Қазақстан құрамасын XXXIII жазғы Олимпиадаға шығарып салу рәсімі өтті

0
81
Фото: Александр Павский/Kazinform

 — Алматыда Қазақстан құрамасын Франция астанасы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиадаға шығарып салу рәсімі болды.

Қазақстандық спортшыларды Франция астанасы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиадаға шығарып салуға ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбрайымов, Ислам Байрамуков, Ольга Шишигина, Дмитрий Баландин және БАҚ өкілдері келді.

Олимпиадаға шығарып салу
Фото: Александр Павский/Kazinform

ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев спортшылар және жаттықтырушылар құрамына алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.

Министр бұл оқиғаның еліміз үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Ермек Маржықпаев
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Сіздердің алдыңызда елімізді Париж Олимпиадасында таныстыру, ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр. Сіздердің чемпиондық мінезіңіз, табандылығыңыз, жеңіске деген ерік-жігеріңіз, осы күнге дейін жиған тәжірибелеріңіз, жаттықтырушылардың, дәрігерлердің, массаж жасаушылардың қажырлы еңбегінің арқасында үлкен нәтижеге жететінімізге сенімдімін. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпия ойындарының 79 жүлдегерін, оның ішінде 15 Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарды. Олимпиададағы жетістіктер — бүкіл елдің әлемдегі имиджі, мемлекеттің әл-ауқатының көрсеткіші, ең бастысы, бұл — сіздердің көпжылдық және қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі», — деді Ермек Маржықпаев.

Еркін күрестен еңбек сіңірген спорт шебері және Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков, қазақстандық спортшыларға сенім мол екенін жеткізді.

Ислам Байрамуков
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

«Олимпиада ойындарында жеңіске жету – кез келген спортшының арманы.Спорт залына келген күнінен бастап, алдына осындай мақсат қояды. Бізде қазір еркін күрестен төрт жолдама бар. Қазақстан командасының мүшесі Мейрамбек Қартбай жақында алды. Жігіттердің жеңіс тұғырынан көрінуге мүмкіндіктері бар»,- деді Ислам Байрамуков.

Франция астанасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы спорттың 25 түрінен бақ сынап, 81 медаль жиынтығына таласады.

Айта кету керек, Қазақстан Тәуелсіздік жылдарынан бері осымен сегізінші мәрте жазғы Олимпиадаға қатыспақ.

Олимпиадаға аттанды
Фото: Александр Павский/Kazinform

Қазақстан құрамасының спортшылары биыл алғаш рет Олимпиада бағдарламасына енген брейкинг және бадминтон сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетеді. Брейкингтен ел намысын Әмір Закиров қорғаса, бадминтон сайысында Дмитрий Панарин бақ сынайды.

Олимпия ойындарының ашылу салтанаты 26 шілдеде Париждегі Сена өзенінде өтеді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Нақтырақ айтсақ, бокс, дзюдо, спортттық гимнастика, жеңіл атлетика, байдарка мен каноэде есу, оқпен ату, семсерлесу, грек-рим күресі, еркін күрес, садақ ату, стендтік ату, теннис, велошоссе, жүзу, заманауи бессайыс, таеквондо, велотрек, батут гимнастикасы, бадминтон, академиялық есу, көркем гимнастика, триатлон, үстел теннисі, құзға шығу және брейкингтен Олимпиада ойындарында сынға түседі.

Осыған дейін Алматыдағы Олимпиадаға дайындық орталығында спортшылардың қалай жаттығып жатқаны туралы жазған едік.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде алғаш рет Олимпиада ойындарын бес бірдей телеарна тікелей эфирде көрсететін болады.

Олимпиада ойындарынан 21 қазақстандық журналист тікелей хабар таратады.


Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 656

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 657

Notice: Trying to access array offset on value of type bool in /var/www/zamandas.kz/data/www/zamandas.kz/wp-content/themes/zamandas_news/inc/libs/single_core.php on line 658

ПІКІР ҚАЛДЫРУ