ҰБТ форматы мен сұрақтар мазмұны өзгереді

0
222

(Фото: ult.kz сайтынан алынды)

Келесі жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматқа көшіріледі. Сонымен қатар жаңа сипатта сұрақтар даярлайтын мамандар оқытылады. Аталған жаңашылдықпен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҰБТ-ға қатысты екі проблема бар. Алдымен сұрақтардың маңызы. Шынын айту керек, оның сұрақтары формалды. Адамды ойлауға және оның ойлау қабілетін тексеруге емес, жаттауға бағытталған. Бұл мәселені қалай шешпекпіз? Бүгінде Кембридж университетімен бірлесіп ҰБТ сұрақтарын түбегейлі түрде өзгертіп жатырмыз. Биыл 350 тест даярлайтын маман оқытылып, сертификациядан өтеді. Олар 5 мың жаңа сипаттағы сұрақтар әзірлейді. Жаңа форматтағы тест сұрақтары SAT (Scholastic Assessment Test) халықаралық емтиханына ұқсайды. Ол жерде алдымен баланың ойлау қабілеті назарға алынады»,- деді Саясат Нұрбек тілші Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, аталған форматты бірден енгізуге болмайды, алдымен балаларды дайындау қажет.

«Осылайша келесі жылдан бастап ҰБТ-ның сұрақтарының мазмұны мен оның форматы өзгереді. Енді әділ өткізу мәселесіне келсек, өткен жылдан бастап ҰБТ-ны өткізуге жеке компания жауапты. Жекеге берудің оң тұсы бұрын министрлік жауапты болғанда Бәке, Сәке деп хабарласатын. Енді хабарласса біздің құзыретімізде емес, жеке компанияның жауапты екенін айтамыз», – дейді ведомство басшысы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ