Арғын Теміржанов: Жастардың белсенділігі мен жоғары қатысуы – референдумның басты ерекшелігі

0
12

15 наурызда өткен республикалық референдумда кең ауқымды қоғамдық бақылаудың ұйымдастырылуы және азаматтардың жоғары қатысуы бұл үдерістің ашықтығы мен айқындығын көрсетті. Бұл туралы «AMANAT» партиясының өкілі Арғын Теміржанов мәлімдеді.

 

«AMANAT» партиясында жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі жалпыұлттық референдум аясында жүргізілген қоғамдық бақылау жұмысының қорытындысына арналған брифинг өтті. Онда партия өкілдері республика бойынша жүргізілген ауқымды мониторинг деректеріне сүйене отырып, дауыс беру барысына талдау жасады.

 

Арғын Теміржановтың айтуынша, жалпы дауыс беру барысы жүйелі ұйымдастырылып, тыныш өтті. Спикер байқаушылардың өрескел заңбұзушылықты тіркелмегенін, ал орын алған жағдайлар негізінен техникалық мәселелермен немесе адами фактормен байланысты болғанын айтты.

 

«Халықтың жоғары азаматтық белсенділігі ерекше атап өтілді. Учаскелерде жастар көп болды, олардың арасында алғаш рет дауыс берген азаматтар да бар. Бұл жас ұрпақтың қоғамдық-саяси және ел үшін маңызды шешімдер қабылдау үдерістеріне деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді», – деді Арғын Теміржанов.

 

Сонымен қатар аға буын өкілдері де белсенділік танытты. Дауыс беруге ардагерлер мен егде жастағы азаматтар қатысты, олардың арасында жүз жастан асқан адамдар да болды. Партия өкілінің айтуынша, бұл азаматтық жауапкершіліктің жоғары деңгейін және қазақстандықтардың мемлекеттің болашағына бей-жай қарамайтындығын көрсетеді.

 

Сондай-ақ референдумды өткізуге дайындық деңгейінің жоғары болғаны атап өтілді. Сайлау учаскелері қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіліп, комиссиялар үйлесімді жұмыс істеді. Ал дауыс беру рәсімдері белгіленген талаптарға сәйкес өтті.

 

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Орталық референдум комиссиясы ел бойынша республикалық учаскелерде дауыс берудің алдын ала қорытындысын жариялаған болатын. Комиссия дерегінше, қатысу деңгейі 73,12%-ды құрады. Жалпы дауыс беруге 9 127 192 адам қатысты. Бұл азаматтардың жоғары белсенділігін және ел үшін маңызды шешім қабылдау үдерісіне деген қызығушылығын көрсетті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ