Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованы қабылдады
фото:Ақорда
Мемлекет басшысына әлеуметтік саланы қаржыландырудың жаңа әдістері таныстырылды. Аталған тәсілдер бөлінген қаржының шын мұқтаж жандарға жетуін, мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығын, сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Тамара Дүйсенова әлеуметтік салаға 14,5 триллион теңге бөлінгенін жеткізді. Бұл жалпы мемлекеттік бюджеттің 60 пайызын құрайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа білім беру, медициналық көмек сапасын арттыру және әлеуметтік нысандар құрылысы мен ауыл тұрғындарын қолдау бойынша Үкімет тарапынан қолға алынған жобалар жайында мәлімет берілді.
Мемлекет басшысы қабылданған шаралардың маңызын атап өтіп, аталған ұсыныстарды қолдады. Сондай-ақ бұған дейін басталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.