Ауыл шаруашылығында шикізат экспорты артуы мүмкін – депутат

0
199

Шикізат пен жартылай фабрикаттар елімізден арзан бағаға экспортқа кетуде, ал оның орнына қосылған құны бар қымбат тауарлар келіп жатыр. Бұл тұрғыда сенатор Әлібек Нәутиев өзінің депутаттық сауалында өңдеуші сектордың дамуын тежейтін проблемалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер еліміздің ішінде өңдеу саласын дамытуға мүдделі емес және бірыңғай шикізат экспортына бет бұрған. Салалық министрліктің ақпаратына қарағанда, 2021 жылы АӨК өнімі экспортындағы жалпы көлемнің тек 37%-ы ғана өңделген тауарлардың үлесіне тиіп отыр.

«Астық өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі небәрі 33% қуатымен жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, Қазақстанның астық өңдеушілер одағының мәліметтері бойынша, бүгінде еліміздегі әрбір төртінші диірмен ғана жұмыс істеп тұр. Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорты ұлғайып жатқан кезде осындай қиын жағдай қалыптасып отыр. Оның көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 14%-ға өскен. Нақты талдаудың, тиісті қолдау шаралары мен қауіптерді бағалаудың жоқтығынан, Қазақстан көрші елдердегі өңдеу саласын дамытуға ықпал етіп отыр», – деді Әлібек Нәутиев Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Сенатор Ауыл шаруашылығы министрлігі 5 жыл бойы еліміздегі Астық өңдеуді қолдау және дамыту жөніндегі жол картасын келісе алмай келе жатқанын атап өтті. Нарық импорттық азық-түлікке толып кетті. 2021 жылмен салыстырғанда, ашытылған сүт өнімдері, сүт, ет консервілері, ірімшік және сүзбе, сары май өндірісі 4% бен 9% аралығында төмендеді.

«Бірінші кезекте АӨК көлемдерін ұлғайту мен өңдеуге басты назар аударылуы тиіс. Біздің ойымызша, оған топырақтың құнарлығы мен жем-шөп базасы бар аймақтардың салаға бейімделуін ескере отырып, қол жеткізуге болады. Субсидиялау тетіктерін қайта қарау да маңызды. Талдау көрсеткендей, ауыл шаруашылығының одан әрі дамуы шаруашылықтардың ұйымдасуына байланысты, ал жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдаудың нақты әсері жоқ. Тауарлардың импорты ұлғая түскен кезде, нарықты қорғау қадамдарына маңыз беру керек. Сонымен қатар, отандық өнімді экспорттау кезінде басқа елдердің көптеген кедергілері мен тосқауылдарына жауап ретінде дәл сондай амал жасау керек», – деді Әлібек Нәутиев.

Сурет ашық дереккөзден

ПІКІР ҚАЛДЫРУ