Аутизм – ауру емес

Жыл сайын аутизмге шалдыққан балалар қатары көбейіп келеді. Елімізде 2016 жылы – 285, 2017 жылы – 394, 2018 жылы – 476, 2019 жылы – 645, 2020 жылы – 756, 2021 жылы – 1 184 аутизммен туған бала бар екені анықталған.
0
380
Шынтуайтында, түрлі себептерге байланысты шаранасынан мұндай кеселге шалдыққандар саны әлдеқайда көп болуы бек мүмкін. Бұған халықаралық сарапшылардың «Қазақстанда аутизмге душар болған балалар саны 60 мыңға жетеді» дегені дәйек бола алады.
Қоғамда түрлі өзгерістер жүріп жатқанына қарамастан, ел Президенті 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны әмбеге аян. Қандай жағдай болса да, баланың денсаулығы мен тәрбиесінен өткен өзекті мәселе жоқ. Осы атаулы жылда аудан көлемінде ұрпақ денсаулығы жолында жасап жатқан игі жұмыстар жетерлік. Ал бүгін біз қаузағалы отқан тақырып – аутизм. Жалпы мұны көбі дерт деп қабылдайды. Бұл қате пікір.
Аутизмға шолу
Аутизм терминін 1911 жылы ­психиатр Эйген Блейлер ашты. Оның сипаттамасына сәйкес, бала кешеуілдеп дамиды. Кез келген нәрсеге реакция білдірмейді, елеңдемейді, бір нүктеге ұзақ қарауы, тіпті естімеуі мүмкін. Ең қиыны бауыр еті балаңның саған жақындамауы жаныңды жегідей жейді. Неге десеңіз, аутист бала жанындағы адамға сирек сенеді. Бірден қабылдамайды. Белгілі ­актер Сильвестр Сталлоненің ұлы ­Серджио осы аталған ауру түріне шалдыққан. Яғни, ­аутист. «Баланы өз әлеміңе келуге мәжбүрлей алмайсың. Сондықтан оның әлеміне өзімен бірге ­барамын. Бала саған сенсе ғана тіл қатады, бірақ өте сирек. Арасында ғана болса да, бұл – ең бағалы уақыт» дейді актер.
Салмақ ата-анада
Әрине, барлық ауыртпалық алдымен ата-ананың мойнына түседі. Балада аутизм белгілері барын бірінші болып байқайтын да, оның бүкіл ауыртпалығын көтеріп отырған да сол баланың әке-шешесі.
Бір жастан асқаннан кейін ғана біліне бастайтын кеселдің алғашқы белгілері бала аяғының ұшымен жүреді, өзі қасық ұстап, тамақ ішуге талпынбайды, «иииии» деген дыбыс шығарып, қолын сілкіп жүгіре береді, көзге қарамайды, атына қарамайды, «әке», «ана», «ата», «әже» деген сөздерді айтпайды, телефонға, теледидарға тәуелді, тамақты талғап жейді, қарапайым «бер, жүр, тұр» дегенді ұқпайды, сөз түсінбейді.
Осы мәселеге орай, ақтаулық журналист, «Мама» деші?!…» кітабының ­авторы Сандуғаш Шортанова: «Мен ­аутист балалардың көбейіп келе жатқанына таңғалмаймын. Себебі психо-медико-педагогикалық кеңес жолдамасы арқылы жұмыс істейтін түзете дамыту орталығында бір айға созылатын реабилитацияны бір жыл күтесіз. Жекеменшік топтық сабақтар өтетін дамыту орталығында да ұзын сонар кезек. Екінің бірі мықты логопед, мықты дефектолог, мықты психолог іздеп жүр. Бір подъезде 15 пәтер болса, үшеуінің баласында аутизм белгісі бар. Сенбесеңіз, іргелес көршімнің есігін қағып сұраңыз, төбемде тұратын көршіме де соға кетіңіз. Төбемдегі көршім менің ескертуіме құлақ асқан жоқ, әрине. Себебі баласы 1,5 жас­та ғана. Өзі баласын әлі кішкентай санайды. Бірақ аутизмнің алғашқы белгілері тап осы кезде білінеді» дейді.
Украиналық Михаил Сергиенко – аутизмді жеңгендердің бірі. Миша кезекті бір сұқбатында не дегенін білесіз бе? ­«Аутист баласы бар ата-анаға айтарым – оған ашуланбаңыз, дауыс көтермеңіз. Қайта балаңызды түсінуге тырысыңыз». Демек, аутист бала алшақ жүреді, өз әлемі болады дегенімізбен, оған жақынының демеуі керек. Әрі аутист бала арнайы терапиядан уақытылы өтсе, бірте-бірте өзін қалыптастыра алады. Себебі ­Михаил мәлімдеген мына жайт соны меңзейді. Бірде оған аутист баланың анасы ұлының мульт­фильм көріп отырып, көзін алақанмен жұматынды шығарғанын айтады. Десе де, бұрыннан көріп жүрген, көзі үйренген дүниеге мұндай реакция білдіргеніне таңданғанын жеткізеді. Сонда Миша ­аутист бір нәрсені қайта-қайта оқығанда, көргенде сезімі оянатынын, не болып жатқанын жете түсінетінін атап өтеді. Сондықтан ата-ананың бұған таңданғаннан гөрі ары қарай жалғастыруға, үнемі терапия қабылдауына жағдай жасау керегін ескертеді. Зер салсаңыз, ата-ананың аялы алақаны мен сынақты жеңемін деген жігер Михаил айтқан «робот» баланың еңсесін көтеруге қуат береді.
ТҮЙІН. Елімізде аутист балаларды тізімдеу 2010 жылдан басталды. Алғашында оларды «Психологиялық дамуының бұзылуы» деп аталатын жалпы санатқа жіктейтін. Жоғарыда мақаланың аннотациясында айттық, аутисттер көбеймесе, кеміп жатқан жоқ. Сәйкесінше, түрлі бейімдеу, оңалту, инклюзивті орталықтар жұмыс істеуде. Айта кету керек, қазір әлем бойынша әр 59-шы баланың бойынан аутизм спектрі бұзылуы байқалады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ