Астанада 15 мектеп ашылды
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Білім күні ашылған мектептер туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Құрметті ұстаздар, оқушылар және ата-аналар! Сіздерді Білім күнімен құттықтаймын!
Бүгін алғашқы қоңырау мектеп табалдырығын енді аттаған 28 мың оқушыға арнап соғылды! Мектеп оқушыларының алдында маңызды міндет тұр – баға үшін емес, білім үшін оқу! Тынымсыз еңбекпен ғана үлкен табысқа жетуге болады. Алда сіздерді өмірдің жаңа әрі жауапты кезеңі күтіп тұр!
Бүгін Сарыарқа ауданында жаңадан ашылған №106 жайлы мектепке бардым. Ол 2 ауысымда 4 мың оқушы орнына есептелген.
Қалада 1 қыркүйек күні 15 жаңа мектеп ашылды. Олардың тоғызы Мемлекет басшысының «жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында, тағы екеуі – мемлекеттік және төртеуі – жекеменшік мектеп. Аталған оқу орындары екі ауысымда 28 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік берді.
Мәселен, 9 жайлы мектеп мына мекенжайларда орналасқан: Көктал елді мекені, Ұлытау-Наурыз көшелерінің қиылысы; А. Байтұрсынов көшесі, №9 үй ауданы («Highvill» ТК); Тельман елді мекенінің оңтүстік тұсы (Бағыстан); С-189 және 12-207 көшелері (Земляничная көшесі); Төле би және Е758 көшелері (Сеул және Зеленый квартал ТК ауданы); Орынбор және №37 көшелері («SOHO» ТК ауданы); Мәңгілік Ел даңғылы және Е497 көшесі (мешіт ауданы); Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысы («Поколение» ТК); Төле би – 24 көшелері (Барыс Арена).
Жаңа мектептер 3 ауысымды 5 мектептің және тығыздалығы жоғары 4 мектептің қиындықтарын шешуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін тағы 8 мектеп ашамыз. Оның 6-ауы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша. Мектептер қаланың барлық ауданында орналасқан.
Білім күні құтты болсын! Өзіңізге және өз күшіңізге сенім артыңыз. Жол көрсетіп, бағыт-бағдар беретін ұстаздарыңыз үнемі жандарыңызда болады», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.