Қазақстанның айқын ұстанымы
Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясында ұйымның Еуропа кеңесімен ынтымақтастық туралы қарарын қолдады. Аталған құжатта Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынайтын тұсы бар. Негізі, Қазақстан екі елдің арасындағы қақтығысқа бейтарап позиция ұстанады. БҰҰ қарарына қатысты Сыртқы істер министрлігі ресми түсініктеме берді.
БҰҰ-ның аталған қарарына Қазақстан, Қытай, Армения, Грузия, Израиль, Үндістан, Бразилия және Түркияны қосқанда барлығы 122 ел дауыс берді. Резолюцияға Ресей, Беларусь, Сирия, Никарагуа және Солтүстік Корея қарсы болды. Ал Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстанды қосқанда 18 мемлекет қалыс қалды.
«26 сәуірде Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының жиынында «БҰҰ мен Еуропа кеңесінің ынтымақтастығы туралы» қарар қабылданды. Аталған резолюцияны БҰҰ 2000 жылдан бастап қабылдап келеді. Құжатта БҰҰ-ның өңірлік ұйымдармен ынтымақтастығы туралы айтылатын пункті бар. Бүгінге дейін осы бөлім еш дауысқа салынбастан қабылданып келді. Ал осы жылы дауыс беру өзгеше өтті. Биылғы резолюцияның осы бөлігінде «Ресейдің Украинаға және оның алдында Грузияға қарсы агрессиясынан кейінгі және Ресейдің Еуропа Кеңесіндегі мүшелігінің тоқтатылуына байланысты БҰҰ мен Еуропа кеңесінің ынтымақтастығының нығаюы туралы» деген цитата бар. Осы бойынша құжат авторлары Ирландия мен Исландия талқылау кезеңінде ресейлік әріптестерімен бір келісімге келе алмай дауласып қалады. Сондықтан Ресей делегациясы осы параграф бойынша бөлек дауыс беруді сұрайды. Нәтижесінде, 81 ел жақтап, 10 ел қарсы дауыс береді, 48 ел қалыс қалды. Осы қалыс қалғандардың ішінде Қазақстан бар», деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте.
Осылайша, Қазақстан екі ұйымның – БҰҰ мен Еуропа Кеңесінің ұстанымын ғана қолдады. Ал Ресей мен Украинаға қатысты өз позициясында қала береді.