«Шетелде жұмысқа орналастырамыз»: азаматтарды алдаған компанияға қатысты іс қозғалды

0
52
Фото: egemen.kz
Азаматтарды шетелге жұмысқа орналастырамыз деп сан соқтырған компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалды,  деп хабарлайды zamandas.kz КТК арнасына сілтеме жасап. 
Шыдамы таусылды, үміті үзілді. Шетелде құлпынай теріп ақша тауып, сәл болсын жағдайымызды жақсартамыз деп ойлаған жұрттың кешкен күйі – осы. Жұмысқа орналастыру керек болған компания жарты жылда 6, тіпті 12 миллион теңге табасың деп сендірген соң, бірі дүние-мүлкін сатып, енді бірі несие алып 1 миллион теңгесін санап берген.

 «Мен 500 мыңға көлігімді сатып төледім. Қалған 500 мың кредит. Кредит төлеп жатырмыз. Не істейміз енді? Қарызға баттық. Жұмыстан шығып кеттік. Мысалы, маған «бір айдың ішінде кетесің» деді. Миллион деген кезде Англия деп айтты. 20 күннен кейін Англияның президенті қайтыс болыпты, оның баласы, қазір болады деді. Болмайтын болып, Польша деді. Польша болмағаннан кейін Нидерланды деді. Әр қаланы айтты. Ұлыбритания деді. Барсаң күзет қойып қойған. Кіргізбейді», – деді Қайрат Мұсаев.

«Алдандық» деген жұрттың бұлай жиналғаны алғаш емес. Былтыр да компанияның кеңсесіне кіре алмай кері қайтқан. Полицияға жаппай арыз түсірсек те, тергеу сол күйі қозғалмады деп отыр. Енді адвокат жалдап, ақшасын қайта даулауға мәжбүр.

 «Бұл кісілердің арызданған адамын енді әкеліп жатыр. Кеше тергеудің бастығына айтқанмын, «сендер не себептен үш айдан бері арыз түскеннен кейін әкеліп отырсыңдар, неге арыз түскен күні әкелмедіңдер» деп едім, анау-мынау, Қазақстанда болмады деді. Негізі, Қазақстаннан еш жаққа кетпеген. Ол жақта ешқандайда жұмыс жоқ екенін айтты. Ол жақ пен компанияның арасында келісім жоқ екенін айтып отыр. Олардың мұндай жұмысқа тұрғызатын мүмкіншіліктері де жоқ екенін анықтап отырмыз»,  –деді адвокат Тілеужан Кішкенебаев.

Қарашаны қан қақсатқан компания. Желідегі мәліметтерге сүйенсек, серіктестік былтыр ғана ашылыпты. Видеоларына қарасаң, клиенттері кезек-кезек алғысын жаудырып жатыр. Бірақ мұның бәрі тап-таза көзбояушылық дейді бүгінде шулап жүрген жұрт. Сөздерінше, басым бөлігі шетелге шыға алмай қалған. Ал шыққандары жұмыс таба алмай сенделіп, ақыры елге қайта оралыпты. Полицейлер қазір алаяқтық бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

«Аталмыш дерек бойынша, жәбірленушілердің арызы биылғы жылдың 22 қаңтарында Алмалы аудандық Полиция басқармасына келіп түскен болатын. Қазір Қылмыстық кодекстің  190-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық мән-жайы анықталуда. Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу жүргізілуде», – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

«Алдандық» деген жұрттың талабы бір – тездетіп ақшасын қайтару. Егер іс бұрмаланып, компаниядағылар жазадан сытылып кетсе, Жоғарғы сотқа дейін баруға бекініп отыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ