Астанада күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты басталды

0
154
Фото: olympic.kz

Астанада Туризм және спорт министрлігі мен Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының ұйымдастыруымен күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты басталды. Чемпионат 1-5 ақпан аралығында Жақсылық Үшкемпіров атандағы Жекпе-жек сарайында өтеді.

Ел чемпионаты Олимпиялық ойындарға енгізілген күрес түрлерін танымал ету, оның беделін арттыру мен күрес түрлерінен ұлттық құраманы іріктеу мақсатында өткізіледі.

Қазақстан чемпионатының жүлдесіне таласатын балуандар арасында ұлттық құраманың үздіктері де бар. Атап айтар болсақ, Исхар Құрбаев, Айдос Сұлтанғали, Сұлтан Әсетұлы, Алмат Кебіспаев, Мейіржан Шермаханбет, Демеу Жадыраев, Азат Садықов, Мақсат Ережепов, Әлімхан Сыздықов сияқты әлемдік жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері күш сынасады.

Чемпионат қорытындысы бойынша сәуір айында Қырғызстанда өтетін Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысатын спортшылар анықталады.

Бүгін кешкі сағат 17:30-да жарыс салтанатты жағдайда ашылады. Ал белдесулер сағат 10:30-да басталды. Бірінші және үшінші орынға белдесулер мен марапаттау рәсімі күн сайын сағат 18:00-де болады.

Бүгін және ертең грек-рим күресінің шеберлері кілемге шығады. Олар 1 ақпанда 55, 63, 72, 82, 97 келі, ертең 60, 67, 77, 87, 130 келі салмақ дәрежесінде күреседі.

3 ақпанда әйелдер күресі болады. Әйелдер 50, 53, 55, 57, 59, 62, 65, 68, 72, 76 келіде күш сынасады.

4 ақпанда еркін күрес шеберлері 57, 65, 74, 86, 92 келі салмақта белдеседі. Ал чемпионаттың соңғы күні, яғни 5 ақпанда кілемге тағы да еркін күрес балуандары шығып, 61, 70, 79, 97, 125 келіде шын мықтыны анықтайды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз