Zamandas.kz ақпараттық агенттігі
Мәдениет

Астанада мәдениет саласының өкілдері марапатталды

Астанада Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай сала мамандарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Кеш барысында елорданың мәдениет саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар маман мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Олардың ұлттық өнер мен мәдени құндылықтарды насихаттаудағы еңбегі, кәсіби жетістіктері мен салаға сіңірген қызметі ерекше атап өтілді.

Мәдениет және өнер өкілдеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы беріліп, «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

Сонымен қатар сала қызметкерлері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Бірқатар маманға Астана қаласы әкімінің алғыс хаттары берілді.

Әзербайжан Мәмбетов атындағы драма және комедия театры директорының орынбасары Самат Тергембаев мәдениет саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын айтып, бұл марапаттың өзі үшін ерекше мәні бар екенін жеткізді.

«Мен мектепті бітірісімен мәдениет саласына бет бұрдым. Содан бері 40 жылдан асыпты. Зайсан қаласынан бастап Алматыда, одан кейін Астанада мәдениет саласында қызмет етіп келемін. Бүгінгі мерекеде марапат алып, еңбегімнің еленгеніне толқып тұрмын. Сонау ата-бабамыздан келе жатқан бай рухани мұраны жоғалтпай, бүгінге дейін алып келіп, дамытып, өскелең ұрпақтың мықты болып өсуіне атсалысып жүрген барлық мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі бағаланатын күн.

Мемлекет тарапынан да мәдениет саласына үлкен назар аударылып келеді. Астананың өзінде қаншама мәдениет орындары, театрлар салынды. Ұрпағымыздың ұлтжанды, саналы, сапалы ұрпақ болып өсуіне бастайтын, ертең нәтижесін беретін дүние», – деді ол.

Бүгінде Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет басқармасына қарасты 13 мәдениет мекемесінде 2 444 адам еңбек етеді. Мекемелер театр, музыка, кітапхана, музей, цирк, хореография, концерттік ұйымдар мен мәдени-демалыс бағыттарын қамтиды.

Сәйкес жаңалықтар

«Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 64-ші концерттік маусымын сәтті аяқтады

«Ұлттық кітап күні» мерекесі апталығы басталды

Біз тарихи оқиғаны ғана емес, тұлғаның ішкі рухани әлемін ашуды мақсат тұттық