Қазақ елі Мұрат Әуезовті ақтық сапарға шығарып салды

0
128
фото: ulysmedia.kz. 3-ші фото Бекжан Тұрыстың FB парағынан

Бүгін, 16 маусымда Алматыда аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы, шығыстанушы ғалым, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, дипломат Мұрат Әуезовпен қоштасу рәсімі өтті,

Құрбан айтта қазақ елі асылдың тұяғы, ұлтқа қызмет еткен тұлға Мұрат Әуезовті соңғы сапарға шығарып салды. Ол Алматыда жерленді.

Жаназасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Премьер-министр Олжас Бектеновтің, Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтің көңіл айту хаттары оқылды. Сөз сөйлегендердің ішінде Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед болды.

Мұрат Әуезовтің туыстары, жақындары, қоғам қайраткерлері, депутаттар, журналистер, барша жұрт Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына жиналды. Қоштасу рәсімінде халық көп болды.

Атап өтсек, алғашқылардың бірі болып қаралы хабарды әдебиет зерттеуші ғалым, филология ғылымының кандидаты Мамай Ахетов естірткен болатын.

«Алтынның сынығы да – алтын… Ұлының тұяғы, асылдың сынығы, қазақ мәдениетінің шырақшысы Мұрат Мұхтарұлы да бетін келмеске қарай бұрыпты. Қош, абзал аға, ақылды ұстаз! Алдыңнан жарылқасын!», – деп жазған еді ол.

Осы хабардан кейін барша қазақ жұрты әлеуметтік желіде көңіл айтып, елімізге танымал азаматтар да қайғырып, жазба жариялады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Әуезовтің отбасы мен туыстарына көңіл айтқан еді.

Мұрат Мұхтарұлы ұлт руханиятының алға басуына, қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы, парасатты тұлға еді. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін, тарихын терең зерделеп, соңына өлшеусіз мол мұра қалдырды. Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделінің артуына өзінің саяси-қоғамдық істерімен зор үлес қосты. Ғибратты ғұмыр кешіп, кемел де кемеңгер әке жолын лайықты жалғаған Мұрат Мұхтарұлының жарқын бейнесі мен қадірлі есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деді Мемлекет басшысы көңіл айту жеделхатында.

МҰРАТ ӘУЕЗОВ

1943 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы Мерке кентінде қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов пен Фатима Ғабитованың отбасында дүниеге келді.

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын «Қытай филологиясы» мамандығы бойынша бітірді.

1970-1976 жылдарда «Эстетика кочевья» ұжымдық монографиясын әзірлеген (1975 жыл) М.М.Әуезов философия және құқық институтындағы эстетика тобына жетекшілік етті.

1981-1987 жылдарда «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор болып қызмет атқарды.

1988-1990 жылдарда Қазақстан жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасын басқарды.

1990-шы жылдардың соңында М.М.Әуезов Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі болды.

1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Халық депутаты болып сайланып, онда Кеңес Президумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы болды.

1992 жылғы желтоқсаннан ҚХР-дағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.

1995 жылы Алматы облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық келісім департаментін басқарды.

1999 жылғы желтоқсаннан «Сорос-Қазақстан» қорының атқарушы директоры, 2002 жылғы шілдеден қордың президенті.

2003-2006 жылдары Қазақстан Ұлттық кітапханасының бас директоры қызметін атқарды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ