«Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдау бойынша қазақстандықтарға Үндеу жасады
Елордадағы Достық үйінде «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ Орталық кеңесінің ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын талқылау бойынша кең ауқымды отырыс болып өтті.
Іс-шараға ҚР Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, ҚР Үкімет мүшелері мен орталық мемлекеттік органдар басшылары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар мәслихаттарының хатшылары, БАҚ және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы 1 қыркүйек күні халыққа арнайы Жолдау жолдап, «Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын» деп халықты Әділетті Қазақстанды бірге құруға шақырды.
Осыны баса айтқан «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев соңғы күрделі жағдайларға байланысты аймақтардың жалпыелдік стратегиялық бағыттарға жұмыс жасау маңыздылығының бұрынғыдан да артқанын атап өтті.
«Халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған тың бағдарламалар ұсынылған бұл Жолдау игілікті бастамалардың бастауы, жарқын болашақтың нышаны болары сөзсіз. Шынында, енді біз Жаңа Қазақстанды құру үшін ел тарихындағы елеулі оқиғаға бей-жай қарамай, бірлігіміз бен ынтымағымызды, татулығымыз бен тұрақтылығымызды және өзара ауызбіршілігімізді көздің қарашығындай қастерлеп, жұмыла жұмыс жасауымыз керек» деді ол.
Сондай-ақ спикердің сөзінше, бұл жолданым саяси реформаларды және жаңа экономикалық саясатты іске асыру, ауыл шаруашылығы, медицина, білім беру жүйесін дамыту, ең төменгі жалақы деңгейін көтеру, зейнетақы жүйесін жаңғырту, қоғамда заң үстемдігін берік орнату сынды мәселелерді көтеріп қана қоймай, алдағы уақыттағы ел өңірлерінің саяси-әлеуметтік-экономикалық даму векторын айқындап берді.
ҚР Премьер-Министр Кеңсесінің ұйымдастыру жұмыстары және аймақтық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары Рыскелді Сәтбаев болса, ағымдағы көп түйткілді шешудің кілті жергілікті өзін-өзі басқаруда екендігіне тоқталды. Яғни аймақ халқының қалауын, ықтиярын білдіретін және жалпы мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілейтін әрі атқарылу барысын бақылайтын мәслихаттардың бұған барынша атсалысуы аса маңызды. Ал Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттары салалық мәселерді көтерсе, өңірлердің Мәслихат басшылары ахуалдық-жағдаяттық баяндама жасап, Жолдау аясында өз аумақтарының қандай жұмыстар атқаруға кіріскенін жеткізді.
Бұл ретте ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков «ҚР жергілікті өзін-өзі басқару туралы» арнайы Заңын қабылдау бағытындағы жұмыстарды баяндады.
«2018 жылдан бастап қолданыстағы бюджет заңнамасының өзгеріске ұшырағыны мәлім. Бұрын бюджеттік жүйе үш деңгейден құралып, ауылдық округтер аудандық бюджеттен қаржыландырылды. Қазір 4 деңгейлі жүйеге ауысып, әр ауылдық округтің жеке бюджеті бар. Бұдан өзге негізгі құжат – жергілікті өзін-өзі басқарудың 2025 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы қабылданды. Былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлауы үдерісі де енгізілді. Қазір аудан әкімдерін тікелей сайлауды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Оған да тиісті заң жобасы Парламентке ұсынылды. Мұндағы жаңалық сол, аудандар әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуді 2023 жылдан бастап 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен бастау жоспарланып отыр. Ондағы негізгі талаптары мен тәсілдері ауыл әкімдерінің сайлауына ұқсайды. Әзірге қоғам алдында жергілікті өзін-өзі басқару заңын қабылдау міндеті тұр» деп кеңінен тарқатты вице-министр.
Оның айтуынша, аталмыш заң жобасы бірінші кезекте мемлекеттік басқарудың жоғары деңгейлеріне тәуелділікті төмендетуіне бағытталған. Атап айтқанда, мұның сипаты азаматтардың ашық дауыс беруі арқылы төрт жыл мерзімге жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органдары – Кеңестердің құрылуынан көрінбек.
Сонымен, атаулы жиын барысында мәслихаттардың мәртебесі мен өкілеттіктері бойынша жария етілген ақпараттар легі мынадай:
Өткен жылы билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту жөніндегі заңмен мәслихат депутаттарына Мемлекеттік басқару академиясында біліктілігін арттырудан өту мүмкіндігі ұсынылып, тұрақты комиссиялар төрағасының екі тұрақты лауазымы енгізілді жәнеден олардың мәслихат депутаттары ретінде құқықтары мен міндеттері кеңейтілді. Өз кезегінде заң жобасы аясында мәслихаттарды күшейту жұмыстары да жалғасуда.
Біріншіден, «мәслихат хатшысы» лауазымын «мәслихат төрағасы» деп қайта аталмақ.
Екіншіден, мәслихатқа қосымша келесі өкілеттіктер беріледі:
– коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуын бақылау және талдау;
– депутаттардың тиісті әкімдіктің бюджеттік комиссияларының жұмысына қатысуы;
– қажеттілігіне қарай бюджетті нақтылауға бастамашылық ету құқығын беру;
– ресми жазбаша сұрау салумен, сондай-ақ тиісті әкімшілік аумақтық бірліктегі жеке немесе заңды тұлғаларға жүгіну;
– тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне тәртіптік жаза қолдану және т.б.
Іс-шара соңында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауы бойынша барша қазақстандықтарға Үндеу жасады.
«Бүгінгі геосаяси ахуал – кез келген мемлекет үшін сын. Осы сынды өткере алған, өткеріп қана қоймай, бұл сындардан күшейіп шыққан мемлекеттің болашағы жарқын, ертеңі еңселі, тұғыры биік болары сөзсіз. Сондықтан, заман ағымына қалмай дамудың даңғыл жолына түсеміз десек, халықтың әл-ауқаты мен саяси өміріне оң өзгерістер алып келуге бағытталған, үлкен өзгерістерге бастайтын, еліміздің өркендеуіне жаңа серпін және екпін беретін стратегиялық маңызы бар құжат – Жолдауда айтылған міндеттерді іске асыруға баршамыз атсалысып, жұмыла еңбек етуіміз керек» делінген Үндеу мәтінінде.
Айта кетейік, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ елдегі барша Мәслихат өкілдерінің басын қосқан бірегей ұйым.