Қазақ басылымдары жарнамамен жүйелі жұмыс істемейді – Дархан Қыдырәлі

0
132

Өңірлік мерзімді баспасөз басылымдары форумына қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі аймақтағы басылымдарды дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен оларды ілгеріту жөніндегі ойларын ортаға салды.

 

«Біз бұған дейін отандық медиа индустрияны дамыту, іскерлік қатынастарды көбейту мақсатында Astana Media Week халықаралық медиа апталығын ұйымдастырдық. Сондай-ақ аймақтағы өзекті мәселелерді ортаға салып, ортақ ақпараттық кеңістік құру мәселелесі көтерілген «Орталық Азия» медиафорумын да өткізгенбіз. Оған өзге мемлекеттерден экс-президенттер, экс-премьерлер, әлемдік медиа саласының белгілі мамандары, Пулитцер сыйлығының иегерлері бастаған 300-ден астам делегация қатысқан. Сонымен қатар таяуда өткен алқа мәжілісінде ақпарат және БАҚ мәселесін көтердік. Енді, міне, мерзімді басылымдардың хал ахуалын аңдап, жағдайын талдап, бағыт-бағдарын саралаудың кезегі келіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайылық жанашыр болуы тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекер төртінші билік атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн» деп атап өткені белгілі. Мерзімді басылымдар, оның ішінде өңірлік БАҚ журналистиканың алғашқы мектебі, алғы шебі іспетті. Аудан, аймақтарымыздың ардақты азаматтары, зиялылар қауымы топтасатын өнегелі орта. Қазақтың көптеген көрнекті тұлғалары тырнақалды туындыларын сонда жариялап, елге танылды. Өткен жылы өңірлерге сапарлар кезінде көптеген басылымдардың редакциясына арнайы барып, жай-күйімен жақын танысқан едік. Сол кезеңде өңірлердегі өзекті мәселелерді Астанада ойласамыз деп уәде бергенбіз. Соның орайы бүгін келіп отыр», деді министр.

Сондай-ақ ол бүгінгі басқосу өңірлердегі басылымдардың түйінді мәселелерін талқыға салып, болашақты бағамдауға пайдалы болатынына сенім білдірді. Бұдан бөлек өңірдегі басылымдарды дамыту мақсатында атқарылып жатқан және істелуі керек жұмыстар туралы ойын ортаға салды.

«Біз журналистердің құқықтық мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында «Масс-медиа туралы»  заң қабылдауды көздеп отырмыз. Жаңа заң жұртшылықтың талқылауына шығарылды. Қазір ол кеңінен талқыланып жатыр. Сонымен қатар Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңға  да түзетулер әзірленеді. Ақпараттық доктрина талқылаудан өтті. Сондай-ақ ақпарат саласын дамытудың 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын дайындауға кірістік. Аймақтағы басылымдарды қаржыландыру тетігі мен ережелерін қайта қарастырып жатырмыз. БАҚ-қа берілетін мемлекеттік тапсырыстың талаптарын жеңілдетуге мүдделіміз», деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстандық Қоғамдық даму институты базасында журналистердің біліктілігін арттыру және салалық журналистиканы арттыру мақсатында түрлі шеберлік сыныптары өткізіледі. Өңірлерге сапарлар және осы форумға дайындық кезінде аймақтардағы кейбір басылымдардың тіпті сайты да жоқ екені анықталды.

«Кейбір өңірлік басылымдар республикалық деңгейде тарап отырғанын, сайттарының жақсы жұмыс істейтінін көрдік. Өңірлік басылымдардың сайттарын жасау және қолдау, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану бойынша әдістемелік көмек көрсетілді. Сайттары жоқ кейбір аудандық газеттердің сайттарын жасап беруге біз қолдау көрсетеміз. Постшындық кезеңінде шындығымызды жоғалтып алмас үшін баршаға ортақ ережелер мен заң талаптарын басшылыққа алғанымыз жөн. Осы орайда онлайн платформалар мен интернет жарнаманың қызметін реттейтін жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл заң жобасы шеңберінде қолданушылардың жауапкершілігі күшейеді. Осы ретте басылымдар жарнама берушілермен жүйелі жұмыс істегені абзал. Әсіресе қазақ басылымдары жарнамамен жүйелі жұмыс істемейтіндігін айта кеткен жөн», деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.

Ведомство басшысының айтуынша, министрлік «Қазпочта» АҚ-мен бірлесіп, ақылы жеткізу, жазылуға оңтайлы жағдай жасау жайлы меморандумға қол қойды.

«Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмау керек. Өңірлік БАҚ-ты қолдау үшін оларда жарық көрген мазмұнды мақалаларды республикалық басылымдарда жариялау тәжірибесін жалғастырған жөн деген ойдамыз. Шалғай аймақтардағы басылымдарда шындалып шыққан жас журналистерді үлкен басылымдарға жұмысқа тарту мәселесін де назарда ұстау керек. Буын алмасуы, дәстүр сабақтастығы сәтімен жалғасу тиіс», деп қорытындылады Дархан Қыдырәлі.

Айта кетейік, іс-шараға 70-тен астам спикер қатысып, сөз сөйлейді. Тағылымды кездесуге әр өңірден 200 делегат келген. Олардың қатарында өңірлік басылым басшылары, бас редакторлар, журналистер және редакция қызметкерлері бар.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ