Ауыл әкімінің абыройы қайтсе артады?
Қазір әкім болу, әсіресе ауылға басшылық жасау – жылы кабинет, жұмсақ орындықта отыру емес екені анық білініп келеді. Ауылдың қым-қуыт тіршілігінің бел ортасынан табылып, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын әрі тұрмыстық проблемаларының түйінін тарқатуға білім-білігі мен іс-тәжірибесін жұмылдыратын адамды тұрғындар өздері таңдап алатын күнге жеттік.
Бүгінде алыс ауылдарды айтпағанда Алматыдан таяқ тастам жердегі Талғар ауданының Кеңдала ауылдық округінде шешімін күткен қыруар шаруа барын жасыруға болмайды. Ауыз су, жол мен жарық, саяжай мәселелері кейде «мәңгілік» тақырып тәрізді сезіледі. Себебі бүгін бірінің шешімі табылса, ертең екіншісі бас көтерері хақ. Мұндағы саяжай тұрғындарының мұң-зары да түйдек-түйдек. Тақырыпқа арқау болып отырған Кеңдала ауылдық округінің құрамына Кеңдала, Ақдала, Ақтас және Еңбекші ауылдары кіреді. Сондай-ақ ауылдық округ аумағында 77 саяжай серіктестігі орналасқан. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы округ халқының саны – 16 363. Округтің жалпы жер көлемі – 14 954 гектар. Ауылдық округке жыл басында бюджеттен бөлінген қаражат көлемі – 94 млн 634 мың теңге. Оның ішінде облыстық бюджеттен трансферт арқылы 19 млн 433 мың, жергілікті бюджеттен 75 млн 201 мың теңге бөлінген. Оның ішінде аппаратты ұстап тұруға 50 млн 016 мың, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға 8 млн 334 мың, елді мекендердің санитариясын қамтамасыз етуге 4 млн 740 мың, көшелерді жарықтандыруға 12 млн, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 7 млн 952 мың, ауылдық округтерде жолдардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге 3 млн теңге бөлініп, қаражат жыл соңына дейін 100 пайыз игерілген. Салық түсімдері де 100 пайыздан артық орындалса, жеке тұлғалардың жеке табыс салығы 2 млн 692 мың теңге, яғни жоспардың орындалу пайызы 77,1 пайызды құрағандығын Кеңдала ауылдық округінің әкімі Алмас Өмірзақов өзінің қорытынды есептерінде атап көрсеткен.
Ауылдық округ әкімінің кестеге сәйкес өтетін әр есептік жиналысына аталған ауыл тұрғындары, ақсақалдары мен қоғам белсенділері түгел қатысып, өздерін толғандырып жүрген ұсыныс-пікірін тізіп, ой бөлісуде үнемі белсенділік танытады. Оған әкімді бес саусақтай білетіндіктері де себеп. Тұрғындар есігін еркін ашып, мәселені көсіле айтады. Сондықтан болар 2018-2022 жылдар аралығында Кеңдала ауылдық округінде әкім болған Алмас Өмірзақовты өткен жылы тұрғындар өздері таңдау жасап, ауыл әкімі қызметіне 85 пайыз дауыспен қайта сайлап алған.
– Бұл ауылдық округтің проблемалары маған таңсық емес. Оларды тізіп, алдыңғы төрт жылда шешілгені бар, шешімін күткені бар, зерделедім. Осы себепті, өзімнің сайлауалды бағдарламамды 10 пунктке орайластырдым. Үйіп-төгіп уәде берген жоқпын. Ауыл әкімі ретінде қолдан келетін, нақты шешімін табатын жұмыстар сайлауалды бағдарламаға енді. Олардың бастысы – Кеңдала, Ақтас ауылдарындағы көпқабатты үйлердің жылу жүйесін газға қосу, ойын алаңдарын қалпына келтіріп, абаттандыру. Осы ауылдың жаңа құрылысындағы 10 көшеге жарықтандыру шамдарын орнатуға және асфальт төсеуге, Ақдала ауылына жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысын салуға және қосымша трансформатор орнатуға күш саламын. Сондай-ақ Еңбекші ауылына балалар ойын алаңын, балабақша құрылысын салуға атсалысуды өзімнің басты міндетіме алдым. Жасыратыны жоқ, қордаланған бұл мәселелерді түгел қамтуға бюджет жетіспейді. Оған бюджеттің ескі есеппен қалуы себеп, – дейді ауыл әкімі Алмас Өмірзақов.
– Мысалға айтар болсам, жыл басындағы халық саны 16363 деп берілгенімен, саяжай тұрғындарын қосқанда 35 мыңнан асады. Жыл сайын жаңа құрылыстар өсіп келеді. Соған сай жарықтандыру мен жол жасау жұмыстары еселене түседі. Ақтас пен Кеңдаладағы көпқабатты үйлердің кәріз жүйелері мен электр желілері тозған. Айта берсек, күнделікті кезігетін тұрмыстық мәселелер өте көп. Соған қарамастан бюджеттен бөлек, кәсіпорындардың көмегімен жол жасауға, басқа да проблемаларды шешуге күш салып келеміз, – дейді ол.
Тұрғындар тарапынан түсетін ұсыныстың дені жол мен ауыз суға тіреледі. Округке қарасты Ақдала ауылында жалпы 26 көше бар болса, соның 22-сі жаңа құрылыс көшелері. Олардың жалпы ұзындығы 8,4 шақырым, оның ішінде 6 шақырымы жаңа құрылысқа жатады. Соның 3-еуі ғана асфальтталған, қалған 23 көшеге, яғни 6,5 шақырым жолға қиыршық тас төселген.
Ауылдық округте құрылыс материалдарын өндіретін «Вектор Строй Монтаж», «Салбен групп», «Асфальтабитон», «Өзентас», «Береке тарту», «Сырат», «Желдортранс Ақтөбе», «Омега» жауапкершілігі шектеулі серіктестік зауыттары жұмысын істейді. Осы жылы «Гурман» асханасы, «BIG -market» сауда кешені және «Кеңдала» қоғамдық моншасы жұмыстарын бастаған. Нәтижесінде, жаңа жұмыс орындары ашылған.
Ауылдық округте 1415 көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде 637-сі атаулы әлеуметтік көмек алады. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылып, азық-түлік, көмір, отын, сондай-ақ ақшалай да көмек түрлерін көрсету дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді.
Былтыр Ақдала және Ақтас ауылдарында мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында жүргізілген газдандыру жұмыстары аяқталып, бүгінгі күні абоненттерді газға қосу жұмыстары жалғасуда. Ауыл тұрғындары отын тасып, күл шығару машақатынан арылар күн жақын. Тұрғындар тарапынан қаңғыбас иттер жайында шағым аз түспейді. Соған орай өткен жыл ішінде округ бойынша 242 қаңғыбас ит ауланған. Аудандық ветеринарлық қызметкерлермен құрылған ит аулау бригадасының жұмыстары биыл да жалғасады.
Бұл ауданның бір ауылындағы әкімнің жұмысы ғана. Бірақ біздің сөзімізден соң Алматы облысындағы ауылдық округ әкімдерінің барлығын мақтаулы шенеуніктердің қатарына жатқызуға болмас. Әлі де әкімдік орынтақты мансап мекені деп танып, жұрттың мұңын жүре тыңдайтындар жеткілікті. Мысалы, бұған дейін әлеуметтік желіде Іле ауданы Ащыбұлақ ауылдық округіндегі «Алмагүл» саяжайында болған оқиға қызу талқыға түскен еді. Мәселе былай болған: ауылдағы кәріз желісінің жарылуына байланысты ашуланған тұрғындар округ әкімі Жасұлан Оңалбаевқа талап қойған еді. Сөз арасында «Сіз халықпен бірге болуыңыз керек, сізді халық сайлады» деген ауыл тұрғынына әкім «Қателесесіз, мені депутаттар сайлады. Келесі жолы мен сайлауға қатыссам, халық таңдайды», деп дөрекі жауап берген еді. Осы жағдайға орай Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облыстық департаменті ауыл басшысының іс-әрекетіне баға бере келе: «Округ әкімі Жасұлан Оңалбаевтың «мені халық емес, депутаттар сайлады» деген сөзі қате болды. Бұл оқиға қоғамның ашу-ызасын тудырды. Департаменттің ұсынысы негізінде Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оған сөгіс берілді» деп хабарлады.
Жалпы, аймақтарда ауылдық округ әкімдерінің жұмысына қатысты жүйелі өзгеріс басталғанын айтуымыз керек. Бұл Президенттің жергілікті жердегі билік өкілдерінің жауапкершілігін арттыруға қатысты қойып отырған талабына сай келеді. «Қазіргі кезде ауылдық округтер жоғары тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан мардымсыз қолдауға ие болуда. Әкімдер сайланатынын ескеріп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілін енгізген дұрыс болар еді…», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Президент Жолдауындағы мәселе шешімін тауып жатса, ел ішіндегі әкімдердің қолы ұзаратыны сөзсіз. Сонда халық сайлаған басшының құзыреті артып, ауылды көркейтуге деген ынтасы да өсе түсетіні сөзсіз. Қазірдің өзінде сайланған әкімдер қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып жұмыс істеуде. Біз оны жоғарыда Кеңдала ауылдық округі әкімі Алмас Өмірзақовтың еңбегінен көргенімізді баяндадық.
Ұлбосын ИСАБЕК,
журналист