыздай жақсы көрген жазушыңыз Жүсіпбек Аймауытұлы Сұлтанмахмұттың бірінші биографы бола ма?
– Болады, қарағым, болады. Егер жидашылығын қаперге алсақ, Жүсіпбек бұл істе тұңғыш аталуға, Сұлтанмахмұттай асылдың алғашқы ғұмырнамасын түзуші аталуға тиісті.
– Жүсіпбек Аймауытұлы қыршын кеткен елдес, жерлес, дос-жар ақынның бар әдеби мұрасын түгел жинады деуге бола ма?
– Жо-жоқ. Бейсекең көзі шапыраштанып кетті. – Жоқ. Жүсіпбек Сұлтанмахмұттың әдеби мұрасын түгел жинады деуге болмайды.
– Неге болмайды, аға? 1920 жылдан сабылып іздеп, ел-жұртқа жар айта жүріп жинағанда түгел жиналмағаны қалай?
– Сұлтанмахмұттың әдеби мұрасы дегенің мүлде шашылып қалған ұлан-байтақ көп дүние ғой, қарағым-ау. Оларды бір кісі бір дүркінде толық жинап, түгендеп ала қоярға келмес еді. Түгендей алмас еді бір адам…
– Бір әңгімеңіз есімде. Сіздің айтуыңызға қарағанда, Сұлтанмахмұттың шығармашылығы алабөтен көп секілді. Дегенде, бұл игілікті іске ақынның көзі жұмылысымен, ізі суымай кіріскен жанашыры Жүсіпбек қанша мөлшерде жинады деуге келеді?
– Бірсыпыра мол жинады. Бернияз Күлеев ақынның көркем шығармаларын, онда да үш поэмасын ғана жинақтап алып, сол күйі кітап етіп бастырған еді ғой. Жүсіпбектің бір жақсысы ол Сұлтанмахмұттың көркем шығармаларын ғана жинамай, хаттары мен күнделіктерін де жинаған еді.
– Апыр-ау, не дейсіз? Аз ғұмырында поэтикалық ұлан-асыр шығарма жазып қалдырған ақын жазылған хатты жинап эпистолярияға ұқыптылық танытқаны ма?! Ол да мейлі-ау, қазақ әдебиеті, қазақ жазушылары жазушылық мәдениетіне әлі сіңбеген мемуардың бір бұтағы – КҮНДЕЛІК те жазып, жүргізіп отырғаны ма? Жазушылық осыншама мәдениеттің бәрін Сұлтанмахмұт қайдан үйреніп, аз ғұмырында қалай жүзеге асырып үлгерген, бәтір-ау?
– О, Сұлтанмахмұт қара сөзге ден қойып, роман да жазған, жұртқа жазған хатын да ұқыптап сақтаған, күнделікті ойға алғанын, ойына келген ойларын күнделік етіп те жазып отырған сұрапыл дарын ғой. Ақсақал екі қолын жайып, таңырқаған кейіп танытты.
Менің есіме орыс ақыны Александр Блоктың музейі қызметкерлері дайындаған, В.Орлов редакциясын басқарған «Әдеби мұра» жинағы түсті. Онда психикалық дертке ұшырап, бір жағынан аштық қысып тақсіретпен өлген Александр Блоктың күнделіктерінің өзі жуан бір том боларлықтай еді. Әлеуметтік сарыны, философиялық ойлары, махаббат драмасы, шығармашылық психологиясы ерекше қызықтырып еді. Енді, міне, қазақ ақыны Сұлтанмахмұттың да мемуарлық, эпостолярлық тұрмыстық жазбаларына тап болғандай әсердемін.
– Өзіңіз көзіңізбен көрдіңіз бе? Оқыдыңыз ба? Ол хаттар, күнделіктер қайда? – дедім жалма-жан.
– Е, ақын өмірі қандай қасіретті болса, оның әдеби мұрасы да сондай қасіретті ғой, қарағым.
Қарт тұнжырады. Әлдесін, басын көтеріп, әңгіме сабақтады.
– 1932-33 жылдары Қазақстан баспасының басшысы әдебиетші Мансұр Ғатаулин есімді жігіт болды. Екеуміз көңілі жақын дос едік. Кейбір мақалаларды екеуміз қол қойып, бірге жазған кездеріміз де бар.
– Тіпті Бейімбет (Майлин) досыңызды да аямай, солақай сынап жіберген мақалаларыңыз да болды….
– Е, болды, болды. Бейімбет сол жолы сен айтып отырған мақаламыз жарыққа шыққанда қатты ренжіп еді: «Ей, Мансұрды қойшы. Ол әдебиетші емес қой. Саған не болды, Бешім-ау?» – деп. Бейімбет екеуміз дос едік. «Сын, өзара сын» принципке айналған кез. Сынадық сосын Бейімбетті. Ол сынға шамданатын, шамырқанатын кісі емес еді. Шамасы, біздің сынымыз социологиялық сыңаржақ сын болып шықса керек. Ол басқа әңгіме жүлгесі. Иә, Мансұр екеуміз дос едік. Тату-тәтті жүрер едік. Пікірлес едік. Мен «Партиздатта», ол «Қазақстан» баспасында дегендей, қатар жүріп көп сырластық. Бірде оның кабинетінде әңгімелесіп отырдық. Ондайда әңгіменің тақырыбы да белгілі ғой, қай баспаның қандай еңбекті кітап етіп бастырып шығару жайы әңгіме болады. Мансұр «Бізде мынадай бар, мынадай бар» деген ретпен маған құшқат жазылған бір топ қолжазба көрсетті. Қомақты қолжазба еді. Жүсіпбек Сұлтанмахмұттың өзі жинаған дүниелерін тегіс қолымен көшіріп (ол кезде қазақ тілінде машинка болмайтын), кітап етіп бастыруға «Қазақстан» баспасына әкеліп табыстаған екен. Алдыңғы лекте көргеніміз көпке белгілі, атақты туындылары. Өлеңдер, роман, поэмалары… Одан әрі қарай парақтағанда Сұлтанмахмұттың хаттары мен күнделіктері көзге түсті. Жүсіпбектің қолы маржандай еді ғой асылында. Одан әрі парақтағанымызда, Сәбит Дөнентаевтың, Мұхтар Әуезовтің, тағы Сұлтанмахмұтты жақсы білетін кісілердің естеліктері де жинақталғанын көрдім. Есімде айрықша қалғаны осы екі кісі. Сәбит Дөнентаев пен Мұхтар Әуезовтің естелік жазатын реті де бар. Бірі Алашорданың
Алаш қаласындағы штабында кіші хатшы болған кезінде қызметтес болған. Тілектес, ниеттес жүрген. Тағы бір жылы Сұлтанмахмұт
Абай ауылына барып қымыз ішіп, өкпе ауруынан емделеді. Сол кезде бала Мұхтар оны білген, көрген, аздап тіл қатысып әңгімелескен дегендей. Әңгіме әуеніне беріліп кетсем керек, әңгіме айтып отырған қарт профессордың сөзін бөлдім. Сұлтанмахмұттың айналасында еуропалық жазушылық мәдениет қалыптаса бастаған екен-ау. Хат, күнделік, өлген кісі жайында естелік әңгіме айту, айту ғана емес, хатқа тәпсірлеп жазу бәрі де еуропалық мәдениет. Қандай ғажап! Бірақ, Сұлтанмахмұттың күнделіктері, хаттары да, тіпті ақын жайында өзіңіз көріп едім деп отырған Сәбит Дөнентаевтың, Мұхтар Әуезовтің естеліктері де не ақынның жинағында, не авторлардың жинағында жарияланып жүрген жоқ. Мен «Мектеп» баспасы үшін Сәбит Дөнентаевтың жинағын құрастырып, көлемді алғысөз жаздым. Сұлтанмахмұт жайында Дөнентаев естелігін көрмедім. Мұхтар Әуезовті оқып, зерттеп өсіп келеміз. Ол кісінің де шығармалар жинағынан Сұлтанмахмұт жайында Әуезов естелігін оқыған емеспін. Өмір бойы қазақ әдебиетінің жазба тарихын әріге, әріге – тарих тұңғиығына жетелеймін деп, өмір бойы «Алаш ұранын» жазған Сұлтанмахмұтты большевиктік әділетсіз сыннан қорғаймын деп, өзі сыналып, өзі сотталып өтіп келе жатқан, рухы шаршамаса да, тәні тозған, моральдық тұрғыдан кетілген сынық жан ұйыған денесін қиқаңдатып, жауырынын жазып-жазып алып, мұңдылау мақаммен сөйлеп кетті.
– Мен де осыған таңмын. 1933 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының толық шығармалар жинағы» аталып, бір томдығы жарыққа шыққан кезде Мансұрдан өзім бір әуестік жеңіп, қызығып қараған күнделіктер мен хаттардың жайын сұрадым. Сонда Мансұр мына жәйтті айтып еді: «Жүсіпбектің жайын өзің білесің. (Атылып кеткен. Қ.Е.) Ондай жағдайдан кейін тиісті орындар жарыққа шыққан кітапқа май шаммен қарайтыны белгілі. Сондықтан Сұлтанмахмұтқа зиянымызды тигізбеуді ойладық. Алғысөз жазған Сәбит Мұқанов та, кітапқа редактор болған Өтебай Тұрманжанұлы да өзара ақылдаса келе, Жүсіпбек жиған, көшіріп ұсынған дүниелердің ішінен алдымен даусыз көркем шығармаларын шығаруды ойладық. Кітапқа жазған Жүсіпбектің өмірбаяны жайында мақаласын авторсыз ұсындық. Тіміскілесе де тани қоймас деп ойладық. Өзің көрген күнделік, жазысқан хаттарды, естеліктерді алып қалуды мақұл көрдік. Олар, міне». Мансұр Ғатаулин столының тартпасын тартып қалып, бір буда материалды шығарып қолыма ұстатты. Байқастап қарасам, ақынның күнделіктері, хаттары, естеліктер екен. Қолжазбаны қарап, кейбірін оқып шығып, қолжазбаны Мансұрға қайтардым. Сұрап алып кетпегеніме әлі өкінем.
– Қап, әттеген-ай! Алып кеткеніңізде ғой, шіркін. Өзіңіз жазғандай, асау жүректі ақынның әдеби шығармашылық сырлары ашылар еді. Ішкі арман дүниесі: қуанышы, күйініші бүгінгі оқырманға жеткен болар еді…
– Айттым ғой, өзім де өкінем, бармағымды тістеймін. Амал қанша?!
– Ол мемуарлық, эпистолярлық қолжазбалар қайда болуы мүмкін?
Әлде бір қаскөйдің қолында жүр ме?
– Сұлтанмахмұт мұрасы сақталып қалуы мүмкін деген архивтерді түгел сүзіп шықтым. «Қазақстан» баспасының архивін де қарадым. Таба алмадым. Тегінде баспадан кетерде Мансұр өзімен бірге ала кеткен болса керек.
– Мансұр Ғатаулиннің архиві сақталуы мүмкін бе?
– Сақталды деп айта алмаймын.
– Бұл да 1937 жылы атылып кеткен сормаңдайдың бірі ме?
– Мансұр 1934-35 жылдары Қарқаралы округтік партия комитетінің секретары болып, партия қызметіне ауысып кетті. Кетерінде округтік газет редакторлығына мені қалап, шақырған еді. Көңіліміз жақын, өзіміз тату жүретін достар едік қой. Оған дейін Павлодар облыстық «Кеңес туы» газетін құрып, «Еңбекші қазаққа» қайта оралғанмын. Оған дейін Оңтүстік Қазақстан Өлкесінің үні «Оңтүстік Қазақстан» газетін қорғасынын жинаудан бастап құрғанмын. Алғашқы газеттен қайта шақырып алған тамаша әдебиет сыншысы, «Еңбекші қазақ» газетінің бас редакторы Ғаббас Тоғжанов. «Сен журналист қана емессің. Өнімді, батыл жазып келе жатқан әдебиет сыншысысың. Облыстық газетте көп жүріп қалсаң, қаламың шектеліп қалады. Орталыққа қайт…» деп қара шаңыраққа қайтарып алып еді. «Оңтүстік Қазақстан» газетінен кетуімнің көп себебі болды. Бұл кезде «Еңбекші қазақтан» Ғаббас Тоғжанов кетіп, орнына Әйтіке Мусин есімді Тройцк жағының жігіті келген. Бар тірлігі шала, дүниетанымы шарқы азамат еді. Онымен жүзіміз жараспады. Оңтүстік Қазақстан Өлкесіне бүгінгі Жамбыл, Оңтүстік, Қызылорда қарайтын. Бірінші хатшысы Восканян фамилиялы армян. Восканов болып жазылады. Орыс болып есептеледі. Восканов «Өңірде жасалып жатқан индустрияны жазыңдар» дейді. Ал көше-көшеде аштан бұралып өліп жатқан Арқа қазақтарында шаруасы жоқ. «Индустрия, мына салынып жатқан зауыт, фабрика кім үшін? Қазақ қырылып жатыр…» деп мен де болмадым. Газетте аштықты жазуға, көрсетуге тиым салынған. Біздің газет аштықты ашынып жазды да отырды, жазды да отырды… Ақыры менің партиялық мәселемді қарап, сөгіс беріп, орнымнан алды. Мен Алматыға қайттым. Енді Мансұр дос өңірлік газетке шақырып отыр. Не істеу керек? Шайлыққан жүрек, жылы орнымды суытқым келмеді ме, әлде әйелім Меңжамал көнбеді ме, әйтеуір дос қолқасын қолдап, бара алмадым.
Мансұр сол Қарқаралы округінде жүріп бес кісі қол қойып, қазақтың аштан қырылып жатқанын Сталинге жазады. Сталин арқылы әділет табамыз деп ойлайды ғой. Қайдан? Сол хаты себеп болды ма, әлде аштықты жасыра алмағаны себеп пе, ұсталып, сотталып, атылып кетті.
– Өкінішті!
– Өңірлік газетке редактор болып барғанымда мен де атылатын едім.
Құдай сақтады. Ал Мансұрдың архиві жойылып, жоғалып кеткен шығар…
Сәл мұңды шегініс жасауға тура келеді. Сол жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясында Ғатаулина есімді бір ғалым істейді екен. Бейсекең сырттай біліп, бақылап жүреді екен. Бейсекең бір күні мені сол Ғатаулинаға жұмсады. «Досымның ұрпағы болар ма?» деп дәмеленгені шығар. Бейсекең жұмсаған соң, не тұрыс бар? Бардым. Сөйлестім. Жуан орыс әйелі. Ақырын баспалап сұрадым: «Мансұр Ғатаулиннің ұрпағы емессіз бе?» «Жоқ. Таза орыспын. Татар ғалымның әйелімін…». «Татар билеген ел қараң қалмас па?» – (Ғ.Мүсірепов) – деп ішімнен әлдекімдерге ызалана қоштасып, қайтып оралдым.
Әлхисса әңгіме сабағын үзбейін. Мансұр Ғатаулин жайын-дағы мұңды әңгімені қайыра Жүсіпбек Аймауытұлына қарай жетелеуді жөн көрдім. Тағы да сұрақ.
– Е,е, онда түпнұсқасын іздеу керек екен ғой. Түпнұсқа қайда болуы мүмкін, аға?
– Түпнұсқа деймісің? Түпнұсқа, әрине, ақын мұрасын тірнектеп жинап, көшірген Жүсіпбек Аймауытұлының архивінде болуға тиісті ғой.
– Жампоз жазушының архиві сақталған ба? Сақталуы мүмкін бе? Сіздің айтуыңызға қарағанда, Алашорданың арасынан алғаш ұсталып, «ұлтшыл» деп танылып, атылып кеткен Жүсіпбек Аймауытұлы емес пе?!
– Жүсіпбек Сұлтанмахмұт шығармаларын жинап, көшіріп, 1930 жылы «Қазақстан» баспасына бергенін жоғарыда айттым. Артынша өзі қамалып кетті ғой. Архиві болса, әйелінің қолында сақталуы мүмкін. Онда болмаса, жоғалды деп білу керек. Ал Жүсіпбектің әйелі, балалары кезінде Шымкент қаласында тұрушы еді… Кейін көз жазып қалдым.
Жүсіпбек Шымкентте педтехникумда директор болып істеген. Өзі бірнеше пәннен сабақ берген. Жүсіпбектен оқыған адамның бірі біздің мына Әбділда (Тәжібаев. Қ.Е.). «Ақбілек» романы, педагогикалық, психологиялық еңбектері, біраз әңгімелері сол Шымкентте жазылған. Ол біздің бала кезімізде Ташкентке келіп тұратын. Оны «Луначарский үйінде» көргенім есіме түседі. «Әбділдаға Жүсіпбек ұстазың жайында естелік жазбайсың ба? Ақтамаймыз ба? Ақтау жолында ізденбейміз бе?» дегем кезінде.
– Жазды ма?
– Қайдан? Қорықты ғой. Жаза алмады. Мәселе көтеруге де бармады. Ана жылы Мағжанның азаматтығы ақталды. Өлеңдері, шығармалары ақталмады деген бір жай болған. Онда да Әбділда біздің ұстазымызды қолдай алмады. Қайта «Өмір және поэзия» аталатын зерттеу еңбегінде Мағжанды сынаңқырады. Әбділда маған іні болып жүретін адам.
ҚазМу-ге оқуға түсуіне себепкер болғаным бар. Соны бағалап, мені ұстаз тұтатыны бар. «Өмір және поэзия» монографиясы жайында мақала жаздым. Жалпы аңғарын мақтағаныммен, Алашорда өкілдері жайында жағымсыз пікірлерін сынағанмын.
– Әңгіме Сұлтанмахмұт туралы еді ғой, аға… Жүсіпбек Аймауытұлының ақын шығар-маларын жинауы, кітапқа ұсынуы, сақталу-сақталмау жайын осымен түйіндейміз бе?
– Аяулы адам еді ғой, Жүсіпбек. Ғажап жазушы. Әлгінде айтқан 1933 жылғы жинаққа төгілтіп өмірбаяндық очерк жазған да Жүсіпбек. Атын атап, түсін түстей алмай жүргеніміз болмаса, Сұлтанмахмұт өмірі мен шығармаларын алғаш жете зерттеп, жеткізе айтқан – Жүсіпбек Аймауытұлы! Жоғарыда әңгіме еткен ақынның 1933 жылғы жинағының басындағы авторсыз жарық көрген аса маңызды өмірбаяндық очерк – Жүсіпбектікі! Ақиқатты айтқызбады, айтпай өтіп келеміз… Ол аз десең, 1918 жылы «Абай» журналында «Екеу»,«Абайдан кейінгі ақындар» аталатын мақала жариялады. «Екеудің» бірі – тағы да Жүсіпбек Аймауытұлы!
– Ой, пәлі! Еңбектеріңізде осы айтылған жайлар қамтылған ба?
Жасырып, бүгіп айтып келемін. Жүсіпбек туралы «Телегей теңіз» атап естелік жазып, Орталық архивке тапсырып қойғаным өзіңе аян.
– Аса құрметті Бейсеке, Сіздің әңгімеңізден кейін асаужүректі, қарасөзден қара дауыл тұрғызатын дауылпаз ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлының тұңғыш ғұмырнамашысы – Жүсіпбек Аймауытұлы десек жарасатындай екен. Ойым дұрыс па, аға?
– Дұрыс. Әбден дұрыс! Әзірге айтқызбайды. Түбі ақиқат ашылмай қалмайды. Бар шындық айтылады, бүркеменің бәрі ашылады. Жүсіпбек Аймауытұлы – Сұлтанмахмұттың әдеби мұрасын тұңғыш жинаушы, өмірбаянын түзіп, жинағын толықтай тәртіпке келтіріп, «Қазақстан» баспасына алғаш тапсырушы болып мойындалады!
Ақсақал соңғы сөздерін айрықша екпін түсіре айбарлана аяқтады.
Мен қиялыммен ХХ ғасырдың иір-қиыр иірімі мол қияларына қиялымды қыдыртып, қарт ғалымның айтқан әңгімесін көңіл түкпіріне қондырып алып отырдым…
Құлбек ЕРГӨБЕК,
Әдебиет зерттеушісі, профессор.