Астана қаласында жас геологтардың олимпиадасы өтті

Астана қаласында жоғары сынып оқушылары арасында жас геологтардың V-ші қалалық олимпиадасы өтті. Іс-шараны ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің қолдауымен, «Жас геолог» корпоративтік қоры Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Kazakhmys Barlau» ЖШС және ERG Exploration кәсіпорындарымен бірлесіп ұйымдастырды.
Олимпиада қазақстандық геолог Қаныш Сәтбаевтың туған күніне арналған және мектеп түлектерінің геология ғылымына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Жас геологтардың V қалалық олимпиадасының ашылу салтанатында шара ұйымдастырушылары құттықтау сөз сөйледі.
Олимпиада екі тілде тестілеу форматында өтті. Оған елордадағы 35 мектептен 70-тен астам оқушы қатысты.
Тапсырмалардың тақырыптары геология ғылымдарының негізгі салаларын қамтыды: минералогия және петрография, сонымен қатар вулканизм, сейсмикалық белсенділік, мұз басу, эол және су процестері сияқты эндогендік және экзогендік геологиялық процестер.
Жеңімпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.