Қазақы ит тұқымы: тазы мен төбет

0
78

ҚазҰУ ғалымдары ежелгі ит тұқымдарының деректер базасын құрды

2023 жылы 20 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақтың ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды. Бұл жөнінде Президент «Құмай тазы – ерекше жануар, қазақтың жеті қазынасының бірі.

Біз тазы мен төбетті халықаралық деңгейде кеңірек дәріптеуіміз керек. Сыртқы істер министрлігі де міндетті түрде атсалысуы қажет. Тазыға ерекше күтім, қамқорлық керек. Бұл маңызды іс кәсібилікті талап етеді. Сол үшін арнайы заң қабылдадық» – деп атап өткен болатын.

Бүгінгі күні Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары «AP14869303 – Қазақстанның ежелгі және қазіргі мәдениетіндегі қасқыр мен иттің рөлін этнозооархеологиялық зерттеу» тақырыбында іргелі ғылыми-зерттеу жұмысын іске асыруда. Жобаның ғылыми жетекшісі – ҚазҰУ Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Қартаева. Қазіргі таңда ежелгі ит тұқымдарына қатысты деректер базасы құрылды.

Жоба аясындағы археологиялық қазбалардан табылған тазы ит сүйектеріне палеозоологиялық, зооархеологиялық лабораториялық зерттеулер жасалуда: Деркум 1 – энеолит; Түрген 1 – б.э.д. 4-3 ғғ, ерте темір дәуірі; Сортөбе – б.э. 8 ғ.; Арна – б.э. 12 ғ.; Қастек – б.э. 11-12 ғғ.; Бозоқ – б.э. 11-12 ғғ.; Күлтөбе – б.э. 18-19 ғғ. Сараптамалық лабораториялық зерттеуге жауапты шетелдік жоба орындаушылар П.А.Косинцев, Гермес Тейлор. Иттердің дүниежүзілік деректер базасына, Халықаралық кинология базасына «тазы» кадастрын енгізу бойынша «Қазақстанның ежелгі тазылары бойынша археологиялық анықтама» (Археологические свидетельство о древних борзых Казахстана) құжаты жасалды.

Құжат авторлары шетелдік жоба орындаушылар, университеттің «Археология және антропология» ғылыми-зерттеу институты мамандары: Рената Сала, Жан-Марк Деом. Алматы облысы – Аққайнар, Бөрішолақ, Мәтібұлақ, Еспе, Қарашағыл; Жамбыл облысы – Қаратау таулары, Құлжабасы, Долаңқара, Қушоқы; Қызылорда облысы – Сауысқандық шатқалдарындағы петроглифтерден жаңа тазы бейнелерін табылып, тіркеуге алынды. Жартастағы тазы бейнелеріне статистика, ғылыми интерпретация жасау жалғасуда. Жаңа петроглифтік бейнелерді іздестіру жалғасуда. Этноархеологиялық, этнографиялық зерттеулер нәтижесінде «тазы тарихи-этнографиясы» жасалды.

Жоба орындаушы жас ғалым Бағашар Қожахметовке «Қазақ дүниетанымындағы ит культі: генезисі мен тарихи-мәдени сабақтастығы» атты PhD диссертация тақырыбы бекітіліп, диссертациялық жұмыста «тазы тарихы» жазылуда. (8D02221 – этнология және антропология мамандағы). Жобаны орындаушы ҚазҰУ ғалымдарының ұсынысымен «Қазақы ит тұқымы: тазы мен төбет» атауы Қазақстанның «Материалдық емес мәдени мұрасы Ұлттық тізіміне» және «Қазақстанның Ұлттық бренді» тізіміне енгізіліп, құжаттамасы жасалды. «Қазақстан және Орталық Еуразияның ежелгі және қазіргі азулылары» атты ұжымдық иллюстрациялы ғылыми кітап және музейлік көрме әзірленуде.

Сонымен ғалымдар – Т.Қартаева, Рената Сала, Деом Жан-Марк, А.Бейсеғұлова, Б.Қожахметов «Қазақы тазы тұқымын өсіру және қорғау» бойынша Ұлттық комиссия құрамына енгізілді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ