Қазақстандық студенттер су тасқынын болжауға арналған жоба жасады

0
55
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Студенттер арасындағы республикалық хакатонда су тасқынын болжауға арналған жоба жеңіске жетті,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда универсиететінің студенттерінен құралған NeoNomad командасы Түркістан қаласында өткен Recodetau деп аталатын республикалық хакатонға қатысып, жеңіске жетті. Республика бойынша 18-25 жас аралығындағы 150-ге жуық адам қатысқан байқауда жастар бизнесті цифрландыруға бағытталған 8 тақырып және қосымша табиғи апаттар кезінде жедел әрі оңтайлы шешім шығаруға бағытталған жоба жасап, қорғады.

Байқау кезінде командамен ақылдасып, табиғи апаттар мәселесін шешуге арналған ReDabyl атты жобаны әзірледік. Бұл – су тасқыны секілді табиғи апат кезінде жұмыс істеуге арналған мониторинг және алдын ала болжаудың кешенді жүйесі. Жобаның басты міндеті – сенсорлар нақты уақыт режимінде өзен арналарының бойында орналасқан су деңгейін және басқа параметрлерді үздіксіз бақылайды. Су тасқынын көрсететін шекті мәннен асқан кезде сенсорлар автоматты түрде жауапты органдарға дабыл қаққан ақпаратты жібереді. Осылайша, мамандандырылған бригадаларды дәл қажет жерге жіберу арқылы жұмыс күшін азайтуға және автоматизациялауға көмектеседі. Бұл байқау бүгінге дейін жинаған тәжірибеміздің жемісі болды. Командалық жұмыстың арқасында 1-орын иеленіп, Үндістан мемлекетіне 10 күн тәжірибе алмасуға мүмкіндік алдық, – деді NeoNomad командасының жетекшісі Темірлан Әбжанов.

Елімізде ІТ бағыты қарқынды дамып, үздіксіз жаңа жұмыс орындарын ашатын саланың біріне айналды. Мемлекет басшысы ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде ІТ саласын серпінді дамытуға бағытталған жобалардың қолданысын кеңейтуді тапсырған еді. Бұл бағытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті белсенді еңбек етіп жатыр. Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының ұйымдастыруымен Startup Joly инкубациялық бағдарламасы, Innofest Kyzylorda республикалық инновациялық жобалар фестивалі, Smart city Hackathon облыстық хакатоны, Pecha Kucha night, Skills Up, Startup talapker, Kyzylorda Idea Battle атты жастардың білімі мен стартап жобаларын дамытуға бағытталған шаралар ұйымдастырылып келеді.

Қазір бизнес-инкубаторда 46 студенттік стартап орындалып жатыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ