Қазақ тілі: Қайғысы қалың, қалтасы жұқа

0
114

Қазіргі қазақ тiлi дегенде қарама-қайшы екі жағдай ойға оралады. Бір жағынан, қазақ тілі – әлемде теңдесi жоқ телегей-теңіз ауыз әдебиетін жасаған, би-шешендердің көкірегінде дамылдаған, жауһар шығармаларды түйдек-түйдегімен туғызған ең бай, ең орамды, ең көркем тіл деп марқайып жататынымыз бар. Ал жалпы қазақ тілінің қоғамдағы қолданысы әлі күнге дейін көңіл көншітпейді. Егемендік алып, тәуелсіз ел болғалы 30 жылдан астам уақыт болса да, қазақ тілі әлі ақсаңдап тұр. Неге?

Мемлекеттік тіл мәселесі «тізесі шыққан» тақырыпқа айналғалы қашан. Тіпті, жазуға қолың бармай қысыласың. Көз көріп, құлақ естіген бұл мәселені жазсаң да, нәтиже жоқ. Алайда, әр елдің тілі мен діні, салт-дәстүрі болады. Оны қадірлеп-қастерлеу әр адамның міндеті. Ал «бізге жүктелген міндеттің жүгін жөнді арқалап жүрміз бе?» деген ой қылаң ете қалады. Иә, қазақ тілі мен қазақтың теңгесінің бағы ашылмай келе жатқанына біраз уақыт болды. Жасыратыны жоқ, тілге келгенде үркей қашып, орыс тілін қоштай кететін шенеуліктер мен қарапайым халықтың бәсі жоғары. Өйткені, ҚР Конституция бойынша мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен бірдей қолданылады. Мемлекеттік тілді білмегені үшін заңнамада ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Соның кесірінен бе әлі күнге дейін сан салада орыс тілінің бағы басым.

Мұның зардабы кеңес үкіметінен қалған десек, ең басты кемшілік өзімізден болып тұр. Себебі, бар кінәрат ұлттық сананың төмендігінен екенін мойындаған жөн. Қазіргі уақытта шенділер мен бизнесмендердің көбі қазақша сөйлейтін болса, тегіс жолдың өзінде сүрініп жатады. Мұнан бөлек, халық қалаулысы деген азаматтардың өзі ант қабылдау кезінде өзі сүрініп, тілі бүлініп қара терге түсіп жатады. Алдынғы жол осылай басталса, кейінгі жолда қандай үміт болуы мүмкін. Дәл қазіргі уақытта қазақ тіліне қағаз жүзіндегі статистика қажет емес, шынайы заңдар мен шаралар қажет. Қазақ тілінің орыс тілінен басым түсуіне ҚР Конститутциялық заңындағы орыс тілінің қазақ тілімен тең мәртебесін қайта қарап, өзгерістер енгізілгенде ғана, қазақ тілінің бәсі жоғарылай түсетін еді.

Өзге мемлекеттер тілге келгенде саясаты да, тәртібіде қатал. Мысал ретінде келтірсек, АҚШ пен Еуропада мемлекеттік тілден бөлек, сол жердің тарихы мен саяси жүйесі бойынша емтихан тапсыруды міндеттейді. Егер Финляндия азаматтығын алғыңыз келсе, фин немесе швед тілін біледі деген ресми құжатқа қол жеткізуіңіз керек. Тіл емтиханы 3-6 сағатқа созылады. Үміткер мәтінді түсіну, ауызекі әңгіме айту, жазу қабілеті, грамматика мен лексика сияқты дағдыларды игергенін дәлелдеуге міндеттейді. Ал, өзімізбен іргелес жатқан Өзбекстан парламенті осыдан 30 жыл бұрын қабылданған «Азаматтық туралы» заңды қайта қарап, маңызды өзгеріс енгізген болатын. Қабылданған жаңа заң өзбек тілін ауызекі деңгейде меңгермеген адамға Өзбекстан азаматтығы берілмейді. Көрші елдің бұл батыл қадамы біздің елдің билігіне қозғау сала ма? Жалпы, мұндай талап әлем елдерінде бұрыннан келе жатқан саясаттың бірі. Біздің елге де осындай темірдей тәртіп пен қатал талап қажет-ақ.

Осыдан бірнеше жыл бұрын экс-депутат Мұрат Бақтиярұлы: «Бағдарламаның жемісін жеген жоқпыз. Нәтижесін көрген жоқпыз. Бөлінген миллиардтар желге ұшты. Сонда бұған кім жауап береді? Өкінішке қарай, мемлекеттік тіл Қазақстанды мекен еткен 130-ға жуық ұлт пен ұлысқа ортақ тіл бола алмады. Мойындауымыз керек, осы кезге дейін тілді тұғырға қондырмадық» деп ашынған еді.
Рас-ақ. Тілге келгенде ақсаңдап қалатынымыз бар. Жалпы айтқанда, екі тілде сөйлеп, екі түрлі әлемде өмір сүретін ел – біз ғана. Қағаз жүзінде ала тауды айырып, қара тауды қайырып, бүкіл жұмысты тап-тұйнақтай етіп жатқан тағы біз ғана. Статистикадан бас көтеріп, айналаға ой көзімен қарасақ, көңіл көншітер нәтиже байқалмайды. Осы ретте, Шерхан Мұртазаның қазақ тілін жұмыс істемейтін «бездельник» тілге теңегені еске түседі. Баяндамасын «қайырлы күнмен» ашып, «рақметпен» жауып, ортасында «баршаға түсінікті орыс тілінде» көсілетін, қазақшаға келгенде тегіс жерде сүрінетін шенеуніктердің саны мен түр сипатын әлеуметтік желі айқындап қойған.

P.S. Қазіргі қоғамда тіл тағдырына алаңдауға толық негіз бар. «Айғайлай-айғайлай қасқырдан ұят болды» дегендей, қазақ тiлiнiң жанашырлары көбірек қаржы бөлуді, қоғамда қажеттілік тудыруды талап еткелі қашан. Ұлт пен ұлысты ұйыстырып, біріктіретін – қазақ тілі. Сондықтан ұлтымыздың ана тілін әрдайым құрметтеп-қастерлеу әр адамның борышы мен міндеті! Азаппен жеткен азаттық, қазақта қалған – қазақ тіл!

Дархан БАЙТІЛЕС

ПІКІР ҚАЛДЫРУ