Астанада мектепке дейінгі ерекше балалар арасында «Сәулелі тастар» ұлттық ойынынан байқау өтті

0
9

Елордада ерекше қажеттілігі бар мектепке дейінгі балалар арасында «Сәулелі тастар» ұлттық ойыны бойынша байқау өтті. Іс-шара Астанадағы №61 «Шолпан» бөбекжай-балабақшасының қабырғасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Педагогтердің айтуынша, бұл ойын ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндердің логикалық ойлау қабілетін дамытуға көмектеседі. Қатысушылардың өнерін шараның құрметті қонақтары – Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина, Білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің басшысы Лаура Әлеуханова, сондай-ақ «Астана Дарыны» орталығының жетекшісі Жанар Бейсенбаева бағалады.

«2020-2023 жылдары педагогтер зерттеу аясында «Бестемше» ұлттық ойынын енгізді. Біз ерекше қажеттілігі бар балалардың бұл ойынға қызығушылығы жоғары екенін байқадық. Сондықтан «Сәулелі тастар» атты ойынның жаңа, бейімделген нұсқасы әзірленді. Тәжірибе барысында балалардың танымдық қабілеттері белсенді түрде қалыптаса бастады. Ойын түріндегі дамытушы сабақтар баланың ойлау қабілеті мен әлеуметтенуі үшін аса маңызды», – деді жоба авторы, №61 «Шолпан» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Әйгерім Ахмет.

Сабақ барысында әр бала тастарды санау, оларды түсіне қарай бөлу және ретімен орналастыру сияқты тапсырмаларды орындайды. Бұл әрекеттер зейінді шоғырландыруға, көру арқылы қабылдауды және ұсақ моториканы дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар, «Сәулелі тастар» ойыны балаларды кезек сақтауға және қарым-қатынас жасауға үйретеді. Бұл олардың эмоционалдық жағдайын тұрақтандырып, өзіне деген сенімділігін арттырады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Оқи отырыңыз