«Қазақ елі құндылықтарында» құнды мұра бар

0
471

Осыдан тура бір жыл бұрын ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың «Қазақ елі құндылықтары» кітабы жарық көрген еді. Бұл кітап – Ұлы дала тарихын насихаттайтын құнды дүниелердің бірі.

Кітапқа еліміздегі сирек кездесетін мәдениет, табиғат нысандары, ЮНЕСКО-мен қорғалатын ұлттық мәдени мұра элементтері, көшпелі мәдениет құндылықтары, дала өркениетінің ежелгі урбанизация процесстері енген. Одан бөлек, ежелгі түркілердің рухани-мәдени және материалдық құндылықтар жүйесі туралы тарихи деректерді де табуға болады.

Басылымның тағы бір ерекше тұсы – әрбір тарихи нысанның ғылыми түпдеректерге негізделгені.  Сонымен бірге ежелгі суреттер де қоса беріліп отыр. Біз мемлекеттілігіміздің тарихын көп зерттей бермейміз. Осы тұрғыдан алғанда «Қазақ елі құндылықтары» аса құнды дүние. Өйткені кітапта мәдени және рухани ескерткіштер, материалдық және рухани құндылықтар бар. Жастар өз халқының тарихы мен құндылықтарын білгені жөн. Олар өзге мемлекеттерге барғанда елімізді қалай таныстырады? Қандай көркемдігін айтып, мақтана алады? Мұның бәрін осы кітаптан табуға болады.

«Қазақ елі құндылықтарында» Яссауи кесенесі, Таңбалы петроглифтері, Күлтегін, Ұлы Жібек жолы, Ботай, қар барысы, қымыз, қазақша күрес, тоғызқұмалақ және т.б. халықтың дәстүрлі мәдени құндылықтары бар.

Барлық ұлы мұралар осы кітапта сипатталған. Кітаптан мыңдаған жылдар бойы жинақталған рухани, мәдени, тарихи құндылықтарды кездестіресіз. Тарихи-танымдық еңбек  жеңіл, оқуға ұғынықты тілде баяндалған.

Автор Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» атты мақаласында іргелі зерттеулердің нәтижелерін тек осы сала мамандарының игілігіне ғана айналдырмай, қалың жұртшылыққа түсінікті және қолжетімді ету қажеттігін айқындағанын көрсетеді.

Сондықтан бұл кітаптың мазмұны да, мәні де жоғары.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ