Бұл – өңірдегі алғашқы ет бағытындағы құс фабрикасы

Атырау облысына жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бірқатар агроөнеркәсіптік нысандарды аралап, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен танысты.
2025 жылдың шілде айында өңірде «Atyrau Chicken» ЖШС-нің құс фабрикасы іске қосылады. Ет бағытындағы бұл кәсіпорын жылына 5 000 тоннаға дейін құс етін өндіруге қауқарлы. Жобаның жалпы құны – 9,9 млрд теңге. Бүгінде нысанның дайындық деңгейі – 100%. Төрт құс қорасы мен құрамажем зауыты салынған, ал қасапханада іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Еліміздің құс етіне деген қажеттілігі 79% қамтамасыз етілген. Бұл – өңірдегі алғашқы ет бағытындағы құс фабрикасы. Осындай жобалардың арқасында екі жыл ішінде бұл тапшылықты толықтай жаба аламыз», — деді министр.
Айдарбек Сапаров сондай-ақ «Сарайшык» ЖШС-нің мал шаруашылығы кешенінде болды. Мұнда сүт және ет өнімдерін өңдеу жүзеге асырылады. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы – жылына 80 тонна ешкі сүті, 22 тонна йогурт және 15 тонна ірімшік өндіруге мүмкіндік береді. Өнімге жергілікті халық арасында сұраныс жоғары.
Бұдан бөлек, шаруашылықта жылына 40 тонна лимон жинайтын лимонарий жұмыс істейді.
Министр «Карат» ЖШС-нің қызметіне де ерекше назар аударды. Оның құрамына «Дәулет Нан» нан зауыты, макарон цехы, ұн тарту диірмені, «Карат» консерві цехы және «Дәулет Су» ауыз су шығару цехы кіреді. Барлық өнім отандық және халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.
Атырау облысы АӨК инвестициялық жобаларының Жол картасына сәйкес, 2025–2027 жылдар аралығында жалпы құны 48 млрд теңгені құрайтын 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның алтауы биыл іске қосылады.
Мемлекет үшін басым бағыттардың бірі – балық шаруашылығын дамыту.
Министр «А-Дана» шаруа қожалығындағы балық өсіру шаруашылығына барды. Мұнда 2025 жылдың маусым айында жабық сумен жабдықтау жүйесі бар ферманы іске қосу жоспарланған. Оның қуаттылығы – жылына 130 тонна тауарлы балық және 15 млн бекіре шабақтарын өсіру. Жоба ұрықтандырылған уылдырықты сатып алуды, инкубациялауды, шабақтарды өсіріп, жетілдіруді көздейді.
Министр барған тағы бір нысан – «Caspian Royal Fish» кешені. Мұнда бекіре балықтарын өсіру және жабық жүйеде уылдырық өндіру жұмыстары жүргізілуде. Кешеннің қуаттылығы – жылына 100 тонна балық және 1 тонна уылдырық.
Сапар аясында министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңғыртылып жатқан Атырау бекіре балық зауытының жұмысымен де танысты.
«Жанаталап» және «Еркінқала» учаскелері бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобада «Курин типіндегі» қашыртқыны, су тартқыш құбырларды және екі қыстақ тоғанын салу, сондай-ақ су сорғы станциясын күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Жаңғыртудың бірінші кезеңін 2025 жылғы қарашада аяқтап, екінші кезеңін осы жылдың қыркүйек айында бастау жоспарланған.
Сонымен қатар, министр бекіре тұқымдас балық шабақтарын қолдан көбейту жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда жылына 5 млн шабақ өсіріледі.
Айдарбек Сапаров құрылыс-монтаж жұмыстарын күнделікті бақылауға алып, барлық жаңғырту кезеңдерін сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, жыл сайын балық шаруашылығы су айдындарында шамамен 15 мың тонна балық ауланады. Тауарлы балық өсірумен 5 шаруашылық айналысады. Олар 2024 жылы 373,6 тонна тұқы және бекіре тұқымдас балық өсірген.