АНА – МӘҢГІ АСЫЛ БЕЙНЕ

0
860

«Ана сүтін ақтамағанды, ешкім мақтамайды» дейді қанатты сөздердің бірінде. Ана туралы қаншама мықтымын деген жазушылар қалам тербеп, ақындар жырының арқауына айналдырғанымен жүректің төріндегі сезімін толық жеткізе алған емес.

Ана. Үш әріп. Кең мағына. Бізді жарық дүниеге алып келіп, түн ұйқысын төрт бөліп, тәтті ұйқысын қиған жан. Өсіремін, азамат қыламын, қатарынан кем етпеймін деп жиғанын баласына жұмсаған асыл жүрек. «Аш болсам да, балам тойсын» деп жанын қиюға әзір батыр мінезді жаратылыс. Біз ананы ардақтаған, қадірін түсіне білетін, қабақ түйіп, сөз қайтармаған көрегенді халықтың ұрпағымыз.
Иә, «үйленгенге дейін өзің үшін, үйленгеннен кейін өзгелер үшін өмір сүресің» деген әңгіме бекер айтылмаса керек. Бойдақ кезде уайымсыз жүріп, үйленген соң әйелім, бала-шағам үшін деп қу дүниенің артында жүретініміз бар. Баламды ер жеткізейін, оқытайын, үйлендірейін деген мақсат кез келген ата-ананың жүрегінде.
Адам қанша ер жетсе де анасы үшін бала болып қала береді. Тойда отырған тоқсан жастағы апа алпыстағы баласына тығып, тәттілерді беріп жатыр екен. Бұл болған оқиға. Кейде өзімізді ересек сезініп, ақыл айтқан анаға ақыратынымыз бар. Ондайларды өмірден жиі көріп те, естіп те жүрміз. Бізді ең алғаш рет тәй-тәй басып жүргізген, алғашқы рет сөйлеткен, тамағымызды тауып беріп, киіндірген жандардың жақсылығын қалай қайтарып жүрміз?
Пайғамбар (с.ғ.с.) бірде жиналған жұртқа «Естеріңізден шығармаңыздар, менімен әрдайым бірге жүрген болсаңыз да, елу уақыт намаз оқыған болсаңыз да, күндіз-түні Алла жолында ғибадатта болсаңыз да, қажылық, хаж умра қылсаңыз да, бұлардың еш біреуі қабыл болмайды, егер ата-анаңызды ренжіткен болсаңыз» деп ескертеді.
Сонымен қатар тағы бір хадисте «Үш дұға міндетті түрде қабыл болады, онда еш күмән жоқ: Зұлымдыққа ұшырағанның дұғасы, жолаушының дұғасы, ата-ананың баласына жасаған дұғасы» дейді.
Әнас ибн Малик (р.а.) риуаятында: «Расулалла (с.ғ.с) дәуірінде Алқама есімді жігіт болған екен. Ол өте ынталы, көп садақа беруші жігіт еді. Бір күні науқастанып, сырқаты асқына түседі. Әйелі күйеуінің өлім халінде екендігінен құлағдар етіп Пайғамбарға (с.ғ.с) хабаршы жібереді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с) Біләл, Әли, Салман және Омарға: «Алқаманың халін біліңдер», – деп тапсырады. Алқама тілін кәлимаға келтіре алмай, қатты қиналып жатыр екен. Біләл Пайғамбардың (с.ғ.с) алдына бұл жағдайдан хабар беруге келеді. Пайғамбар (с.ғ.с): «Оның ата-анасы бар ма?» – деп сұрайды. Жанындағы кісілер: «Әкесі дүниеден озған, қарт анасы бар», – десті. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ей, Біләл, анасына барып, келе алатын болса ертіп кел, келе алмайтын болса, мен өзім барамын», – дейді. Біләл барған кезде анасы: «Жаным Алла Елшісі жолында құрбан болсын, мен өзім баруға тиістімін», – деп, таяғына сүйенген күйі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құзырына келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ол кісіден: «Маған турасын айтыңызшы, өтірік айтсаңыз, Алла Тағаладан маған уахи келеді. Алқама қандай адам еді?» – деп сұрады. Қарт ана: «Уа, Расулалла, ол намаз оқиды, ораза тұтады, көп садақалар береді, берген садақасының санағын білмеймін», – деді. «Ал ұлыңызбен мәмілеңіз қалай еді?». Алқаманың анасы сәл кідірістен соң: «Уа, Алла Елшісі, мен оған ренжулімін», – деді. «Не үшін?», – деп сұрады пайғамбарымыз (с.ғ.с). «Ол әйелін менен жоғары қоятын, соны қоштап, маған құлақ салмайтын еді», – деп күйінішін білдірді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Иә, түсінікті. Тілін кәлимадан тосқан анасының ашуы екен ғой», – деді. Біләлға: «Көп отын жиыңдар, Алқаманы өртейміз», – деді. Жанұшырған анасы: «Уа, Алла Елшісі! Жүрегімнің жемісі ұлымды көз алдымда өртейсіңдер ме? Бұған жүрегім қалай шыдайды?» – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Уа, Алқаманың анасы! Алланың азабы ауыр және мәңгі. Жаным қолында болған Аллаға ант етейін, егерде сіз ұлыңызды кешірмесеңіз, оның оқыған намаздары мен берген садақаларынан еш пайда жоқ», – деді. Сол кезде Алқаманың анасы қолын көтеріп: «Жалғыз Алланың Елшісі болған сізді және төңірегімдегілерді куә етіп отырып, Алқамаға разы екендігімді жеткіземін», – деп кешірімін берді. Осыдан соң Алла Елшісі (с.ғ.с): «Ей, Біләл! Алқаманың жағдайын біл, кәлиманы айта алды ма екен. Алқаманың анасы менен ұялып, жүрегінде болмаған нәрсені айтқан шығар», – деді. Хазреті Біләл оның үйіне барып: «Уа, халайық! Алқаманың анасының ашуы Алқаманың тілін шаһадат кәлимасын айтудан тосқан екен, енді разы болғандығы үшін тілін босатып жіберді», – деді. Алқама сол күні қайтыс болды. Алла Елшісі оның үйіне келіп, жууға және кебіндеуге бұйырды, жаназасын шығарды. Кейін қабірдің басында тұрғанында: «Уа, муһажир және ансарлар! Кімде-кім әйелін анасынан жоғары қойса, Алланың лағынетіне ұшырайды! Оның парыз және нәпіл ғибадаттары қабыл болмайды», – деді.
Бұл хадистен алынған оқиғаны көбіміз білеміз. Десе де, білмегендерге ой салар әрі мақаланың тұздығы болсын деп назарларыңызға ұсындық.
«Жұмақтың кілті ананың табанының астында» дейді. Өткен күнге көз жүріртіңіз. Анаңызды еске алыңыз. Содан соң аялы алақанды қалай ардақтап жүргеніңіз жайлы өз-өзіңізге есеп беріңіз. Ананы арадақтаған пенде барша жанның алдында беделі мығым болады.

Д.Ғалымжанұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ