Қазақстанның халықаралық сыр аренасындағы жеңісі – бәріміздің ортақ мақтанышымыз

0
23

«Бір ауыл – бір өнім» бастамасы табысты түрде жүзеге асып келе жатқанына он жылға жуық уақыт болды. Бұл жолы да ол өзінің тиімділігін халықаралық деңгейде дәлелдеді. Қазақстандық фермерлер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер Францияның Тур қаласында өткен әлемдік сыр байқауы Le Mondial du Fromage-де беделді марапаттарға ие болып, жаһандық қоғамдастықтың назарын өздеріне аударды.

Әлемдегі ең беделді сыр өндірушілер байқауларының бірінде қазақстандық қатысушылар 32 елден келген үміткерлермен бақ сынап, үш алтын, бір күміс және екі қола медальға қол жеткізді.

Алтын медальдардың бірін Көкшетаулық бес баланың анасы Эльвира Мұқашева иеленді. Эльвира үй жағдайында табиғи йогурт, айран және ірімшік өндіруден бастаған. Уақыт өте келе хобби кәсіби іске айналып, ол күніне 100 литрге дейін сүт өңдеді. Кейінірек мемлекеттік гранттарға ие болды — әуелі 1,4 млн теңге, одан кейін 5 млн теңге. Бұл қаражат тоңазытқыш жабдығын, сепаратор мен кәсіби ірімшік қайнататын қазан сатып алуға жұмсалды.

«Қазақстанды әлемдік деңгейде таныта алғаныма мақтанамын. Біздің еліміздің әлеуеті зор, әсіресе агросекторда», — деп бөлісті кәсіпкер.

Екінші алтын медальға Маңғыстаудан шыққан «Жеті лақ» фермасының негізін қалаушылар ие болды. Қобзевтер әулетінің фермасында пастерленген ешкі сүті, йогурт, айран, қаймақ, сүзбе және 12 түрлі ірімшік өндіріледі. Ай сайын мұнда 3,5 тоннаға дейін ешкі сүті өңделеді.

«Біз мемлекеттік гранттық бағдарламаларға және «Ауыл аманаты» сияқты бастамаларға белсенді қатысамыз. Мемлекеттік қолдаусыз ауылдағы агробизнесті дамыту өте қиын болар еді. Қазақстанның халықаралық сыр аренасындағы жеңісі – бәріміздің ортақ мақтанышымыз», — деді ферма өкілі Александр Григолов.

Үшінші алтын медальға Бурабай ауданы Қатаркөл ауылының тұрғыны Руслан Соколов өзінің авторлық «Бура» ірімшігімен қол жеткізді.

«Le Mondial du Fromage» маған ерекше шабыт сыйлады. Байқауға қатысу және әлемнің түкпір-түкпірінен келген ірімшік өндірушілерімен тәжірибе алмасу – баға жетпес мүмкіндік. Алтын медаль – бұл тек қуаныш емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік», — деп атап өтті Соколов.

Қазақстандық ірімшікшілердің жетістігі ауыл шаруашылығын қолдау, ұлттық өнімдерді насихаттау, ауыл кәсіпкерлерін ынталандыру және аграрлық экономиканы дамыту бағытындағы кешенді мемлекеттік саясаттың тиімділігін айқын көрсетті.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ