Бұл жүйенің артықшылығы – балалардың жеке тұлғасын сақтау

0
10

Астана қаласындағы №113 жалпы орта «Келешек» мектебінде инновациялық биометриялық жүйе іске қосылды. Бұл – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оқу процесін тиімді ұйымдастыру мақсатында енгізілген жаңа технологияның бір түрі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Alaqan» жүйесі мектепке кіру, шығу және асханаға кіруді бақылаудың жаңа тәсілі ретінде құрылды. Бұл жүйе оқушылардың алақандарын сканерлеу арқылы жұмыс істейді. Әр оқушының алақан сипаты арнайы цифрлық жүйеге тіркеледі, және олар мектепке кіріп-шығу кезінде немесе асханаға кіргенде, тек алақандары арқылы ғана тіркеліп өтеді. Бұл әдіс оқушылардың қауіпсіздігін арттырып, мектеп аумағында тәртіпті сақтау үшін маңызды қадам болып саналады.

«Бұл жүйенің артықшылығы – балалардың жеке тұлғасын сақтау. Оқушылардың бет бейнесі түсірілмейді, тек алақаны арқылы ғана мектепке кіріп-шыға алады. Бұл әдіс балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және бізге технологияның заманауи талаптарына сай жұмыс істеуге жол ашады», – дейді мектеп директоры Сауле Қайырбекқызы.

Айта кетейік, бұл жүйе оқушылардың мектепке кіру уақытын нақты тіркеп, олардың қауіпсіздігін қадағалауға мүмкіндік береді.

Ата-аналар жүйе арқылы қашықтан оқушылардың мектепке кіріп-шығуын бақылай алады. Оларға оқушылардың қанша уақытта мектептен шыққаны туралы ақпарат ұсынылады, бұл ата-аналардың балаларын бақылап отыруына мүмкіндік береді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ