Қазақы брендтің құтын қашырмайық

Жалпы қазақ бұрыннан жауынгер көшпелі халық. Тиісінше оның дастарқаны да динамикалық өмірге бейімделген. Яғни тез әзірленеді. Біле білсеңіз, қазақ сүттен 35 түрлі тағам дайындайды екен. Соның ішінде 5 минутта дайындалып, 5000 жылға дейін сақталатын тағамдары да бар. Ол – мынау омырауына он кісі отын жарып, білек күші бір атанды жығатындай батырлар жейтін кәдуілгі құрт. Иә, шұбат, қымыз, айран, құрт, сүт сынды дәмі тіл үйіретін өнімдерді өзіміз түгіл өзге елдің тұрғындары да тамсанып жейтіні анық. Бір сөзбен айтқанда бұл өнімдер – сан ғасырлардан сүзіліп өткен қазақтың нағыз ұлттық дәмі.
0
326
Қазір осы сұранысқа ие өнімнің дайындалу барысын, сапасын көріп қарның ашады. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ арамызда ұлттық құндылықтардың жадауланғанын көріп, жан ауыртпайтындар кездеседі. Тіпті олар бұрынғы дәмін, қалпын жоғалтып жатыр десек, артық айтпағандық болар.
Жасыратыны жоқ, адам ағзасына жағымдылығымен алға озған құрттың құтын қашырып болдық. Ол оның қасиетінің азайғаны яки оған деген сұраныстың төмендегенінен емес, мәселе пайдакүнемдердің құртқа не болса соны қосатындығында. Бүгінде базарда сатылатын құрттың дәмі өзгерген. Сатып алайын десең, түрі сүйкімсіз. Жеп көрсең, борт-борт етеді. Сөйтсек, оның салдары белгілі болды. Сүйсініп жейтін құртымызды ұнға шылайды екен. Көлемі барынша көбейіп, әп-сәтте салмағы ауырлап шыға келетін құрттан түсетін ақша да мол болмақ. Мұндай әрекетті көріп, адамнан айла артылған ба дерсің?
Ол ол ма, шұбаттың, айран мен сүттің, қымыздың да қадір-қасиетін жоғалтудамыз. Еңбектеген бала мен еңкейген қартта осы сусындарды сүйсініп ішеді. Бұл жерде төрт түліктен алынатын қазақы брендтің қасиетін айтып тауыса алмаспыз, сірә. Алайда кез келген ауруға ем болған, шипа болған сусындарға су қосып сатылымға шығаратындарды көріп, көңілің көншімейді. Осыдан барып тұрғындар табиғи сүттің орнына, қорапшадағы «пастерленген» сүтті тұтынғанды құп көреді. Бірақ оның өзіндік зияны да баршылық.
Сүт одағының мәліметінше, қазіргі таңда отандық сүт және сүт өнімдері халықты сапалы өніммен толық қамтамасыз ете алмайды. Өндірілген шикізаттың тек 1\3 бөлігі өнеркәсіптік қайта өңдеуден өткізіледі. Отандық кәсіпорындар қапталған сүт өнімімен тұтынушы қажеттілігінің 27%-ін ғана қамтамасыз етеді. Бүгінде сүт және сүт өндірісінің 90%-і үй шаруашылығында өндіріледі. Сол себепті ең алдымен өнеркәсіп кәсіпорындарына шаруадан алатын шикізаттың сапасын жоғарылату үшін бағасына, тасымалдау құнына, тапсырыс уақытына келісімді алдын ала жасаудың маңызы зор. Негізінен үй шаруашылығында өндірілетін қазақстандық сүт сапа стандарттарына жауап бермейді. Жеке үй шаруашылықтарындағы сүт өндіру ісін басқару қиын. Еліміздегі сауын сиырдың 90%-і жекенің қолында. Олардың санитарлық нормаға сай, сапалы өнім өндіруін бақылау өте қиын. Осы жайт та саланың аяғынан тік тұрып кетуіне қолбайлау болып тұрғанын мамандар жасырмады.
Өнімнің сапасы турасында әңгіме қозғалған соң, бақша өнімдерінің сапасына тоқталған жөн болар. Жаз – қарбыз-қауынымен қымбат. Иә, жаз келсе бітті базарлар мен аудан көшелерінде бақша өнімдерінің, оның ішінде қарбыз-қауынның саудасы қызады. Күннің шіліңгір ыстығында шөліңді басып, дәмі таңдайыңа тұрақтайтын қарбыз бен қауыны теңкиіп-теңкиіп жататын кішкене дүңгіршектер көбейеді. Өздеріңіз білетіндей, еліміздің оңтүстік аймағы қауын-қарбызды өз мерзімінен бұрын маусымның соңында-ақ ауызға салып үлгереді. Бірақ ертемен пісіп жетілген бақша өнімінің сапасы, құрамы көңілге қонбайды. Химиялық қоспа беріп өсіретіндері де бар. Олай ерте пісетін бақша өнімі адам ағзасына қаншалықты пайдасы болғанымен, қарапайым тазалықты сақтамасаңыз, ауырып қалуыңыз әбден мүмкін. Мәселен, таңдаған кезде бәріміздің де қарбыздың ақшылын алып қалмас үшін, тексертетін әдетіміз бар. Ал сатушы түрлі қалыпқа салып, әдемілеп тіліп көрсете қояды. Алайда кескен адамның пышағы да, қолы да таза екеніне кім кепіл? Ал мамандар түрлі ішек инфекцияларының алдын алу үшін қарбызды бұлай тексеруге үзілді-кесілді қарсы.
Сонымен қатар мүмкіндігінше әр көшенің бұрышында жерде үйіліп жатқан қарбыздарды сатып алмауға тырысыңыз. Өйткені қарбыздың сыртқы қабығына шаң-тозаң тұрып қалады. Әрі жол бойында жатқан қарбыздардың автокөліктерден шығатын улы газдағы ауыр металдарды сіңіріп алуына бірнеше сағат қана жетеді екен. Ал егер қарбызды сатып алған екенсіз, үйге келгеннен кейін оны жақсылап жуып, сүртіп тазалау қажет. Әйтпесе, мұндай қарбыздар жұқпалы ішек ауруларын тудыруы әбден мүмкін. Піскен қарбызды дұрыс таңдап алу үшін әуелі оны сатып алудың дәл уақытын білу керек. Тамыз-қыркүйек айлары – оның өз күшімен, еш нитратсыз пісіп-жетілетін кезеңі.
Дәрігер-диетологтар күздің алғашқы айында қарбыздың көмегімен денсаулықты біраз түзеп алуға да болады деп есептейді. Қарбыздың адам денсаулығына пайдасы көп. Мысалы, қарбыздың құрамында магний өте көп болғандықтан, ағзаға қажетті бір күндік магнийді бар-жоғы 150 грамм қарбыз қамтамасыз ете алады екен. Сондықтан артериялық қан қысымы бар жандарға оны ас мәзіріне міндетті түрде қосуы керек. Сондай-ақ жүрек-қантамырлары ауруларына шалдыққандарға да өте пайдалы. Себебі қарбыз адам бойындағы холестеринді шығарады.
Біздің айтпағымыз, қандай өнім болсын оның қалыбын бұзбай, адам денсаулығына зиянын тегізбейтін етіп өсірсек екен. Өйткені бірінші байлық – денсаулық.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ