Астанада Ауғанстанның 350 кәсіпкері өнімін ұсынады

0
106
фото: Halyq Uni

Бүгін Астана қаласында Қазақстан – Ауғанстан іскерлік форумы басталды. Форум аясында Ауғанстанның 350 кәсіпкері өз өнімдерін алып келді, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Қазақстан Ауғанстанның тәуелсіз, бейтарап, біртұтас, бейбіт, демократиялық және гүлденген мемлекет ретінде қалыптасуын жақтайтынын тағы да растағым келеді. Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды сақтауға мүдделіміз”, – деді форумның ашылуында сөз сөйлеген Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Вице-премьердің мәліметінше, былтыр Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы іс жүзінде 1 млрд АҚШ долларына жетіп, 2021 жылғы көрсеткіштен екі есеге артқан.

Тауар айналымының 90% қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі. Елдер арасындағы сауда ағымдағы жылдың 6 айында 343,6 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде 334,5 млн АҚШ доллары қазақстандық экспортқа тиесілі, – деп қосты ол.

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы басты нарық – ұн экспорты.

«Экспорттық себетті әртараптандыру үрдісін көріп отырмыз. Біздің есептеуіміз бойынша, Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау салаларының тауарлары бойынша 500 млн АҚШ доллары сомасына жеткізудің экспорттық әлеуетіне ие. Елдер арасындағы инвестициялық ынтымақтастық та дамуда. 2005 жылдан бастап Ауғанстаннан Қазақстан экономикасына инвестициялар ағынының жалпы көлемі шамамен 11,7 млн АҚШ долларын құрады», – деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, Қазақстанда сауда саласында 52 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Форум аясында ауған өңдірушілерінің жәрмеңкесі өтеді деп жоспарланған. Жәрмеңкеге кілем, сусын, асыл тастар мен бұйымдар, шафран, құрылыс тауарлары және тағы басқалар дәстүрлі ауған өнімдері ұсынылады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз