«Қазақмыстағы» ереуіл: компания басшылығы келіссөз үшін шахтаға түсті
14 тамызда түнгі ауысымға түскен «Қазақмыс» компаниялар тобына қарасты Сәтбаев өндірістік алаңының №65 шахтасының кеншілері мен мердігерлік ұйымдарының қызметкерлері жұмысты тоқтатып, наразылыққа шыққан.
Осыған байланысты «Қазақмыс» басшылығының өкілдері жұмысты тоқтата тұруды жариялаған мердігер ұйымдардың қызметкерлерімен және шахтерлермен туындаған мәселелерді шешу үшін шахтаға түсті. Кездесу нәтижесінде тараптар келісімге келді.
Қызметкерлердің сұрақтарының бір бөлігі сол жерде келісіліп, қанағаттандырылды. Көтерілген мәселелердің екінші бөлігін орындау заңнамалық өзгерістерге қатысты, осыған байланысты оларды шешу үшін қосымша уақыт қажет. Оларды жұмысшылар мен жұмыс берушілердің өкілдерінен тұратын арнайы құрылған бастамашыл топ пысықтайтын болады, – делінген компания таратқан ақпаратта.
Келіссөзден кейін кәсіпорындардағы жұмыс жалғасты. Ереуілге шыққан жұмысшылар тәртіптік жауапқа тартылмайды.